ALADOP.KZ
Сараптама

«Қайраттың» қарқыны қалай болмақ?


Атырапқа Алматының атын шығарған «Қайрат» футбол клубының тағдыры тек қана алматылық тұрғындар үшін ғана емес, барша қазақ футболының жанашырына ортақ дүние. Ел футболының еңсегейі осы күндері Түркия жерінде оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Биылғы маусымдағы команданың қарқыны қандай болмақ деген сауал көптің көкейінде жүргені рас.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Оқу-жаттығу Түркияда өтті

Осы жылдың жаңа маусымы 2-наурыз күні тұсауын кескелі тұр. Астанадағы «Тобыл» – «Локомотив» арасындағы суперкубокты сарапқа салар кездесуден шымылдығы түрілетін біріншілігімізге әрбір команда тыңғылықты дайындалуда. Жылдан-жылға деңгейі өсіп келе жатқан Қазақстан футболында бәсеке қызған кез. «Тобыл», «Ақтөбе» секілді клубтарымыз Еуропаның керемет жағдайы бар футбол алаңдарында жаттығу жасаса, қалған ортаңқол дегендері 2 ай көлемінде Түркияны мекен етті. Белек, Босфор, Анталья қалаларын жайлаған еліміз футбол клубтары сонау күзге шейін жанкүйер көңілінен шығар ойын өрнегін көрсету үшін шеберліктерін шыңдауда. Маусымға дайындық бастар кезде команда тізгінін өз қолына алған Владимир Никитенко үстіміздегі жылы «Қайратты» үшпаққа шығарам деп отыр. Кезінде талай жыл Ресей біріншілігінде бапкерлік еткен ол осы «Қайраттың» бір кездердегі түлегі еді.  Команда ресейлік және одан бөлек алыс-жақын шет елдің ұжымдарымен күш сынасып, аяқдопшыларды сынақтан өткізді. Соның ішінде Грозный қаласының «Терек» командасын 1:0 есебімен ұтты. Ал «Шинник», «Анжи» секілді ортаңқол ресейлік командалармен тең түсіп жатты. Бұл дегеніміз, «Қайраттың» қауқарлы ұжымға айналып, кез-келген қарсыласқа оңай берілмейтіндігінің белгісі.

Балтиев енді «Қайратта»

Жаңа маусымға дайындық барысында «Қайрат» 13 футболшымен келісім-шарт жасасты. Оның екеуі өткен маусымда «Қайрат» сапында өнер көрсеткен Арман Халықов пен Рақымжан Розыбакиев болса, қалғандарының дені түгел өзге клубтардан ауысып келген. Олардың ішінде, әрине, Руслан Балтиевті ерекше атап өткен жөн. Қазақ футболының мақтанышы, Ресей біріншілктерінде бірнеше маусым табысты өнер көрсеткен жартылай қорғаушы келер маусымды өзінің негізгі клубы – «Қайратта» өткізбекші. Ұлттық құрамамызды алға сүйреген Руслан енді алматылық жас ойыншыларға өз тәлімін аямай бергелі тұр. Жанкүйерлер де Русланның алаңда «Қайрат» жейдесімен ойнап жүрген кездерін сағынып қалған шығар. Даңқты ойыншымен тізе қосып өнер көрсетуге атақ-абыройы одан кем түспейтін Константин Головской да тас-түйін дайын. Шектеу бойынша рұқсат етілетін 5 келімсек ойыншының әзірге үшеуі белгілі. Олар белорус Павел Кирильчик, серб Марко Джорджевич және болгариялық Деян Христов. Өткен жылы жанкүйер көзайымына айналған қақпашы Ненад Ерич бұл маусымда астаналық «Локомотив» қақпасын қорғайды. Ал оның орнына Эдуард Глазунов бастаған клуб басшылары «Жетісу» командасынан Андрей Цветковты алдыртты. Оған негізгі құрамға бәсекелес болатын тәжірибелі Даниил Рихард бар. Шабуыл өтінде де күшейтулер орын алды. Белгілі шабуылшы Мұрат Сүймағанбетов 2011 жылды «Қайрат» сапында өткізетін болып шешілді. Сондай-ақ, командаға Алматы футбол мектебінің өкілдері Илья Воротников, Евгений Коструб және Кирилл Шестаковтар қайта оралды.

