ALADOP.KZ
Премьер-лига

Енді «Локомотив» көш бастады

Ел біріншілігінің 8-турында көш бастап келе жатқан «Жетісу» да, «Ақтөбе» де ұпай жоғалтты. Талдықорғандықтар өз алаңында әупірімдеп жүріп, бір ұпайға жармасып қалса, ақтөбеліктер тіптен құралақан қалды. Есесіне, Астананың «Локомотиві» осы турда ірі жеңіске жетіп, турнир кестесінің бірінші сатысына бір-ақ секірді. Жеңілістен көз ашпаған «Тараз» да бір серпіліп алды. Өкінішке қарай, «Қайсар» мен «Қайраттың» аттарына заттары сай болмай тұр. Бұл екі команда көш соңында келеді. 
Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» қабылдады. Қазақ жанкүйерлері бұл кездесуді тікелей эфир арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Ойын барысында екі ұжымның шама-шарқы деңгейлес екені анық аңғарылды. Жетісулықтар алғашқы минуттарда қонақтарын тықсырып алуға тырысып, шабуыл өтіндегі Сергей Остапенко мен Ұлықбек Бақаевты қамшылады. Бірақ «Ертістің» қақпашысы Давид Лория шеберлік танытып, бірнеше рет қауіптің бетін қайтарды. Соңыра таман қонақтар да «Жетісу» иелігіне түрен салып, тартысты қыздыра түсті. Дегенмен көрермен қауымның делебесін қоздырар гол оңайлықпен соғыла қоймады. Бірінші кезең тең аяқталды. Үзілістен соң да шабуыл шебіндегі ойыншылардың еңбегі ақталмай жатты. Тек 80-минутта «Ертістің» болгариялық сұрмергені Георгий Даскалов «Жетісу» қақпасын дәл көздеп, есеп ашты. Әйтсе де, талдықорғандық футболшылар хас шеберге тән мінез көрсетіп, төреші белгілеген қосымша уақытта таразы басын теңестіріп кетті. Салмағы бір ұпайға татыған голды жас ойыншы Алексей Щеткин соқты.
Кездесуден кейін «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов бәсеке тартысты өтіп, ең бастысы, жанкүйер қауымға ұнағанын жеткізді. Ал оның жетісулық әріптесі Серік Әбдуәлиев: «Біз «Ертістің» күшті қарсылас екенін жақсы білдік. Көп гол соғып жүрген команданың шабуылы аса мықты, жалпы, бұл ұжымның барлық шептегі ойыншылары мақтауға лайық. Алғашқы алтылыққа енуді мақсат еткен командалардың бірі болғандықтан, «Ертіс» бүгінгі ойында барын сала ойнады» — деді.
Алтын жүлдеден басты үміткерлердің бірі «Ақтөбе» өз алаңында Қарағандының «Шахтерынан» ұтылып қалды. Алаң иелері бірінші кезең бойы шабуылдады, бірақ Александр Мокин қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Ойынның екінші бөлігінде «Шахтердың» намысын қорғап жүрген Жамбыл Көкеев «Ақтөбенің» айып алаңына еніп, қақпаға қауіп төндірді. Амалы таусылған қорғаушы Антон Чичулин оның жолын ереже бұзып қана бөгей алды. Сол әрекеті үшін төреші оны алаңнан қуды. Ал пенальтиді жапа шеккен Көкеевтің өзі орындап, қақпашы Андрей Сидельниковті қапы қалдырды. 56-минутта тіркелген жалғыз гол матч тағдырын шешті. Осы ойынның қорытындысы «Ақтөбені» турнир кестесінде екінші орыннан бір сатыға төмендетті. Керісінше, «Шахтер» Ақтөбеде олжалаған үш ұпайының арқасында 3-орынға көтерілді.
Көш басындағы қос мықты да ұпай жоғалтқан күні «Локомотив» өз жағдайын түзеп қойды. Бұл турда астаналықтар чемпионат аутсайдерлерінің бірі — Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған болатын. Неміс маманы Хольгер Фах жаттықтыратын елордалық ұжым жергілікті жанкүйерді голға қарық етті. Ойынның 25-минутында Таңат Нөсербаев пен Игорь Бугаев өрістеткен шабуылдың нүктесін Нұрбол Жұмасқалиев қойып, есеп ашты. Екінші кезеңде «Қайсардың» қорғаныс шебі мүлдем әлсіреп қалды. Осыны пайдаланған астаналықтар алдымен 63- минутта Драган Богавацтің көмегімен есепті еселеді. Дегенмен арада алты минуттай өткенде «Қайсар» ойыншылары да бір мәрте нәтижелі соққы тіркеп, Сабырхан Ыбыраевтың қанжығасы майланды. Бұдан кейінгі голдың бәрі Арслан Сатыбалдин қорғаған «Қайсардың» қақпасына енді. Кездесудің 78-минутында Ұлан Қонысбаев, 90- минутта Марат Шахметов мергендік танытса, төреші белгілеген қосымша уақытта Нұрбол Жұмасқалиев осы матчтағы екінші голын соқты. Есеп — 5:1.
Ойыннан кейін ой бөліскен «Қайсардың» бас бапкері Алгимантас Любинскас команда құрамының әлсіздігі нәтижеге кері әсерін тигізіп жүргенін тағы қайталады. Оның пікірінше, орталық шепте ойнаған Црнограц пен Азовский өте баяу қимылдайды. Бірақ соған қарамастан, әлгі екеуі «Локомотивтің» ұшқыр футболшыларымен жылдамдыққа жарыспақ болған. Соның кесірінен қорғаныс шебіне үлкен күш түсірген.
Биылғы чемпионаттағы алтыншы жеңісіне қол жеткізген «Локомотив» турнир кестесінің бірінші сатысына көтерілді. Оның еншісінде 19 ұпай бар. Ал бар болғаны 5 ұпай иеленген «Қайсар» ең соңғы — 12-орында келеді.
Осы маусымда екінші рет жеңіске жеткен «Таразда» қазір 6 ұпай бар. Кезінде Қазақстан чемпионы атанған бұл команда 8-турды өз алаңында өткізіп, «Востокпен» шеберлік жарыстырды. Кездесу бастала сала-ақ шабуылға иек артқан алаң иелерінің ұмтылысы 26-минутта жемісін берді. Команданың ең жас өкілі саналатын Бауыржан Исламхан әдемі гол соғып, есеп ашты. Үш минуттан соң оның командалық әріптесі Неманья Иованович есепті еселеді. Алайда өскемендіктер бірінші кезеңнің соңына таман жауап гол соғып, айырманы қысқартты. Нәтижелі соққының авторы — Станислав Лунин.
Үзілістен соң көпке дейін гол тіркелмеді. Ал 88-минутта қонақтар өз айып алаңдарының ішінде тәртіп бұзуға мәжбүр болып, «Тараздың» македониялық легионері Остоя Степанович пенальтиден гол енгізді. Есеп — 3:1.
Шымкентте «Ордабасы» мен Алматының «Қайраты» кездесті. Ойынның 22-минутында алаң иелерінің футболшысы Артем Касьянов алыстан соққы жасап, ардагер қақпашы Данил Рихардті сан соқтырып кетті. Кездесудің екінші бөлігінде «Ордабасы» Дәуренбек Тәжімбетовтің көмегімен екінші голын соқты. Қорытынды есеп — 2:0.
Қостанайдың «Тобылы» осы турда «Атыраумен» кездесіп, ұпай бөлісті. Бұл ойында есеп ашылған жоқ. Кезекті 9-тур ойындары 30 сәуірде өтеді.

Шалқар ЕСТЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*