ALADOP.KZ
Еуро-2012

Гректер тағы бір ерледі

Кеше ЕУРО-2012-де «А» тобынан шыққан екі команда белгілі болды. Ұпай санымен лидер Чехия және 4 ұпайды еншілеген Грекия ширек финалға жолдама алды. Көпшілігі Ресейдің топты жарып шығатынына бек сенімді еді. Мен де дәл осылай жорамалдағанмын. Алайда гректер мен чехтардың шыққанын көңіл шіркін қалаған-ды. Тілегенімдей-ақ болды. Екі ойын да бір уақытта болғандықтан тек Ресей мен Грекия матчын көруге мүмкіндік туды. Сол кездесуді шама-шарқымызша талдап көрсек. 
Алғашқы 45 минутта ойын тізгіні орыстарда болғанын ешкім жоққа шығармас. Қайта-қайта кеп гректердің қақпасының алдында тулаған оларға сәттілік жетіспеді. Ал гректердің орыс қақпасына жасалған бір-екі шабуылы ғана есімде. Орыстардың қателігі қақпаны алыстан көздеуінде болды. Қақпаға жақын тұрған аяқдопшыға пас берудің орнына тікелей нысанаға тоғытуды ойлаған оларға дәлдік жетіспей жатты. Алдындағыға ұзатса қорғанысы әлсіз грек қақпасынан оп-оңай-ақ саңылау табатындары сөзсіз еді. Осыдан орыс аяқдопшылардың гол авторы өзім атанам деген бәсеке, өзімшілдігі де байқалып қалды. Осылайша ұзақтан тепкен доптары қиыс кетіп, орыстан «өздерін өздері орға жықты» десек қателеспейміз. Алғашқы таймды гректер қорғанумен-ақ өткізді. Алайда қорғаныста да мықты дей алмас едік.
Негізгі уақытқа қосылған екі минутта гректердің капитаны Карагунис айып алаңынан қиыстай теуіп, допты орыстардың қақпасында тулатты. Осылайша рахат солық алып, үзіліске кетті.
Енді екінші 45-те орыстар атқа қамшы баса ма десем, гректердің қарқыны күшейіп алды. Һәм қорғанып, һәм шабуылдап, орыстарды әбден састырды. Тек соңғы он бес минутта «Ажал келмей жан шықпайтынын» біліп, қайтадан шабуылға көшкен орыстар үшін кеш еді. Айтпақшы, төрешінің өзі орыстарға бұра тартты ма қалай? 61 минутта Карагунис айып алаңынан қақпаға беттеп келе жатқанында шалынып құлаған эпизоды даусыз пенальти еді. Алайда арбитр оның пенальтиін бермеуімен қоймай сары карточкасын көрсеткені қызық болды. Басқа да эпизодтарда орыс ойыншылардан сары қағазын аяп қалды. Алайда, «Аққа қара жақ» дегендей, бұл гректердің жеңіске жетуіне ешқандай ықпал ете қоймады. Осылайша ЕУРО-2012нің жұлдызы етіп қойған Дзагоев пен орыстардың үкілі үміті Аршавин командасын командасына ширек финал билетін әпере алмады.
Сондай-ақ кешегі матчта голдың авторы Карагунис болғанымен қаһарман Самарас еді. Орыстың үш төрт ойыншысын қапыда қалдырып, әдемі пас шығара білген ол командасының жеңісінде басты рөлді ойнады деп сеніммен айтуға болады.
Бәрін айт та, бірін айт. Кешегі күннің нәтижелері менің көңілімнен шықты. Ширек финалдан көргім келген гректер үмітті ақтады. Сондай-ақ Милан Барошы бар чехтердің бәсекеден ертерек қол үзбегені жақсы болды…

Ғалия Серікқызы

Стамбул

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*