ALADOP.KZ
Сараптама

Басты проблема – бас бапкер

0 4

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Достастық кубогы» турнирі аяқталды… Өкінішке қарай, Қостанайдың «Тобылы» үшін. Топтық кезеңнен аса алмаған қостанайлықтар елге масқара болып оралды.

Негізі, «Достастық кубогы» туралы кө­лемді мақалаларды қаңтардың 23-іне де­йін, яғни турнир аяқталғанша жазамыз деген дәме болған. Алайда «Тобылдың» сүреңсіз ойындары бұл ойымызды жоққа шығарды. Үш ойынның біреуінде жеңіп, бі­ре­уінде тең түсіп, біреуінде жеңілген «То­был» небәрі 4-ақ ұпай жинап, турнирді ерте аяқтады. Бұл топтан Латвияның «Скон­тосы» мен Арменияның «Микасы» ши­рек финалға жолдама алды.

Жалпы, өткенге қайта көз жүгіртіп қа­ра­сақ, жерлестеріміз Өзбекстанның «Бу­нед­­корының» қосалқы құрамын әзер ұтып, Армения чемпионатында төртінші орын алған командамен тең түсіпті. Ал бас­ты қарсыласы саналған Латвияның «Скон­тосынан» 0:3 есебімен ойсырай ұтыл­ды. Иә, «масқара» деп осыны айт! Бү­кіл Қазақстанның атынан аттанған командамыз топтық кезеңде-ақ тоңқалаң асты. Ша­мамыз тек өзбектердің қосалқы құ­ра­мы­на ғана жетті. Арменияның төртін­ші клубын жеңе алмадық. Шынын айтсақ, ба­сында армяндарды менсінбеген де болатынбыз. Топтың аутсайдері санап, санат­қа алмағанбыз. Ал олар бізді жерге бір-ақ тү­сірді. Сондай-ақ «Сконтоның» да үш голы жанкүйерлер үшін ауыр тиді. Құдды бір, біреу бетімізден шапалақпен салып-салып жібергендей қабылдадық бұл голдарды. Ал матч соңындағы баспасөз мәс­ли­хатында «Тобыл» жаттық­ты­рушысы Равиль Сабитов: «Таблодағы көрсеткіш матч­­тың шынайы келбетін көр­сет­кен жоқ», – деп ақталыпты. Жарайды, солай-ақ болсын, бірақ футбол статистикасында көр­сет­кен ойын емес, соғылған голдардың есеп­ке алынатынын неге естен шығарып ала­мыз?! Бәрінен де басқа елдердің «То­былдың» ойынына қарап, Қа­зақстан чемпионатына баға беретіні жүректі ауыртады. Егер «Бунедкор» сияқты қосалқы құрамды жібергенде, бәлкім, түсіністікпен қарар ма еді?! Немесе армяндар секілді бізге де Санкт-Петербургке ел біріншілігінде жүлдеге ілікпеген ұжым­дар­дың бірін жібере салу керек еді. Тым бол­маса, «Қа­зақстан чемпионы сүреңсіз өнер көр­сетті» де­ген мас­қа­ра­лықтан құты­лар едік.

Сонымен, «Тобылдың» сәтсіздігін кім мойнымен көтереді екен?! Бұған кімді кі­нәлаймыз?! Бұл тұрғыда әркім әртүрлі пі­кір айтып-ақ жатыр. Бірі «былтырғы чем­пиондық құрамның біразы кетіп қал­ды. Командада Нұрбол, Азат, Фар­хад­бек­тердің бірі де жоқ» десе, бірі «команда енді жасақталып жатыр. Құрамындағы жаңа ойыншылар бір-біріне үйренісіп үлгерген жоқ» деп өз ойларын айтуда. Бірақ, байыптап қарасақ, басты проблема бас бапкерде сияқты. Егер бас бапкер білікті, тәжірибелі болғанда, «Тобылдың» құрамы ыдырап кетпес еді. Нәтижесінде, негізгі құрам бұзылмаған қазыдай сақ­талып, «Достастық кубогында» сәтті өнер көрсетер едік. Естеріңізде болар, өткен жылы «Тобыл» футболшылары төбелесіп қа­лыпты» деген әңгіме шыққан болатын. Міне, егер Сабитовтың біліктілігі жоғары болса, клуб ішінде мұндай шу ым-дымсыз-ақ шешілер еді. Сіздерді қайдам, өз басым «Тобылдың» бұрынғы футболшыларының Сабитов туралы жылы пікір білдіргенін бірде-бір рет естімеппін, оқымаппын да. Қайта көбісі «отставкаға» кеткен Халимжан Ержановтың сөзін сөйлеп жүргенін білесіздер. Демек, егер «Тобыл» бас­шы­лығы биыл биік жетістіктерге жетіп, Чемпиондар лигасында масқара болмауды көздесе, бас бапкер жайлы ойланғандары дұрыс-ақ. «Достастық кубогында» мас­қара қылған Сабитов Чемпиондар лигасында абырой әпермес.

Енді Санкт-Петербург спорт кешенде­ріне қайта оралсақ… Кеше Ресейдің батыс астанасында турнирдің ширек финалдық ойындары өтті. Белоруссияның «Шахтері» Украинаның «Динамосымен» кездесті. Лат­вияның «Сконтосы» Тәжік­стан­ның «Ис­тиклолынан» емтихан қа­был­дады. «Фин­ляндияның «ХИК» клубы Ре­сей­дің «Зе­нитімен» шеберлік байқасса, «Әзір­бай­жанның «Интері» мен Арме­ния­ның «Ми­касы» қай мықтыны анықтады. Ен­ді ертең жартылай финал өтіп, 23-і күні ТМД-ның екі мықты командасы бас жүлдені сарапқа салады.

Автор: Әзиз Жұмаділ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*