ALADOP.KZ
Ала доп аңыздары

Дүбірі бөлек дүлдүлдердің қайсысы мықты

Спорт жанкүйерлері арасында даңқты футболшылар – Пеле
мен Марадонаға қатысты бітпейтін дау бар. Қызылкеңірдек боп айтысатындар әртүрлі кезеңде доп тепкен осы екі ойыншыны салыстыруға құмар. Яғни олар «Әлемнің ең мықты футболшысы кім?» деген сұраққа жауап таппай әлектенеді. Кейінгі кезде Бразилияның бағына біткен Пеле мен Аргентинаның абыройлы ұланы Марадонаның қатарына Мессиді қойғысы келетіндер де табылды. Шынымен де кім күшті? Қайдам, бұл сұраққа түбегейлі жауап табу қиын…

Дәл осы сауал Пеле мен Марадонаның өздерін де қатты толғандырары анық. Латын Америкасындағы қос елдің еркесіне айналған олар реті келген тұста бір-бірлерін сөзбен шымшып қалатынды әдетке айналдырды. Бұл отқа май құя түсуде. Мәселен, Пеле былай дейді: «Марадонаны Пелемен теңестіруге болмайды. Мұндай тақырыптағы пікірталас егер Диего мен сияқты баспен керемет ойнап, оң аяғымен күшті соққы жасай білгенде ғана туындауы қажет. Музыкада жалғыз Бетховен, сурет өнерінде – Микеланджело, футболда – Пеле болған».
Мұндай пікір Марадонаға жақсын ба, ол да өз кезегінде бразилиялықты қағыта кетуді ұмытпай, отандасы Лионель Мессидің атына жылы сөздер арнайды: «Бізді бір-бірімізге ұқсатудағы негізгі себеп – өзгелер мына тұрған Рио-де-ла-Платадан аса алмай жатқанда, екеуміздің де еуропалық футболды бағындыра білуіміз. Маған Мессидің ойыны ұнайды, оның қатысуымен өткен әрбір кездесуді тамашалай отырып, ләззат аламын. Футбол тарихының құзар шыңында екі бірдей аргентиналықтың тұрғанын көргенде Пеленің не ойлайтынын елестетіп көріңізші. Мессидің карьерасының соңына таман ғана қайсымыздың: менің я оның үздік екені жайында қорытынды шығаруға болады».
Өткен жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатының қарсаңында Пеле Аргентина ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған Марадонаны тағы мінеген еді. Ол Диегеоның команда бапкерлігіне тек ақша үшін ғана келгенін алға тартқан болатын. Сол тұста әйгілі француз Мишель Платини Аргентина құрамасын алдағы әлемдік доданың фавориттері қатарына қоспайтынын тілге тиек етті. Бұған ыза болған қызуқанды Марадона: «Пеленің орны мұражай, ал Платини барлық француздарға тән мінезбен өзін ең ақылды адам санайды. Оның өзі жақсы бапкер бола алмады ғой» деп мәлімдеді.
Пеле мен Марадонаны салыстыратын жанкүйер қауымның пікірлері қызық. Бразилиялықты жақтайтындар оның үш дүркін әлем чемпионы атанып, 1000- нан астам гол соққанын алға тартады. Ал Марадонаға бүйрегі бұратындар бірінші кезекте оның спорттық ғұмыры қысқарақ әрі дау-дамайға толы болғанына назар аудару қажет деп санайды. Олардың пікірінше, Марадонаның Пелеге қарағанда голды аз соғуына тас қамал қорғанысқа баса көңіл бөлінетін Италия чемпионатының кесірі тиген.
Пеленің жақтастары оның соққысы жойқын болғанын мақтаныш етсе, «марадонашылар» Диегоның соққысы аса күшті болмағанымен, оның допты меңгеру мәнері теңдессіз екенін көлденең тартады. Олар «Екі ойыншының соққан голдарын бейнетаспадан тамашалаңыздар, Марадона допты қақпаға қолмен қойғандай етіп енгізсе, Пеле бас-көзсіз тықпалай берген» дейді.
