ALADOP.KZ
3-тайм Үздіктер

ИКЕРМЕН

Соңғы уақытта испандық қос гранд – «Реал» мен «Барселонаның» арасындағы керемет кездесулер жиілеп кетті. Мадрид пен Каталония тұрғындарын қоспағанда миллиондаған жанкүйерді өзіне жіпсіз байлаған «Эль Классикоға» тек әлем мойындаған хас шеберлер ғана қатыса алады. Кеше ғана Галактикос пен Блауграна құрамында жетіп артылатын жұлдыздар шоғырының арасындағы кезекті шайқасқа жер жүзі куә болды.Сол шайқаста жанкүйер мен көрермен атаулының таңдайын қаққызған ойыншылардың бірі – «Реал» қақпашысы Икер Касильяс.

Мадридтің клубтың «мәңгі» қақпашысы 1981 жылы Испания астанасында дүниеге келген. «Реалға» сегіз жасында келген ол ойыншы ретіндегі өмір жолын осы бір клубта қазір де жалғастыруда.Қазіргі таңда корольдік клубтың қайталанбас қақпашысына айналған Касильяс өзін ең алғаш 1999/2000 жылғы маусымда көрсете білді.Сол кездегі «Реалдың» негізгі қақпашысы Бодо Иллгнерді жарақатына байланысты ауыстырып, «Валенсиямен» болған Чемпиондар лигасының атақты испандық финалында өз командасының жеңіске жетуіне алғашқы үлесін де қосады.Осылай «қасиетті қақпашы» кейбір футболшылар қолына да ұстап көрмеген Чемпиондар лигасының Кубогына он тоғыз жасында қол жеткізеді.Балалықтың балғын шағы ма, әлде жарқын жеңістің буы тарқамады ма,кім білсін,келесі жылы негізгі құрамдағы орнын жоғалтып алады.

Алайда үлкен футболдағы жолын енді бастаған Икер ептілігі мен қабілетін қайта тауып, 2002 жылғы Чемпиондар Лигасының финалында Сесарды ауыстырады.Германиялық «Байермен» болған сол ойында Сан-Икер мадридтік команданың қақпасын бірнеше голдан құтқарып,нәтижесінде испандықтардың 2-1 есебімен басым түсуіне көмектеседі. Бұдан кейін Касильястың карьерасы қарқынды жоғарыласа да Чемпиондар Лигасын ұтқан емес. Әсіресе, соңғы маусымда мадридтік клубтың ардагері Серхио Рамос екеуі қанша тырысса да,бір нәрсе немесе біреу жетіспеді,мүмкін Рауль… УЕФА-ның Чемпиондар Лигасына екі рет қол жеткізген Касильяс Испания чемпионатын төрт мәрте жеңіп алады (2000-01, 2002-03, 2006-07, 2007-08 жылдары). Бала кезінен ұстаған добын уысынан шығармаған талантты Икерито клубтық деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде де өзін тым ерте мойындата білді.Испанияның жастар құрамасымен 1999 жылы Әлем чемпионы атанады. Алғашқы ойынын Швецияға қарсы өткізіп, келесі жылы Бельгия мен Голландияда өткен ересектер арасындағы Еуропа Чемпионатына барғанымен,алаңға шығудың сәті келмеді.Әлемдік додалардағы тұңғыш кездесуінде Икер 2002 жылы Жапония мен Кореяда өткен әлем Чемпионатында Парагвайға қарсы жасыл алаңға шығады. Ал 2004 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінен бастап Қызыл фурияның қақпасынан ойып тұрып орын алады. Осыдан үш жыл бұрынғы,яғни 2008 жылғы Австрия мен Швейцария жеріндегі Еуропа Чемпионатының финалдық кезеңінде Испания құрамасын капитан ретінде алаңға бастап шығып,алтыннан алқа тағады.Екі жылдан соң кез келген футболшының арманы – Әлем чемпионы атағына қол жеткізеді.Мадридтің ғана емес, тұтас Испанияның мақтанышына айналған Икер Касильяс – Әлем және Еуропа чемпионы, Испания чемпионы, УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы сияқты ойыншы үшін ең маңызды атақтардың иесі. Десек те, алаңдағы алғырлығының арқасында жеткен жетістіктерінің біразын айта кетсек :

Испания чемпионы (2000-01, 2002-03, 2006-07, 2007-08 жылдары);Испания Кубогі (2010/2011 жылы); Испания Суперкубогі (2001, 2003, 2008); Чемпиондар Лигасы (1999-00, 2001-02); УЕФА Суперкубогі (2002); 15 жасақа дейінгі Еуропа чемпионы (1995 ж); 16 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы (1997 ж); 20 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы (1999ж); Еуропа Чемпионы (2008 ж); Әлем чемпионы (2010 ж).

Байқап отырсаңыздар, бұл тек командалық жетістіктер ғана.Ал жеке өзінің атағы мен даңқы бөлек бір төбе.Олардың негізгілері – 2010 жылғы Әлем Чемпионатының үздік қақпашысы; 2008,2010 жылдары УЕФА нұсқасы бойынша Еуропаның үздік қақпашысы; ФИФА нұсқасы бойынша 2007-08 жылғы әлемнің үздік қақпашысы.Әлем футболындағы үздік қақпашылардың көшін бастап тұрған Икермэн осы жылдың 20-шы мамырында орда бұзар отыз жасқа келмек.Үлкен футболдағы алғашқы қадамдарын алшаңдап басқан Касильяс осынау жасқа бір өзіне ғана емес, бүтін бір командаға жетерлік атақ-абыроймен, даңқ-дәрежемен жетіп отыр.Ең бастысы бұл емес те шығар. Алладан дарыған дарынымен тек испан халқының ғана емес, жанкүйер атаулының махаббаты мен сеніміне ие болды. Кез келген футболшы үшін бастысы осы болар.

Нұршапағат НЕСІПБАЕВ

1 пікір

J.Baydilda 11-Май, 2011 at 4:53

Жаным-ау, Серхио Рамос қайдағы реалдың ардагері,ол 86-жылғы патсан ғой.

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*