ALADOP.KZ
Шолу

Команданың бағы да, соры да – бас бапкер

Қандай да бір команданың жетістікке жетіп, тіпті чемпион атанып жатуы, біріншіден, бас бапкерге байланысты екені белгілі. Яғни ескінің мақалын жаңа заманға сәйкестендіріп, «Білікті бапкер әлсіз команданы мықты етіп, мықты коман­да­дан чемпион жасайды. Ал біліксіз бапкер мықты команданы әлсіз етіп, әлсіз команданы мүлдем жоқ қылады» деп өзгертуге болатын сияқты. Ендеше, бүгінгі тақырыбымызда футболдан Қазақстан премьер-лигасы клубтарын жаттықтыратын бас бапкерлердің әлеуетін сараптап көргеніміз артық болмас.

Қазақстан премьер-лигасында бар­лығы 12 команда өнер көрсетеді дейтін бол­сақ, солардың тең жартысы қысқы мау­­сым­ара­лық үзілісте бас бапкерлерін ауыстырыпты. Сондай-ақ 12 бапкердің жетеуі шетелдік екенін де айта кеткеніміз артық болмас. Ал енді жоғарыдағы мақалымыздың мәнін ашып, бапкерлердің әлеуетін сараптап көре­лік.

«Ақтөбе» футбол клубының бапкері туралы дәл қазір теріс пікір айта алмаспыз. Оның үстіне, клубтың әлеуетін ескеріп, Вла­димир Мұқанов команданы Еуропа лигасында біраз жерге апара алады дей аламыз. Сондай-ақ «Ертіс» клубының бас бапкері Талғат Байсуфинов пен Өскеменнің «Востогын» жаттықтыратын Вахид Масу­дов­ты да «тексерілген» мамандар қатарына жатқыза аламыз. Бұлар қазақ топырағында да дарындарды баптай алатын футбол мамандары аз емес екенін дәлелдеген. Десек те, егер «Востоктың» ойыны жүрме­се, Вахид Масудов көп ұзамай орнынан алынуы да ғажап емес. Алайда бұдан да әлсіз командаларды үздіктер қатарына қос­қан Вахид Масудов үшін өскемендік клуб­ты жаттық­ты­ру ауыр соғады демес едік.

Ал Холгер Фахтың арманы жоқ шығар. Қарамағына еліміздің кіл мықтыларын жинаған неміс биыл елордалықтарға бас жүлде әперуі тиіс. Дегенмен Фах өткен маусымда да өзін жақсы қырынан көрсете алған болатын.

Равиль Сабитов. Нағыз сынақ, міне, осы бапкерді күтіп отыр. Өткен жылы «То­был­мен» бірге ел чемпионы атанға­ны­мен, команда ішіндегі бүлікті баса алмады. Фут­бол­шыларының басын бір қазанға біріктіре алған жоқ. Бұл бапкер биыл жыл соңына дейін клубта қалуы да, Чемпиондар лига­сынан кейін орнын босатуы да ғажап емес. «Таразды» қолына алған Ваит Талғаевтан не күтерімізді білмейміз. Ресейдің «Тере­гін» абыроймен жаттықтырған Талғаев «Жетісуды» жетістіре алған жоқ. 2008 жыл­ды алтыншы орынмен аяқтаған тал­ды­­қорғандық клубты 2009 жылы 5-орын­ға көтеріп, 2010 жылы 7-орынға түсіріп алды. Сол сияқты Алматының «Қай­ратын» қолына алған Владимир Ники­тенко туралы да осылай деуге болады. Ресейдің «Тере­гінде» Талғаевпен бірге тер төгіп, біраз абырой жинаған маманның ел футболында жолы болар емес. 2009 жылы «Орда­басыны», 2010 жылы «Жетісуды» баптаған бапкер екі команданы да 7-орыннан биікке көтере алмады.

