ALADOP.KZ
Шолу

Жақсы қақпашы – жарты команда

ТМД клубтарының ортақ ең ірі турнирі «Достастық кубогы» басталып та кетті. Командалар екі ойыннан өткізіп, фавориттер де анықтала бастады. Бағымызға орай, олардың арасында Қостанайдың «Тобылы» да бар. Бірақ тек теориялық тұрғыда ғана. Шешуші ойындар бүгін өтеді. Міне, жерлестеріміздің ширек финалға өтер-өтпесі бүгінгі ойыннан кейін белгілі болады.

«Тобыл» (Қазақстан) – «Бунедкор» (Өзбекстан) – 2:1

Голдар: Богданов, 6. Рашкович, 16 – Солиев, 26.

«Тобыл»: Петухов, Данаев, Сливич, Лазаревич, Овшинов, Костюк, Лайзанс (Қуантаев, 74), Юрин (Гридин, 80), Савенас (Малышев, 71), Рашкович (Гребис, 56), Богданов.

«Мика» (Армения) – «Тобыл» (Қазақстан) – 2:2

Голдар: Бегларян, 24. Демел, 60 – Юрин, 52. Волков, 73.

«Тобыл»: Петухов, Лотов, Данаев, Овшинов (Хасенов, 70), Стукалов, Лайзанс (Малышев, 46), Богданов, Лазаревски (Юрин, 46), Досмағамбетов (Қуантаев, 52), Савенос (Волков, 57), Гребис (Рашкович, 46).

«Тобыл» – бұл турнирге тұңғыш рет қатысып отырған қазақстандық команда. Өткен маусымда ел чемпионы атанған қостанайлықтар «Достастық кубогы» турниріне бұрын-соңды қазақстандық ұжымдар қол жеткізе алмаған бас жүлдені иеленеміз деп аттанған болатын. Дегенмен «Тобыл» бұл асуды бағындыра алады деп нық сеніммен айтуға әлі ерте секілді. Маусымаралық үзілісте негізгі құрамдағы ойыншыларының 80 пайызынан айырыл­ған қостанайлықтар Санкт-Петербургке біраз жаңа ойыншыларды алып кетті. Алайда, өкінішке қарай, бұл футболшылар бұрынғылардың орнын толыққанды баса алмауда. Рас, бірінші ойында Өзбекстанның «Бунедкорын» жеңдік. Бірақ Өзбекстан чемпионын тізе бүктірдік деп масаттануға болмас. Біріншіден, «Бунедкор» «Достас­тық кубогына» қосалқы құрамын жіберді. Екіншіден, қарсыластар қақпасын жас ойыншы қорғады (екі гол жіберіп алған Тураевты бапкерлері 26-минутта-ақ алмастырып тастады). Үшіншіден, «Бунед­кордан» бір-ақ гол жіберіп алғанымыз үшін қақпашымыз Александр Петуховқа мың алғыс айтуымыз керек. Егер Саша болмағанда, есеп 2:1 емес, 2:4, тіпті 2:5 болып кетуі де ғажап емес еді. Оңынан да, солынан да келіп жатқан соққылардың барлығына тойтарыс берген қақпашымыз қарсыластар шабуылшысымен жеке-дара қалғанда да айласын асырды. Ал екінші ойында Петухов матчтың нағыз қаһарманы атанып, қақпасын бірнеше қауіпті соққыдан құтқарды. Командасын алға жетелеп, армяндармен тең ойнауымызға өлшеусіз үлесін қосты. Мұны ұйымдас­тырушылар да мойындап, Александр Петуховқа «Тобыл» – «Мика» кездесуінің үздік футболшысы атағын берді. Расында да, 2:2 есебінің тіркелуіне Петуховтың қосқан үлесі зор. Әйтпесе армяндарда гол соғатын тамаша төрт-бес мүмкіндік болған еді.

Енді «Тобыл» бүгін Латвияның «Сконтосымен» кездеседі. Міне, осы ойында қостанайлықтардың биылғы «Достастық кубогындағы» тағдыры шешілмек. Өз кезегінде «Сконто» да бір ойынды жеңіп, біреуінде тең түсіп, төрт ұпай иеленген. Бірақ доп айырмашылығы бойынша «Тобылдан» алда тұр. Ал келесі кезеңге өту үшін екі команданы да тең есеп қанағаттандырады. Дегенмен дәл мынадай қорғаныспен «Тобыл» бұл додада алысқа шаба алмайтын секілді.

Автор: Әзиз Жұмаділ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*