Негізгі мақсат – алғашқы алтылық

Бас бапкер болып келген Владимир Никитенкодан өзге жаттықтырушылар құрамында Сергей Стукашов пен Валерий Фомин секілді танымал бапкерлердің бар екенін айта кету керек. Егер аталған кісілер біліктіліктерін көрсетіп, ойыншылардың бабын келістіре білсе, онда «Қайрат» үшін биылғы маусымда табыс күтуге болады. Әрине, ешкім де чемпиондық атаққа қол соз деп жатқан жоқ. Оған «Қайраттың» шамасы жетпейтіні белгілі. Тек өз деңгейінде өнер көрсетіп, алғашқы алтылыққа кірсе де жаман болмас еді. Және Қазақстан кубогы жолында барлық күшке салып, жеңіске жету. Соңғы жылдардағы клубтың жағдайы мәз емес еді. Десе де, өткен жылдан бері демеушілік таныта бастаған «КазРосГаз» ұжымның барлық қарызын қайтаруға септігін тигізді. Енді алдағы уақытта «Қайраттың» жаттығу базасы демеушінің арқасында түгел жөндеу көргелі отыр. Оның үстіне биылғы жылға Алматы қаласы әкімдігі 600 млн. теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғары сома.

Жанкүйер ойынды қайдан көреді?

Эдуард ГЛАЗУНОВ, «Қайрат» командасының спорт бөлімінің директоры: «Қайрат» қайтадан күшіне мінеді

Өткен жылдары «Қайрат» өзінің негізгі аренасы «Орталық» стадионда ойнаған жоқ. Соның салдарынан да біз жанкүйерлерімізді жоғалтып алдық. Енді биылдан бастап қайтадан киелі қарашаңыраққа қайта оралғалы отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, күрделі жөндеу жұмыстарынан соң «Орталықтағы» жағдай керемет. Сондықтан да, 17-наурыз күнгі «Қайраттың» өз алаңындағы қызылордалық «Қайсармен» болатын алғашқы ойынына көп жанкүйер келеді деп күтеміз.

– Жанкүйерлерге арналған қандай жаңашылдықтар бар? Команданың сайтына өзгерістер енгізіле ме?

Жанкүйерлермен жұмыс жүргізілетін болады. Арнайы құрылған фан-клубымыз бар. Онда мыңдаған адам тіркелген. Олардың қатары әлі де көбейетін шығар. Себебі, біздің клуб осы маусымда жақсы нәтижелерге қол созатын болады.

Ал сайт мәселесіне келер болсақ, алдағы уақытта бір жаңалық жасаймыз. «Қайрат» командасының сайты өте керемет әрленіп, ақпараттарға толы болып тұруы керек. Осы бағытта жасап жатқан жұмыстар аз емес. Сайт енді 3 тілде: қазақша, орысша, ағылшын тілдерінде жаңартылып тұрады.

P.S

1-турды 6-наурыз күні «Қайрат» сырт алаңдағы кездесумен бастайды. Өскеменде жергілікті «Восток» командасына қарсы тұратын алматылықтар, премеьр-лигаға жаңадан келген клубты тықсыратын шығар деген үміттеміз. 12-наурыз күні Талдықорғанда қонақта болатын Никитенко шәкірттері «Жетісумен» күш сынасады. Ал Алматыдағы «Қайраттың» алғашқы ойынын жанкүйерлер 17-наурыз күні Қызылорданың «Қайсарымен» өтетін кездесуде көре алады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*