“Спартак” стадионында өткен тең ойын

28.04.2024, 19:32

Бүгін, 28 сәуір, семейлік “Елімай” өз алаңындағы кездесуін “Спартак” стадионында өткізуге мүмкіндік алды. Айта кетейік, бұған дейін Андрей Карпович шәкірттері ішкі чемпионат ойындарын Павлодарда өткізіп келген болатын. 

“Спартак” стадионында өткен тең ойын

2022 жылы қайта құрылып екінші тынысын ашқан “Елімай” Бірінші лигада бір маусым өткізіп ҚПЛ сағынышпен қайта оралды. Семейлік ұжым жоғарғы дивизиондағы алғашқы кездесуін “Атырауға” қарсы өткізді. Өз алаңындағы ойын деп айтқанымен, “Елімай” қарсыласын Алматыдағы Орталық стадионда күтті. Бұған себеп, Семейдегі “Спартак” стадионының Премьер-лига стандарттарына сәйкес келмеуінде. Сондықтанда “жасылдар” оңтүстік астанамызда қонақтауына тура келді. Алайда соған қарамастан, өз командасының ішкі чемпионаттағы алғашқы матчын бірнеше шақырымды артқа тастап тамашалауға келген көрермен қауымның қарасы көп болды. Жанкүйерлердің ыстық қолдауы болар “Елімай” сапалы легионерлермен жасақталған “Атыраумен” тең тарқасты 0:0. Семейлік ұжым осы кездесуден кейін Премьер-лигадағы 2 ойынын сырт алаңда өткізді. Осылайша наурыз айын 3 кездесумен аяқтаған “Елімай” сәуір айына қадам басты. Жаңданған лига күнтізбесіне сәйкес, “жасылдар” ішкі чемпионат ойынын өз алаңында өткізетін кезекке келді. Стадионында әлі де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан “Елімай” бұл жолы көршілес Павлодарда өз алаң кездесулерін өткізуге рұқсат алды. Турнир басталысымен жеңілістен көз ашпаған “Қайсардан” басым түсу Андрей Карпович жігіттеріне қиынға соқпады. 1:0 есебімен жеңіске жетседе, “Елімай” қоржынға кезекті 3 ұпайды салды. Кезекті дейтініміздей бар. Аталған ойынға дейін “жасылдар” Бабаянның “Астанасын” дәл сондай есеппен тізе бүктірген еді. Оны да айта кетейік. Арада бір аптадан астам уақыт өткен соң “Елімай” Қазақстан Кубогынде “Шахтерден” жеңісті жұлып әкетті. Жас ойыншы Иван Свиридовтың 87 минутта соққан голы Семей футболшыларын келесі кезеңге өткізді. Тартысқа толы ойын 21 жастағы аяқдопшы көзге түспегенге дейін 1:1 есебімен өріліп келе жатқан болатын. Бір қызығы, “Елімай” өз алаңындағы өткізген 4 кездесуде де мүлдем жеңіліс таппаған. ҚПЛ басталған сәтте “жасылдар” “Атыраумен” тең түсті. Қалған “Астана” мен “Шахтерге” қарсы ойында Карпович шәкірттерінің асығы алшысынан түсті. Жалпы байқампаз оқырман болсаңыз, мұнда тек үш кездесу ғана деп ойлауыңыз мүмкін. Команданың өз алаңында өткен төртінші жеңіліссіз ойыны жайлы төменде тарқатпақшымын. 

ҚПЛ экс-чемпионы “Ордабасыға” қарсы 6-тур кездесуі “Елімай” үшін аса маңызға ие болды. Себебі, “жасылдар” Семейдегі “Спартак” стадионына қайта оралды. 11 сәуір күні арнайы қызметкерлер клубтың спорттық нысанын қайта тексерістен өткізді. Нәтижесі мамандардың көңілінен шықты. Сол себептен “Елімай” өз стадионында ойын өткізуге рұқсат алды. Жағымды жаңалықтан хабардар болған команда “Ордабасыға” қарсы кездесуге бірнеше күндер қалғанда Семей жанкүйерлеріне үңдеу жасады. Онда “Елімайдың” “Спартак” стадионына қайта оралатындығы жайында сөз қозғалды. Бұл жаңалықты “жасылдар” фанаттары қуана қарсы алды. Стадион ішінде думандатуға дайын отырған жанкүйерлер аталған ойынды асыға күткендерін жасыра алмады. Ақыры өз дегеніне жеткен фанаттар матчқа ерте келіп, өз командасының ойыншыларын жылы шыраймен қарсы алды. Жанкүйерлер үшін футболшылардың “Спартак” алаңында доп теуіп, дене қыздырғандарының өзі қызыққа толы болды. Осындай керемет атмосферада көптен күткен ойында басталды. Стадион трибуналары лық толы. Қазақ футболының отаны саналатын Семей жұртшылығы үшін бұл тарихи сәт. Сондықтанда осы бір жағдайда командамен бірге болғысы келген 8000 мың жанкүйер ине шаншар жер қалдырмады. “Елімайлап” ән салған фанаттардың қолдауы өз әсерін ұзаққа жеткізбей берді. Матчтың небәрі үшінші минутында қапталдан жасаған шабуылын Семей футболшылары сәтті түйіндеді. Сада Тиуб өз командаластарынан кері серпілген допқа бірінші жетіп, алғашқы соққыға алданып басқа бағытқа секірген Бекхан Шайзаданы қапы қалдырды. Есеп 1:0. Жалпы жергілікті жанкүйерлердің қысымына қарамастан, “Ордабасы” “Елімайға” жылдам жауап қайтарды. Шымкенттік ұжымның Асхат Тағыбергенмен қоса, маэстро тандеміне айналған Бауыржан Исламхан қарсылас ойыншысын өзіне қарай тартып, жалған қимылмен Дембо Дарбоны “жасылдар” қақпашысы Денис Кавлиновпен бетпе-бет шығарды. Шайнап берген нәрсені жұтуы қалған Дембо сасқалақтамай өзіне тиесілі жұмысты голмен түйіндеді. Матчтың бірінші таймы 1:1 есебімен аяқталды. Кездесудің екінші бөлігінде атап айтарлықтай сәттерді жанкүйерлер көре алмады. Шабуылға шыққан сәтте қос команданың аяқдопшылары “Спартак” стадионының алаңына шалынысып жатты. Ол-олма жергілікті ойыншылардың өзі жасыл алаң сапасының төмендігіне орай, командаласының қарапайым пасында қабылдай алмай жатты. Ойдым жерлері бар стадионда жасалған соққылардың көбінің қиыс кетуі де ойлантарлық жайт. Не болсада ойын достық мәнерде аяқталды. “Спартакқа” жиналған қауым командасының экс-чемпиондарға қарсы сес көрсете алатынына көзі жетті. 

Айта кетейік, алдағы уақытта Семей шаһарында жаңа стадионның құрылысы басталмақ. 10 мың орындықты қамтитын архитектуралық нысан 20 ғасырдың 60 жылдарында салынған “Елімайдың”  “Спартак” нысанын алмастырмақ. Жоба жоспары бойынша жаңа стадион УЕФА-ның 3 категориясына сай келуі тиіс. Жалпы спорттық нысанның құрылысына 12 млрд теңге жұмсалады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 15
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×