ALADOP.KZ
Сараптама Ұлттық құрама

Ойын тең болса да, көңіл тоқ

Мейлі ойын теңбе-тең аяқталсын, мейлі 95 минутқа созылған матчта жігіттеріміз бір-ақ гол соқсын, бірақ нағыз жанкүйердің Қазақстан – Сирия жолдастық кездесуінен ләззат алып қайтқанына сенімдімін. Рас, жекелеген ойыншыларымыздың қателіктері қарнымызды ашырғаны болмаса, жалпы алғанда ұлттық құрамамыздың ойынынан прогрестің бары байқалады.

Қазақстан – Сирия – 1:1

Голдар: Көкеев, 71 — Сабах, 64.

Ескертулер: Гридин, 7. Қонысбаев, 75 — Эстанбали, 14.

Ойынның 86-минутында Эстанбали (С) алаңнан қуылды.

Қазақстан: Нестеренко (Цирин, 46), Киров, Логвиненко, Мұхтаров, Гурман (Смақов, 46), Нұрдәулетов, Қонысбаев (Мұжықов, 84), Шахметов (Хайруллин, 46), Нөсербаев (Көкеев, 46), Гридин, Хижниченко (Остапенко, 46).

Қосалқы құрамда: Рожков.

Сирия: Хиссо, Абдулдаим, Исмаил, Сабах, Хомси, әл-Хұсейін, Диаб, Рафе, әл-Тусиен, Аламна, Естанбали.

Бас төреші: Игорь Егоров (Ресей).

Қатардағы қарапайым матчтардың бірі дейміз-ау. Солайы солай-ақ шығар. Бірақ стадион маңындағы автотұраққа көліктер күндізгі сағат бес болмай жатып жинала бастағанда кәдімгідей таңғалдық. «Япыр-ау, елордамызда да ұлттық құрама десе бар жұмысын жайына қалдырып, стадионға ағылатындар бар екен ғой», – деп шын қуандық. Алайда 30 мыңдық аренада бар болғаны 5 мыңға жетер-жетпес көрерменнің отырғаны, шынында да, көңілге кірбің ұялатады екен. Ал ойын… Ойын сөз жоқ, тамаша өтті. Таблодағы қорытынды көрсеткіш 1:1-ді көрсетсе де, жерлестеріміздің ойынынан ләззат алып қайттық.

Матч соңындағы баспасөз мәслихатында өзі түсіндіріп бергеніндей, «Ақтөбенің» Еуропа лигасындағы ойынынан кейін ұлттық құраманың қос көшбасшысы Самат Смақов пен Марат Хайруллинге бас бапкер 45 минутқа демалыс беруді жөн көріпті. Олардың орнына негізгі құрамдағы қос дебютант Марк Гурман мен Марат Шахметов шықты. Сондай-ақ осыдан екі ай бұрынғы Әзірбайжанмен болған кездесуге қарағанда бұл жолы Таңат Нөсербаев, Сергей Хижниченко, Александр Киров сияқты саңлақтарымыз да бірінші минуттан бастап-ақ алаңға шықты. Арасында Таңат қана өзі үйренген шабуыл шебінде емес, оң қапталдағы жартылай қорғаныста өнер көрсетті демесеңіз, қалғандарының бәрі де алаңдағы орындарын өзгерткен жоқ.

Сонымен, ойын да басталып кетті. Күткеніміздей-ақ, жылдам гол соғып алуды көздеген жерлестеріміз бірден шабуылға жөңкілді. Алғашқы жиырма минуттықта оң қапталдан Таңат Нөсербаев көсіле шапса, бірінші таймның екінші жартысында сол қапталдан ойқастаған Ұлан Қонысбаев ойынға әр беріп, өзі де гол соғатын керемет мүмкіндікке ие болған. Өкінішке қарай, теңбіл допты өзінен сәл ұзатып алған Ұлан өзі ойлағандай соққы жасай алмады. Бұдан кейін Хижниченко да қақпаға шамамен бір метрдей жерден допты баспен бағыттаған. Бірақ теңбіл «снаряд» қарсылас қорғаушысының аяғына тиіп, кері серпілді. Жалпы, санай берсек, жерлестеріміздің пайдалана алмаған мұндай мүмкіндіктері жетіп артылады. Алайда пайда әпермеген соң, оның барлығына тоқталып қайтеміз. Сирияда да бірінші таймда гол соғатын керемет мүмкіндік болды. Белден жоғары әуелете жеткен допты шабуылшыларының бірі шірене тепкен. Бағымызға орай, өзіне берілген 45 минутта қателікке бой алдырмаған қақпашымыз Роман Нестеренко допты қайтарып үлгерді.

