ALADOP.KZ
Сараптама

Ұтылдық та, сөзден тұтылдық та…

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Кайзерслаутернде «неміс мәшинесі» атанған Германия құрамасынан ұтылып қалды. Енді осы ойыннан соң өз көзімізбен көргеніміз бен жадымызға түйгенімізді саралап өтсек деп едік.

Германия – футболы қарыштап дамыған ел

Германияның футболды ел екендігін, аяқдобы қарыштап дамыған мемлекет екендігін тәптіштеп айтып жатудың өзі артық болар. Бір топ қазақстандық журналист Кайзерслаутерн, Бад-Дюрхейм сынды неміс қалаларында жүргенімізде көшедегі халық «ә, футболға келдіңіздер ме?» деп, келу мақсатымызды айтқызбай-ақ түсініп жатты. Бұл олардың еңбектеген балаларынан бастап, еңкейген қарттарына шейін футболдан хабары мол екендіктерін білдіреді. Көшенің ортасында футболшыларға қойылған мүсіндері де баршылық. Стадиондары қандай! Адам сүйсінерліктей тамаша.

Бұл елдің, сондай-ақ осы елде тұратын халықтың футболға деген ықыласы ерекше. Германия – футболдан үш дүркін әлем чемпионы және үш дүркін Еуропа чемпионы болған ел. Мұндай атақтар оңайшылықпен келмейді. Алманияның осы алты ерен жетістігі бұл елдің футболмен тыныстайтындығын сездіреді. Осы орайда Қазақстан құрамасының капитаны Қайрат Нұрдәулетовтің пікіріне құлақ түрген дұрыс болар.

– Біз азулы командалардан ұтылған сайын жанкүйерлердің көбісі бұл жеңілістің нәтижесіне ғана қарап, жаппай бізді (футболшыларды) кінәлайды. Бұл түсінікті де. Мен де біздің, яғни футболшылардың кәнісі жоқ деп айта алмаймын. Жауапкершілік жүгін мойнымнан алып тастамаймын. Әйтсе де жанкүйерлер неге бір уақыт осы сәтсіздіктерге тереңнен бойламайды? «Неге осылай, неге азулы командалардан жеңіле береміз, неге біздің деңгейіміз олардан төмен?» деп, оның себептеріне тереңнен үңілмейді? Мысалы, біз осы сапарымызда Германияның бір шалғайдағы ауылында (деревнясында) жаттық­тық. Әлгі шағын ғана елді мекеннің өзінде үш-төрт тамаша стадион бар екен. Ал бізде ше? Бізде ондай тамаша стадиондар жоқ. Мен Ұзынағашта туып-өстім. Менің туған жерімде әлгі деревнядағыдай стадион атымен жоқ. Біздегі футболшылардың көбісі осындай стадион жоқ жерден шыққандар… Енді бір мысал, Германияда ресми түрде тіркелген 1500 футбол клубы бар екен. Осы 1500 клубтың әрқайсысының инфрақұрылымдық жүйесі бар. Әрқайсысының білікті дәрігерлері бар. Ал бізде… басқасын айтпай-ақ қояйық, премьер-лигада ойнайтын 12 команданың бәрінде әлгілердікіндей медициналық құрал-жабдықтар жоқ. Иә, біздің деңгейіміз төмен, иә, біз жаманбыз… Оның бәрін біз түсінеміз. Десек те, футболы дамыған осындай елдің футболшыларынан ұтылған сайын бізді (футболшыларды) ғана кінәлай бермей, жалпы аяқдобымыздың көші Еуропадағы өркениетті елдердің футболынан қалып қойғандығын да ескеру керек сияқты. Сол үшін ел футболын, оның инфрақұрылымдық шаруашылығын дамытуды қолға алған дұрыс секілді. Біз өзіміздің жеңілісімізге жанкүйерлер мінеп-сынамаса да, қатты күйзеліп жүрміз, – деп мұңайды ұлттық құрама капитаны.

Кімге өкпелерімізді де білмейміз…

Бұрын ұлттық құрама осылай ойсырай ұтылса (мысалы, неміс жеріндегідей 0:4 есе­бімен), бас бапкерге өкпелеуші едік. «Ана футболшыны алмады, мына футболшыны көзіне ілер емес» дегендей. Ал бұл жолы олай айта алмай, тілімізді тістейміз. Лория деп шулап едік, әне «Дато» қақпада тұр. Самат Смақов деп зар илеп едік, Мирослав Беранек оны да құрама сапына тартып жүр. Самат бұл жолы жарақаттанып қалып бара алмады. Әйтпесе Беранек оны құраманың белді ойыншыларының бірі деп санайды. Фархадбек Ирисметов те құрама сапына қайта алынды. Нұрбол Жұмасқалиев те бар. Тағы кім? Тіпті қазақтардың саны да арта бастады. Беранек бұл ойында жасыл алаңға алты қазақты шы­ғарды. Оларға төлқұжатында «ұлты қазақ» деп жазылған Ирисметовті қосыңыз.