Сол «Ордабасы» биыл белоруссиялық бапкер Анатолий Юрьевичке иек артып отыр. Негізі, Юрьевич өткен жылдың басында да шымкенттік ұжымға бас бапкер болып тағайындалған болатын. Алайда отбасылық проблемасын желеу етіп, футбол маусымы тақаған сәтте Шымкентті тастап қашқан-ды. Сірә, сол жағдай «Орда­басы» басшылығына сабақ болмаса керек, команда биыл тағы да белорус маманының көмегіне жүгінді. Бұл жолы Анатолий Юрьевич не істер екен? «Орда­басыны» алға сүйрей ме, әлде тықыр тақаған сәтте тағы да тайып тұра ма?

Талдықорғанның «Жетісуын» тағы бір жергілікті бапкер Серік Әбдуәлиев жат­тықтыратын болды. «Жетісу» бұл маман­ның бас бапкерлік қызметтегі бірінші клу­бы болғандықтан, көп нәрсе айта алмай­мыз. Дегенмен білетіндер Әбдуәлиев «Ертісте» аға жаттықтырушы болып жүр­ген­де көп мәселені шешіп, біраз жұмысты атқарғанын айтады. Сондай-ақ ұзын­құ­лақтан естігеніміз, футболшыларымен тіл табысуы да оңай көрінеді.

Виктор Кумыков келгелі бері оқыс жағдайларды аңдып жүретін журна­лис­тердің құлағы тік жүретін болды. Неге десеңіздер, осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорданың «Қайсарын» жаттықтырған маман «Есіл-Богатырь» – «Қайсар» матчын­да төреші шешіміне наразы болып, футболшыларын алаңнан алып кеткен. Ал Қазақстан футбол федерациясы жауап ретінде «Қайсарды» премьер-лигадан аластатып, бас бапкерді Қазақстан клуб­тарын жаттықтыруға бес жылға тыйым салған. Міне, сол Кумыков ел біріншілігіне қайта оралып, «Шахтерді» қолына алды. Дегенмен Ресей, Өзбекстан клубтарын абыроймен жаттықтырған маманға қара­ғандылықтар үлкен үміт артып отыр.

Соңғы бапкерлер тағайындауы «Аты­рау» мен «Қайсарда» болды. Мұнайлы қаланың клубы әзірбайжандық Рамиз Мамедовқа қолқа салса, қызылордалықтар ресейлік Виктор Камарзаевтың көмегіне сүйенді. Айта кетейік, екеуін де жоғары дәрежедегі мамандар дей алмаймыз. Маме­дов «Атырауға» дейін Әзірбайжан чемпионатында 6-орында келе жатқан «Габала» клубын жаттықтырса, Камар­заев­тың бас бапкер ретінде жаттықтырған ең мықты командасы Украинаның «Арсеналы» болыпты.

Иә, не де болса жаңа маусымда бапкер­лер ауысымы аз болсын деп тілейміз. Дегенмен шетелдік мамандардың орнына жергілікті жаттықтырушылар көптеп тар­тылс­а, қарсы шықпай, керісінше қуанар едік.

Премьер-лига бапкерлері:

«Ақтөбе» – Владимир Мұқанов (Ресей)

«Атырау» – Рамиз Мамедов (Әзір­бай­жан)

«Восток» (Өскемен) – Вахид Масудов

«Ертіс» (Павлодар) – Талғат Байсуфинов

«Жетісу» (Талдықорған) – Серік Әбдуәлиев

«Қайрат» (Алматы) – Владимир Никитенко

«Қайсар» (Қызылорда) – Виктор Камарзаев (Ресей)

«Локомотив» (Астана) – Холгер Фах (Германия)

«Ордабасы» (Шымкент) – Анатолий Юрьевич (Белоруссия)

«Тараз») – Ваит Талғаев

«Тобыл» (Қостанай) – Равиль Сабитов (Ресей)

«Шахтер» (Қарағанды) – Виктор Кумыков (Ресей)

Автор: Әзиз Жұмаділ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*