ALADOP.KZ
Ұлттық құрама

Ұлттық құраманың 50 пайызын қазақтар құрады

Осының өзі жеңіс!

Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған чех маманы Мирослав Беранектің Германияға қарсы өткізген тырнақалды ресми кездесуінің куәсі болдық. Жеңілістің болатынын алдын-ала сезіп барған қиын екен. Бірақ, бүгінгі азулы командалардың біріне баланатын неміс машинасына қарсы белгілі дәрежеде тойтарыс берудің өзі де біз үшін ерлік болатын.

Қай кездегідей немістер өздеріне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты. Әсіресе, кешегі кездесу неміс шабуылшысы Мирослав Клозе үшін тарихи кездесу болғаны кәдік. Өйткені, ұлты поляк, Германия футболының бүгінгі қаһарманы Мирослав Клозе осыдан тура он жыл бұрын ұлттық құрама сапында дебютті кездесуін өткізген екен. Білуімізше сонда алғашқы голын соққан екен.

Неміс шабуылшысы кеше де Қазақстан қақпасына екі гол соқты. Дәл сол жетістікті Томас Мюллер де қайталады. Бірақ, Клозе қуанғанмен, Мюллер міз бақпады. Бірі қара басының қамын ойласа, бірі қазақ футболшыларына салған доптың тойлауға татымайтындығын көрсетті. Әрине, бұл біз үшін өкінішті жәйт.

Мирослав Клозе енді екі гол соқса, атақты Герд Мюллердің тәжін басына кимек. Оған әуселесі толықтай жетеді. Ол сол үшін қуанды. Ал, әлем чемпионатынан кейін қанжығасы майланбаған Томас Мюллер үшін салқынқандылық таныту көңілге селкеу түсірді. Әншейінде, қалпағын аспанға лақтыратын қызуқанды жігітке қазақ футболшыларына мұрнының астынан қарауы жөн емес-тін.

Қазақ футболына тілімізді безегеннен ешнәрсе өнбес. Одан да кешегі Кайзерслаутерндегі кездесудің біз үшін қандай әсері болғанын айтып өтейік. Қай кездегідей тәжірибенің жетіспеуі. Оның үстіне ұлттық құраманың ең тісқаққан ойыншыларының бірі Карповичтің команда сапында болмауы анық білініп тұрды. Оның алаңдағы қызметін ресейлік «Жемчужина-Сочи» клубының сапында өнер көрсететін Қазбек Гетериев 50 пайызға да орындай алмады. Ал, бас бапкер Беранек болса, ойынның екінші таймында қалай да бір гол соғу мәселесін ойлап, орталық қорғаушыны С.Остапенкоға алмастырды. Ал, шабуыл өтіндегі қос қапталды іске қосқан Беранектің жаңа қулығын жүзеге асыруда Ұлан Қонысбаев пен Азат Нұрғалиевке орта шептен доп асыратын ешкім болмады.

Жалпы, жылына бар-жоғы төрт рет қана ойын өткізетін ұлттық құраманың деңгейін арттыру үшін жиі-жиі жолдастық кездесулер ұйымдастыру қажет-ақ. Сонда ғана ойыншылар жымдасқан түрде үйлесімді футбол көрсете алады. Нәтижеге де қалай қол жеткізуді сонда ғана жүзеге асыра алады.

Кайзерслаутерндегі кездесу нәтижесі бойынша Қазақстан қақпасына 4 гол соғылды. Оның үшеу стандартты шабуыл нәтижесінде жүзеге асты. Беранек көреген болса, осы кемшіліктің орнын толтыруға тырысатын шығар. Бірақ, қазақ футболшыларының өз айып алаңынан қысқа пас беру арқылы шабуылға оңай сытылып шығып кеткенін талай көріп, әлдебір жақсы қырынан өзгерістердің болғанын байқап қалдық. Жалпы, ілгерілеу бар.

Бірнеше футбол мамандары қазақ футболшыларының төр голдан ардық жібермегендігің өзі жетістік деп баға берген болатын. Қуанышымызға орай, нәтиже де солай болды. Осыған орай, кездесу нәтижесі бойынша ұлттық құраманың ең үздік ойыншысы саналған Қазақстан құрамасының қақпашысы Давид Лорияның қауіпті соққықаларға дер кезінде тойтарыс бергенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, азулы қарсыластарға қарсы тәжірибелі ойыны бар Жамбыл Көкеевтің қымсынбай неміс қорғаушыларын бірнеше рет қапыда қалдырғанын ауыз толтырып мақтанышпен айтуға болады. Ал, шабуыл өтіндегі Нұрбол Жұмасқалиевті алмастырған Мақсат Байжановтың да бірнеше рет қауіпті шабуылдар ұйымдастыруға атсалысуы Беранектің біліктілігі деп айтар едік.

Қалай десек те, Германияға қарсы ойында команда құрамының жартысын қазақтар құрады. Мәселен, Мақсат Байжанов, Жамбыл Көкеев, Азат Нұрғалиев,Ұлан Қонысбаев, Нұрбол Жұмасқалиев және команда капитаны етіп сайланған Қайрат Нұрдаулетов секілді қаракөз қазақ балаларының бір ұжымда өнер көрсетуі қазақ жанкүйерлерінің көптен күткен мақсатының орындалып келе жатқандығын бағамдады.

2012 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сынындағы «А» тобындағы нәтиже төмендегідей:

Ұлттық құрамалар

ойын

жеңіс

Тең ойын

жеңіліс

Гол айырмасы

ұпай

1

Германия

5

5

0

0

17-1

15

2

Белгия

5

2

1

2

10-8

7

3

Австрия

4

2

1

1

9-6

7

4

Түркия

4

2

0

2

6-6

6

5

Әзірбайжан

3

1

0

2

2-9

3

6

Қазақстан

5

0

0

5

0-14

0

Кездесуден кейінгі пікірлер:

Мирослав БЕРАНЕК, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Таймның басында өрескел қателітерге бой алдырдық. Әйтсе де, Германия секілді азулы қарсыластан ұтылу әдеттегі жағдай. Бірақ, жауапсыз төрт гол жіберудің өкінішті екендігін де білеміз. Германия құрамасының тек «А» тобындағы ең күшті қарсылас емес, 2012 жылғы Еуропа чемпионатының бас фавориті саналатынан сенімім мол.

Йоахим ЛЕВ, Германия ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Бірінші таймды ойдағыдай өткердік. Қарсыласымыз жабық түрде ойын көрсетсе де, жоспарлағанымыздай бірінші таймда 3 гол салып үлгердік. Есепті еслей түсетін мүмкіндіктер болды. Бірақ, осы нәтиженің өзі бізді қанағаттандырады.

Ал екінші таймда қарсыласымыздың әлеуетіне сай ойынды бәсеңдеттік. Өйткені, бізді алда маңызды кездесулер күтіп тұр.

Жандос ЫСМАЙЫЛ

2 комментария

Нурик 28-Март, 2011 at 6:53

жақсығой

Жауап
Maulen 29-Март, 2011 at 3:28

Смаков болганда есеп 4:0 болмайтын еди….

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*