Айтпақшы, жанкүйерлердің көбісі «Азовскийден құтылатын күн болар ма?» деп таусылушы еді. Германияда ол қосалқы құрам тізімінде де болған жоқ. Мүмкін, «алаңда Логвиненко болғанда ғой» дерсіз. Ол былтыр ауыр жарақат алған. Соны ұмытпайық. Себебі кейбір мамандар «ондай жарақаттан кейін ойыншының жылдамдығы бұрынғыдай болмайды» дегенді айтып жүр. Сондықтан тағы да сөзден тұтылып, Шмидтгаль мен Каримовтің жарақаттарынан әлі айыға қоймағандарын да еске аламыз. Шынымен-ақ барымыз да, деңгейіміз де осы ма?!

Тактика және дода

Кайзерслаутерндегі ойын басталған бетте қорғанысқа тірек болар жауапты қызметті жалғыз Нұрдәулетовтің атқарып жүргенін көріп, таңғалдық. «Осындай адуынды, шабуылы жойқын командаға қорғанысқа тірек болар бір ойыншымен (бір «опорникпен») төтеп бермек пе?» деп қайран қалдық. Артынан құрама сапындағы ойыншылардан сұрап білгенімізде, бас бапкер қорғаныстағы жігіттерге допты алаңның ортасына қарай ысыруды қатты тапсырыпты. Сондағы ішкі есебі «допты өз қақпамыздан әрірек ысырып, қорғаушылар ортаға жеткізіп отырса» деген ой болса керек. Екі тәжірибелі жартылай қор­ғаушымызды жалғыз шабуылшының (яғни Хижниченконың) ту сыртына қойған себебі де содан сияқты. Яғни «Жұмасқалиев пен Гетериев ойынды өрбітіп отырады» деп, осы екі футболшыға үлкен сенім артқан. Өкінішке қарай, бұл екеуі де бас бапкер сенімін ақтай алмады. Тіпті жөні түзу пас бере алмай пұшайман болды екеуі де. Кежегелері кейін тартып, ойынды өрбітпек тұрмақ, Хижниченко үшеуі жабылып жүріп допты алаң ортасында ұстап тұра алмады. Соның салдарынан немістер шабуылды үсті-үстіне үдетті. Олардың шабуылдары жағаға соққан толқындай бірін-бірі қуалап, жиілігі бір саябырламады. Ал біздің қорғаушылар естерін жия алмай, асып-сасып, қателесе бастады. Сол қателіктердің біразын қақпашы «түзеп», немістердің бірнеше қауіпті шабуылдарына тосқауыл бола білсе, төртеуін ешкім де тойтара алмады. Абырой болғанда, ойынның екінші жартысында Мақсат Байжанов бас бапкердің ой-жоспарын аз да болса жүзеге асыра алды. Ал Жамбыл Көкеев бетпе-бет келсе, неміс футболшыларының біразынан сытылып кете алатындығын көрсетіп, шабуылымызға жылдамдық қосты. Ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда Беранек сенім үдесінен шыға алмаған Гетериевтің орнына екінші шабуылшыны шығарып, тәуекелге бел буды. Шабуылды күшейтіп, есепті қысқартпақ болды. Бірақ немістер төртінші голдарын соғып, бас бапкердің бұл жоспарының да күлін көкке ұшырып, көмескі үмітін су сепкендей өшірді.

Жалпы, бұл ойында қателеспеген қорғаушымыз болмады. Сондықтан олардың ешқайсысын да мақтай алмаймыз. Жұмасқалиев пен Гетериев туралы жоғарыда айттық. Хижниченко екінші таймда ғана допқа аяғы тиіп, оны артындағы ойыншыларымызға сырғытып, неміс қорғаушыларының назарын өзіне аудара алды. Лория төрт гол жіберсе де, өзінің жылпыңдығын паш ете білді. Қонысбаев бұл ойында да дамыл таппай шапқылады. Байжанов пен Көкеев біздің де доп тебе алатынымызды көрсетті.

Матчтан соң

Футболшыларымыздың өз қақпамыздан төрт доп қармағандарын көріп, күйзеліп сыртқа шықсақ, бізді бір топ қазақстандық немістер тосып тұр екен. Ойыннан кейін баспасөз мәжілісі болған, одан соң микс-аймақта футболшыларымызды күтіп көп тұрғанбыз. Яғни ойын біткен соң біраз уақыттан кейін шықсақ та, әлгі жерлестеріміз бізді сарыла тосып тұра берген. Юрген деген орта жастағы біреуі қазақшаға судай екен. «Әйелім қазақ», – дейді бізге күле қарап. Олар біздің көңілімізді аулап, туған жерлері туралы сұрай береді. Содан соң «Қапаланбаңдар, есесіне біз сендермен кездестік, біз осыған ризамыз», – деп бәрімізді тебірентті.

Автор: Нұрғазы Сасаев

1 пікір

Сайлау 31-Март, 2011 at 4:08

бір «опорникпен». «Әйелім қазақ», – дейді
————————————————————
Ол әйел сатқын жез!кше. опорникпен — ді қазақша жазыңдар.

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*