ALADOP.KZ
Қазақстан

«Челси» мен «Шахтер» жарыстан шығып қалды

“Манчестер Юнайтед” (Англия) – “Челси” (Англия) – 2:1 (Эрнандес, 44-минутта, Пак Чжи Сун, 78-минутта – Дрогба, 77-минутта);
“Шахтер” (Украина) – “Барселона” (Испания) – 0:1 (Месси, 43-минутта).

Сейсенбi күнi Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы қарымта екi кездесу ойналды. Украинаның Донецк қаласында өткен “Шахтер” мен “Барселона” арасындағы ойын украиналық футболшылардың жеңiлiсiмен аяқталса, ағылшынның қос мықтысы “Манчестер Юнайтед” пен “Челси” арасындағы кездесуде “манчестерлiк” футболшылардың бағы жанды.
Өткен аптада бұл командалар алғашқы ойындарын өткiзген. Испанияның “Камп Ноу” стадионында Донецкiнiң “Шахтерiн” 5:1 есебiмен шашып тастаған каталониялықтардың жартылай финалға шығатыны сол кезден-ақ белгiлi болған едi. Айтқандай-ақ, “Барселона” қа­рымта кездесуiн сәттi өткiзiп, жартылай финалға қадам басты.
“Шахтер” мен “Барселона” арасындағы ойынға қарағанда ағылшындардың айқасы әлдеқайда тартысты өттi. Хави Эрнандестiң бiрiншi кезеңнiң соңына қарай соққан добына “Челси” футболшылары 77-минутта бiр доппен жауап берген-дi. Егер “ақсүйектер” ойын соңына дейiн ендi бiр доп соққанда жартылай финалға шығатыны сөзсiз едi. Алайда лондондықтарды дәл сол мезетте Пак Чжи Сун сабасына түсiрдi. Таразы басы теңескеннен кейiн арада бiр минут өтер өтпестен кәрiс легионерi өз командасын алға шығарып қана қоймай, “Манчестер Юнайтедтi” жартылай финалға алып шықты.
Кеше түнде “Тоттенхэм” (Англия) – “Реал” (Испания), “Шальке-04” (Германия) – “Интер” (Италия) командалары арасындағы қарымта кездесу өттi.

Дайындаған – Төлеубек Әдiлбекұлы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*