ALADOP.KZ
Сараптама

«Төртеудің финалындағы» қарсыласымыз – «Спортинг»

Футзалдан еліміз намысын лайықты қорғап жүрген Алматының «Қайраты» Бразилияның атақты командасы «Сантоспен» қос кездесу өткізу мәртебесіне ие болды. Бір кездері «Сантостың» сапында футбол патшасы атанған Пеленің доп тепкені мәлім. Жолдастық негіздегі бұл ойындар 29 сәуір мен 1 мамыр аралығында Алматыда өтетін УЕФА кубогының ақтық кезеңіне жеребе тарту рәсіміне орайластырылды.
Өздеріңізге жақсы мәлім, бұған дейін оңтүстік астанамызда УЕФА- кубыгының элиталық кезеңі ұйымдастырылған болатын.

Ал «Қайрат» пен «Сантос» арасындағы алғашқы кездесуде қонақтар 5:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойынның бастапқы минуттарында «Қайраттың» тегеуріні күшті көрінген еді. Алматылықтар бірінші болып есеп ашты да. Кездесудің 7-минутында «Қайраттың» бразилиялық легионері Сидней Рибейро қарсы қақпадан саңлау тапты. «Сантос» ойыншылары да қарап қалмай, өткір шабуылдар ұйымдастыра білді. Кездесудің 11-минутында қос команда өкілдері де гол соқты. «Қайраттың» қатарынан Келсон, «Сантостан» Дже мергендік танытты. Көп ұзамай, осы Дже тағы бір голдың авторы атанып, таразы басын теңестіріп кетті. Үзіліске дейін таблодағы есеп және өзгерді. Матчтағы бесінші гол «Сантостың» еншісіне жазылды.
Ойынның екінші бөлігінде алматылық футзалшылардың қарқыны басылып қалды, есесіне қонақтар екпіні күшейді. Олар «Қайраттың» қақпасын тағы екі рет дәл көздесе, алаң иелері тек бір рет қана гол енгізді.
Жанкүйер қауымның назары, әсіресе, екінші күнгі кездесуге ауды. Өйткені осы ойынның үзілісі кезінде көпшілік «Төртеудің финалы» деп атап кеткен УЕФА кубогының жеребесі тартылатын еді. Ал «Сантосқа» екінші рет қарсы тұрған «Қайрат» бірінші күні кеткен есесін қайыра алды. Ойынның 11-минутында бразилиялықтар ереже бұзып, олардың «Қайрат» сапындағы отандастары Келсон пенальтиден есеп ашты. Арада сегіз минуттай өткенде, жанкүйер қауымның қызу қолдауымен тамаша шабуыл ұйымдастырған алаң иелері есепті еселей түсті. Бұл жолғы доп Кататаның еншісіне жазылды. Бірінші кезең аяқталуға жақын қалған тұста, «Сантос» ойыншылары жауап гол соқты.
Екінші кезеңдегі тартыс та көрермен қауымның делебесін қоздырумен болды. Дегенмен, ойынның бұл бөлігінде тек бір ғана гол тіркелді. Бірақ оның қазақ жанкүйерлері үшін маңызы жоғары еді, осы матчтаға соңғы голды болашағынан зор үміт күттірер жас шеберіміз Серік Жаманқұлов енгізді. Кездесу 3:1 нәтижесімен аяқталды.
Үзіліс кезінде жеребе тартылды дедік. Бұл рәсімді футзал мамандары мен жанкүйерлерінің асыға күткені анық еді. Қоржынға қол салу мәртебесі мен жауапкершілігі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке және «Сантостың» даңқты өкілі, екі рет әлемнің үздік ойыншысы атанған Пауло Реберто Фалькаоға жүктелді. Сөйтіп, әкім мен футзал шебері суырған қағаз өз жерімізде тұңғыш рет өтетін УЕФА кубогының финалдық кезеңіндегі «Қайраттың» қарсыласын анықтады. Ол Португалияның «Спортингі» болатынын мәлім етті. Тиісінше, қалған екі команда — Португалияның тағы бір өкілі, өткен маусымда ғана УЕФА кубогын ұтып алған «Бенфика» мен мықтылар қатарына жаңадан қосылған Италияның «Монтесильваносы» өзара шеберлік жарыстырады. «Төртеудің финалы» 29 сәуір күні басталады. Ал жеңімпазды анықтайтын бас кездесу 1 мамырда өтеді.
— Шыны керек, біз «Спортингтен» гөрі Лиссабонның екінші ұжымы — «Бенфикамен» кездесуді қалаған едік. Бірақ жеребе басқаша шықты. Қалай болғанда да, финалдық кезеңде ойнайтын төрт команданың да шеберлік деңгейлері шамалас. Сол себепті, қарсыластар арасында үлкен айырма жоқ деп есептейміз, — дейді «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков.
Естеріңізге сала кетейік, Алматының «Қайраты» УЕФА кубогының ақтық кезеңіне бесінші рет жолдама алып отыр. Өкінішке қарай, «Қайрат» әлі бір рет те жартылай финалдан аса алмай келеді. Қазақстандық клуб ең алғаш рет 2005-2006 маусымында Мәскеуде өткен финалдық кезеңде өнер көрсеткен болатын. Өз тобында мүмкін болған тоғыз ұпайды да шашаусыз жинаған «Қайрат» сол жылы жартылай финалда Мәскеудің «Динамосына» қарсылас атанды. Бірақ екі кездесуде де жерлестеріміз тәжірибесі мол «Динамоға» жол берді. 2007-2008 маусымында «Қайрат» тағы бір ресейлік клуб — «ВИЗ-Синараны» айналып өте алмай, жартылай финалда 1:4 есебімен есе жіберді. Ал үшінші орынға талас кезінде Мәскеудің «Динамосынан» 0:5 нәтижесімен ойсырай ұтылды. Десек те, 2008-2009 маусымында отандастарымыз УЕФА кубогының қола жүлдегері атанды. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен «Төртеудің финалында» «Қайрат» бір қадам алға жылжыды. Жартылай финалда жерлестеріміз болашақ чемпион — Испанияның «Интер Мовистарынан» 0:5 есебімен оңбай ұтылды. Алайда үшінші орын үшін кездесуде алматылықтар Ресейдің «Динамо-Ямалын» жалғыз голдың көмегімен жеңіп, алғаш рет қола жүлдеге қол жеткізді.
Енді өз елімізде ұйымдастырылатын бәсекеде тарихқа түзету енгізудің тамаша мүмкіндігі туындап отыр. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, ел кубогын сегіз рет ұтып алған «Қайрат» құрлықтық бәсекеде де мықтылығын мойындатады деп сенеміз.

Шалқар ЕСТЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*