Үзілістен кейін көрермендердің қошеметімен қақпашы Антон Цирин, қорғаушы Самат Смақов, жартылай қорғаушылар Жамбыл Көкеев пен Марат Хайруллин және шабуылшы Сергей Остапенко ойынға қосылды. Сол-ақ екен, жаңа деммен шабуылға көшкен жігіттер бірінен соң бірі Кавай Хиссо қорғаған қақпаны нысанаға алып, бірнеше соққы бағыттады. Әсіресе Таңатты алмастырып, Ұланды оң қапталға жіберіп, өзі сол қапталда ойқастаған Жамбыл Көкеевтің көсіле шапқанына риза болдық. Алғашында Жамбыл өз ойынын тап­пай жүргендей көрінген. Бірақ алаңға бойын үйретіп алғаннан кейін бұйра шашты қара домалағымызды тоқтату сириялықтар үшін мүмкін болмады. Көкеевтің аяғына доп тисе болды, сириялықтар еріксіз кейін шегіне беретін жағдайға жетті. Допты оң аяғына бір, сол аяғына бір салып, қорғаушылардың арасынан түлкібұлаңмен сытылып кетіп отырды. Бірақ демеу болар ешкім табылмай, ақыры Жамбыл бастаған шабуылдар аяқсыз қалып жатты. Сондай-ақ өзінің туған күнінде өзіне сыйлық жасағысы келген Антон Цирин де бар өнерін көрсетіп бақты. Бастапқыда жұмысы аса көп болмаған. Бірақ оң қапталымызды он тескен сириялықтар Циринді де жұмыссыз қалдырған жоқ. Алайда Антон қақпасына төнген қауіптің бәрін қайтарумен болды. Ал әлгі голда оның титтей де кінәсі жоқ. Гол – сенген серкеміз Самат Смақовтың салғырттығынан кейін соғылды. Жанындағы қар­сыласын жауып үлгермей, жаза басқан Смақов ақыры қақпамызға соғылған голдың тікелей себепкері атанды. Артынан кінәсін түсініп, әріптестерінен кешірім сұрап, қолдарын алды. Дегенмен оның алдында да жиі қателіктерге бой алдырған еді. Тіпті жанындағы допқа жете алмай, дал болған кезі де аз болмады. Бір сөзбен айтқанда, сенімді қорғаушымыз қорғаныста шау тарта бастағандай. Бірақ ол сонда да беделді ғой, шіркін! Командаластарының да Саматқа сенетіні көрініп тұрды. Сондықтан да болар, шабуылдардың көбісін өзі бастап жатты. Әсіресе өз қапталынан допты диагональ сызығы бойынша алаң ортасына дейін сүйрете жеткізіп, сол аяғымен қайта оң қапталға пас асырғанда көзің сүйсінеді. Сөйтіп жүріп, есепті теңестіруге де септігін тигізді. Ол асырған пасқа қорғаушылар тосқауыл болып үлгерген. Серпілген допқа Остапенко бірінші болып жетіп, Қонысбаевқа ысырды. Ал Ұланның әуелеткен пасы бойшаң жігіттердің барлығынан асып, өзінің «егізі» Көкеевтің «алтын» басынан табылды. Есеп 1:1. Бұдан кейін де жігіттерімізде гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған. Сергей Гридин әріптесінен пас алған тұста өзін «ойыннан тыс қалдым» деп ойлап қалса керек, қапталдағы төрешіге жалтақтаймын деп астындағы добын қақпаға өзі ойлағандай бағыттай алмады. Остапенко ше? «Остап» бізге ауыр қимылдайтын секілді көрінді. Ойынында мән жоқ. Соққысы да жойқын емес. Оған қарағанда ұлттық құраманың жейдесін бірінші рет киіп шыққан Серікжан Мұжықов жарады. Бастапқыда аздап қобалжығанымен артынша бойын үйретіп, Хиссо қақпасына үш соққы жасап үлгерді. Сонымен, Қазақстан мен Сирия өздерінің төртінші текетіресінде тең ойынға қанағат білдірісіп тарқасты.

Жалпы, бұл матч біз үшін несімен құнды? Ойынды мұқият қараған көрерменмен ойымыз бір жерден шығып отырған болар… Біріншіден, жаңа футболшылардың әлеуеттерін байқай алдық. Екіншіден, алдағы жауапты кездесулер алдында орталық қор­ғаушыларымыздың түсіністіктерін арттыра алдық. Үшіншіден, пан Беранек өзіне қажетті футболшыларды жинақтап болған секілді. Ал ең бастысы, ойын өрнегіміз түзеліп келе жатқан секілді. Шабуылдаудан қорықпаймыз. Ұранымыз – «Алға!». Пастарымыз да өтімді. Енді тек нысананы түзеу ғана қалды. Және ойынымызды тежеп отырған бірлі-екілі футболшыдан арылуымыз керек. Олардың кім екенін бас бапкер де біліп отырған болар…

Низар МАХРУЗ, Сирия ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Қасиетті Рамазан айы кезінде қандай жағдай болмасын, аузымыз берік болады. Бүгін де ұлттық құраманың ойынын сылтау етіп, аузымызды ашып тастаған жоқпыз. Қайта Алланың өзі күш беретініне сенеміз. Бұл ойында да бізге ораза ұстағанымыз көмектесті. Бір футболшымыз алаңнан қуылғанда да бірлігіміз ажыраған жоқ. Мұсылман қауымына Рамазан айы қайта күш-қуат береді. Жалпы, қорытынды есепке көңілім толады.

Мирослав БЕРАНЕК, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Тек жеңісті ғана көздегенбіз. Өкінішке қарай, матч біз ойлағандай есеппен аяқталмады. Дегенмен дәл қазір ұлттық құрамада осы жігіттерге және белгілі себептерге байланысты осы ойынға шақыртылмаған Каримов, Шмидтгаль, Гетериев сынды саңлақтарға сенемін. Басқа жігіттерге де есік ашық. Бірақ олар туралы сәл кейінірек сөйлескеніміз дұрыс болар.

Автор: Әзиз Жанәділ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*