ALADOP.KZ
Премьер-лига

«Қайрат»: басты міндет – үздік үштікке ену

«Қайрат» футбол клубы үстіміздегі футбол маусымының бірінші кезеңі бойынша, алғашқы алтылыққа енуі керек. Ал маусым қорытындысы бойынша үздік үштіктен көрінуі тиіс. Бұл межені орындауды Алматы қаласының әкімі клуб басшылығына қадап тапсырды. Әлбетте, оңай тапсырмалардың санатына жатпайды. Әсіресе жүлделі орындарға ілігу дәл қазіргі жағдайда «Қайрат» үшін оңай шаруа емес. Десек те, мұндай міндеттің қойылуының өзі команданың жеңіске деген жігерлілігін арттырары сөзсіз. Жүлделі орындарға ілікпесе де, жүлдегерлер ауылының маңына жақындауына стимул бола алады. Біз де соған үміттенеміз. Кеше Алматы қаласының әкімдігінде қала әкімі Ахметжан Есімов «Қайрат» футбол клубын қабылдап, жаңа маусымға ақ батасын берді. Алғашқы сөзін «Қайраттың» Қазақстан футболының тарихында орны бөлек команда екенінен бастаған Ахметжан Смағұлұлы алдағы маусымда футболшылардың қаржыдан қағажу көрмейтініне де уәде берді. – Жапаров, сізге тапсырамын. Ай сайын, кешіктірмей, жалақылар футболшылар мен жаттықтырушылардың есепшотына уақытылы аударылып тұратындай болсын! – деп клуб директорына қарады. – Жарайды, – деп басын изеді Мұрат Рамазанұлы. – Жалпы, биыл клубтың бюджеті соңғы жылдармен салыстырғанда едәуір өсті, – деп Ахметжан Есімов сөзін ары қарай жалғастырып әкетті. – 2007 және 2008 жылдары қиыншылықтар көргеніміз рас. 2009 жылы аяққа тұру уақыты болды. Былтыр сол қиыншылықтардан кейін команда алғаш рет премьер-лигада ойнап, бой үйретті десек те болады. Ал биыл команда алдына үлкен міндеттер жүктеп отырмыз. Бұл «Қайрат» үшін аса қиындық тудырмауы тиіс. «КазРосГаз» компаниясымен келісімшартқа отырдық. Бұл да Алматы қаласының намысын қорғайтын клуб үшін үлкен стимул десек болады. Айта кетейік, Алматы қаласының әкімшілігі тарапынан «Қайратқа» биыл 700 миллион теңге бөлінсе, «КазРосГаз» компаниясының тарапынан 297 миллион 700 мың теңге бөлінген. Бұдан кейін қала әкімі Орталық стадионның директоры Олег Печеникке қарата сөйледі. – Орталық стадионның қазіргі жағдайы қалай? Футбол матчтарын өткізуге жарай ма? – Иә, егер ауа райы кедергі келтірмесе «Қайрат» өз алаңындағы алғашқы кездесулерінен бастап-ақ матчтарды Орталық стадионда қабылдай алады. «Қайрат» өз алаңындағы алғашқы ойынында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдайды. Міне, сол ойыннан бастап Орталық стадионның есігі ашылады, – деді Олег Владимирұлы. Сонымен сөз кезегі бас бапкер Владимир Никитенкоға да жетті. Владимир Андрейұлы жаңа футболшыларды қандай критерийлерге сүйеніп таңдағанын айтты. – Команданың басым бөлігін жаңадан жасақтап отырмыз. Көбінесе соңғы екі жылда жоғары деңгейде өнер көрсеткен футболшыларды алдырттық. Олардың қатарында Мұрат Сүймағамбетов, Руслан Балтиев, Мәдияр Мүмінов, Владимир Байрамов сынды саңлақтар да бар. Оқу-жаттығу жиынын үш мәрте өткіздік. Негізінен, спаринг-қарсыластар ретінде қатардағы жай командаларды емес, аты бар, айтулы ұжымдарды таңдадық. Көпшілігімен тең түсіп, біразында жеңіске жеттік. Бірақ бірінші кезекке таблодағы көрсеткішті емес, ойын жүйесін қойдық. Кейбір ойындардың соңғы минуттарында алаңға өрімдей жас футболшыларды да шығардық. Бірқатар ойындарда жеңіп тұрған сәттерде қақпамызға гол жіберіп алып, кейбіреулерінде жеңіліп те қалғанымыз сондықтан, – деді бас бапкер. Жалпы, қысқы оқу-жаттығу жиындарында «Қайрат» барлығы 14 кездесу өткізген болса, соның бесеуін жеңіп, ушеуінде жеңіліп, алтауында тең түскен екен. Жолдастық кез­десулерді Ресейдің «Томь», «Анжи», «Шинник» сынды клубтарымен өткізгенімізді ескерсек, жоғарыдағы көрсеткішке «көңіл толарлық» деп баға беруге болады. Сонымен ХХ Қазақстан чемпионатының тұсаукесер туры 6 наурызда өтеді. «Қайрат» сырт алаңында Өскеменнің «Востогымен» кездеседі. Одан кейін Талдықорғанға барып, 12 наурызда жергілікті «Жетісумен» ойнайды. Ал бүгін елордамызда өткен жылдың ел чемпионы «Тобыл» мен кубок иегері «Локомотив» суперкубокты сарапқа салады. Мұрат Сүймағамбетов, «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы: – Маусымаралық үзілісте екі-үш командадан шақырту болды. Бірақ «Қайратты» таңдадым. Келісімшарты бір жылға жарамды. Егер бәрі жақсы болса, созуға да болады. Ал тапсырма жайлы айтар болсам, алғашқы алты­лыққа кіруімізге мүмкіндік мол. Үздік үштікке ену жағы қиын болатын сияқты. Дегенмен сол міндетті орындауға тырысамыз. Қазақстан чемпионатының 1-турында мына командалар кездеседі: «Локомотив» (Астана) — «Жетісу» (Талдықорған) «Ордабасы» (Шымкент) — «Тобыл» (Қостанай) «Тараз» (Тараз) — «Ертіс» (Павлодар) «Ақтөбе» (Ақтөбе) — «Атырау» (Атырау) «Восток» (Өскемен) — «Қайрат» (Алматы) «Шахтер» (Қарағанды) — «Қайсар» (Қызылорда) Автор: Әзиз Жұмаділ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*