Пеленің үш рет әлем чемпионы атанғаны мәлім. Бірақ Марадонаның жағындағы жанкүйерлер оның командаластары күшті болғанын алға тартады. Расымен де Загало, Гарринча, Диди, Тостао т.б жұлдызды шоғырға ол заманда төтеп беру қиынның қиыны еді. Былайша айтқанда, Пеленің көмекшілері күшті болды. Ал Марадонаның кезінде Аргентина командасы мықты құрамда өнер көрсетті деп ешкім айта алмайды. Дегенмен Марадона «Жалғыз ағаш орман болмайды» дегенді жоққа шығарды. 1986 жылы ұйымдастырылған Мексикадағы әлем чем­пионатында Марадона Аргентина құрамасын бір өзі алға сүйреп, елінің мақтанышына айналды. Оның ағылшындар қақпасына қолымен төрешіге байқатпай соққан голының өзі аңызға айналып кетті. Кейінірек Диего сол голы үшін барша футбол жанкүйерлерінен кешірім сұрады. Араға төрт жыл салып, Аргентина құрамасы әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Дүниежүзінің ең мықты командалары бас қосатын дүбірлі додада бұның өзі үлкен табыс саналады ғой. Бірақ Аргентина құрамасы, Марадона жанкүйерлері үшін «алтыннан» қағылу сәтсіздік саналғандай болды. Сол кезде Марадонасы бар команданың тек бірінші орын алу керектей көрінгені өтірік емес. Десек те Италия жерінде өткен бұл бәсекеде Марадонаның жасы отызда еді, шау тарта бастаған ол талантты отандасы Ка­ниджамен бірге команданы шама-шарқы жеткенше алға тартты.
Енді екі ойыншының өмірбаянына үңіліп, футболда қол жеткізген табыстарына тоқталайық.
Эдсон Арантес до Наименто – Пеле 1940 жылы 24 қазанда Бразилияның Трес-Корасойнс қаласында дүниеге келді. Ең алғаш «Сантос» футбол клубының сапында көзге түсіп, кейінірек ұлттық құрамаға тартылды. Допты меңгерудегі ерекше қабілетімен дараланған футболшы Бразилия құрамасының сапында төрт бірдей әлем чемпио­натына қатысты. Ұлттық құраманың қатарында ол 92 кездесу өткізіп, 77 гол соқты. Үш рет әлем чемпионы атанды. Пеле алдымен 1958 жылы Швециядағы әлем біріншілігінде алтыннан алқа тағынды. Сол кезде оның жасы он сегізге де толмаған болатын. Осы чемпионатта Пеле КСРО құрамасына қарсы бәсекеде алаңға алғашқы минуттан шықты. Ширек финалда ол Уэльс құрамасының қақпасына шешуші гол салды. Жартылай финалда тіптен жарқырай көрінген Пеле француздар қақпашысын үш рет қапы қалдырып, хет-трик авторы атанды. Финалда бразилиялықтар алаң иелері – шведтерге қарсы тұрды. Тартысты кездесуде Пеле екі доп енгізіп, тағы көзге түсті.
Өкінішке қарай, Пеле 1962 және 1966 жылдары өткен әлем чемпионаттарында жарақатына байланысты өзінің бар шеберлігін көрсете алмады. Дегенмен 1970 жылы Мексикада ұйымдастырылған біріншілікте Пеле жасындай жарқырады. Осы чемпионаттан соң ол үш рет әлем чемпионы атанған жалғыз футболшы ретінде тарихтан орын алды. Әлем чемпионаттарында Пеле барлығы 14 кездесуге қатысып, 12 голды еншісіне жазды. Бір қызығы, Пеле осы ойындардың бірде біреуінде команда капитаны болып көрмеген екен. Жалпы, футбол ғұмырында ол 1363 кездесуге қатысып, 1289 голдың авторы атанған. Пеле 90 кездесуде 3 голдан, 30 кездесуде – 4, 4 кездесуде – 5 және 1 кездесуде – 8 гол соққан.
Ол «World Soccer» журналының және ФИФА-ның тұжырымы бойынша ХХ ғасырдың үздік футболшысы саналады. 1999 жылы Халықаралық олимпиада комитеті Пелені жүзжылдықтың үздік спортшысы деп жариялады.
Ол 1977 жылдың 1 қазанында үлкен футболмен қош айтысты. Пеле 1995 жылы Бразилияның спорт министрі болып тағайындалды.
Диего Армандо Марадона 1960 жылдың 30 қазанында Буэнос-Айрес маңындағы Ланус провинциясында дүниеге келді. Өз елінде «Архентинос Хуниорс», «Бока Хуниорс» командаларында өнер көрсетті. Кейінірек Испанияның «Барселона», Италияның «Наполи» және Аргентинаның «Ньюэллс Олд Бойз» командаларында бақ сынады. Ол Аргентина құрамасының сапында әлем чемпионы және күміс жүлдегері атанды. Ұлттық құрамамен үш әлем чемпионатына қатысты.
Марадона алдымен жастар құрамасының сапында жүріп, мамандар назарына ілікті. Сондай-ақ ол ішкі ел біріншілігінде табысты ойнап, мергендер көшін бастап жүрді. Кейінірек Марадона Аргентина чемпионатында 5 рет үздік мерген атанды. Мұндай көрсеткішке осы елдің өзге бірде-бір футболшысы қол жеткізіп көрген жоқ.
1982 жылы Марадона Испанияның «Барселонасына» ауысты. Екі жақ 8 миллион АҚШ долларына тоқтап, бұл сол кездегі меже бойынша рекордтық сома болып тіркелді. Каталондықтардың қатарында екі маусым доп тепкен Марадона Испания біріншілігінің қола жүлдесін иеленді. Кейінірек ол «Барселона» жейдесін кигені қателік болғанын мәлімдеді.
1984 жылдың маусымында Марадона Италияның «Наполи» клубына ауысты. Бұл даңқты ойыншының ғұмырындағы ең жарқын сәттер еді. Бір кездері жоғары топтан түсіп қалмаудың қамын күйттеп келген «Наполи» Марадона сынды шебер ойыншының келуімен үлкен өзгеріске тап болды. Команда басшылығы құрамды тәжірибелі футболшылармен толықтырып, көп ұзамай «Наполи» жүлделі орындарға таласа бастады. 1987 және 1990 жылдары ол Италия чемпионатын, ал1989 жылы «Наполи» Еуропа клубтары арасындағы беделді жарыс – УЕФА кубогын (қазіргі Еуропа лигасы) ұтып алды.
1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатының Марадона есімімен тығыз байланысты болып қалары анық. Аргентина құрамасы жеңіске жеткен бұл дода барысында футбол жанкүйерлері асқан талантты ойыншының көз сүйсінтер өнеріне куә болды. Ширек финалда Аргентина мен Англия құрамалары кездесті және Марадона бастаған жігіттер бұл кездесуде 2:1 есебімен жеңді. Аргентиналықтардың келесі кезеңге өтуіне Марадонаның қолмен енгізген добы септігін тигізді. Жартылай финалда Аргентина командасы Бельгия құрамасына қарсы тұрды. Бұл кездесудің тағдырын Марадона соққан екі гол шешті. Ал финалда аргентиналықтарды көпшілік болжағандай Ми­шель Платини бастаған Франция құрамасы емес, немістер күтіп тұрған еді. Өте тартысты өткен ойында 3:2 есебімен Марадонаның командасы жеңіске жетті.
Бұдан кейін Марадона тағы екі әлем чемпионатына қатысты. 1990 жылы Италияда өткен додада ол Аргентина құрамасының күміс жүлдеге қол жеткізуіне септігін тигізді 1994 жылы АҚШ-та ұйымдастырылған чемпионатта Марадона алғашқы екі кездесуге ғана қатыса алды. Алайда допингтік бақылау барысында Диего Марадонаның қанынан тыйым салынған бес түрлі дәрілік зат табылып, ол жарыстан шеттетілді. Осыдан кейін-ақ аргентиналық шебердің жолы оңғарылмады.
Міне, әлемдік футболдың тарихында өшпес із қалдырған Пеле мен Марадонаның бір-бірінен кем түсер тұсы жоқ және оларды салыстырып, өзара жарыстыру да жөн емес. Әр кезеңнің өз қаһарманы бар десек, екі бөлек уақыт бе­дерінде доп тепкен бұл ойыншылардың қайсысы мықты екенін ешкім де, ешқашан да анықтап бере алмайды. Ал әлі күнге дейін олардың орнын басар жарық жұлдыз неге жоқ? Өйткені мұндай таланттар ғасырда бір туады десек, өткен жүзжылдық футбол әлеміне олардың бір емес, екеуін бір-ақ тарту еткен екен. Әрине, Иохан Кройфф, Франц Беккенбауэр, Мишель Платини, Рууд Гуллит, Марко Ван Бастен, Роберто Баджо, Лотар Маттеус, Роналдо, Зинедин Зидан т.б сынды шеберлердің өнері де жанкүйер жүрегінде сақталып қала бермек. Бірақ дәл Пеле мен Марадона тудырған дүбірдің үні бөлек екені даусыз.

Шалқар Естен

1 пікір

Adil SAIGON 22-Декабрь, 2011 at 11:55

Duris,jaksi wikkan

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*