ALADOP.KZ
Қазақстан

100 сағатқа созылған «Футбол соғысы» немесе теңбіл доптың сиқыры неде?

Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын еркек көп. Теңбіл доптың не құдіреті бар дерсіз? Әйтеуір «арбаған мені бір сиқыр».
Қазақ спорт журналистикасының ардагері, марқұм Сейдағаң, Сейдахмет Бердіқұлов айтқан осы қанатты сөздің тылсымын шын жанкүйер болған адам түсінеді. Ал жанкүйер болу…

Футбол фанаттары – қызуқандылар

Жанкүйер болу денеңдегі бар күшіңді сарқып жеңілдеп қалу деген сөз. Тырыс­қан,сірескен еркектің қабағы жасыл алаңға қиқулауға келгенде жазылады. Мейлі, өзің қолпаштап отырған командаң жеңіліп қалсын, бірақ сұлу ойын-өрнегін көрсетсе, соның өзі жетістік. Футболға жан­күйер болу – барлық эмоцияңды шы­ғару. Біз спорт – бейбітшілік елшісі дейміз, бірақ…

Шын мәнінде солай ма? Кейде бір фут­болдың кесірінен мемлекет арасына сына қағылып, дүрдараздыққа ұласқан сәттер де болған. Мысалы, 1969 жыл тарихта «футбол соғысы» деген атпен қалды. 1970 жылы өтетін әлем чемпионатына баратын жолда­маны сарапқа салу үшін Гондурас пен Саль­ва­дор құрамалары кездесті. Алғашқы ойын­да гондурастықтар шамалы есеп айыр­­машылығымен ұтты. Бұл жеңілісті «қор­лық» деп ұққан сальвадорлық бір жанкүйер төрешінің ысқырығы естіле бере өз-өзін атып өлтірді. Сыртқа беттеп бара жатқан екі ел жанкүйерлерінің арасында қақтығыс туа жаздап барып басылды. Алай­да екінші жауапты ойында сальвадор­лық жанкүйерлер өз құрамасынан тек жеңіс күтті. Бірақ жеңістің буы ауыр қайғы алып келді. Екінші ойында алаң иелері қарсы­лас­тарын айқын басымдылықпен ұтты. Ойыннан соң жеңіске масаттанған сальва­дорлықтар Гондурастан келген жанкүйер­лерді ұрып-соқты, Гондурас мемлекетітінің туы, барлық мемлекеттік символдық бел­гілері өртелді. Елде қызмет ететін гондурас­тықтар өлтірілді. Осында жұмыс істейтін ондаған мың Гондурас азаматтары елден қуылды. Бұған жауап ретінде Гондурас елі­нің бұзықтары сальвадорлық бизнесті жой­ды. Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет арасындағы дүрдараздықты ба­рынша қоздырып, жағдай ушықты. Ақыры 1969 жылдың 16 шілдесі күні мұздай қа­руланған 9 мың адамдық Сальвадор армия­сы Гондурас жеріне баса көктеп кіріп, елдің біраз бөлігін жаулап алды. Жаулап алынған жерлерде сальвадорлықтар әскери губерна­торлар тағайындалды. Екі күннен кейін Гондурас әскері жауына соққы бергенмен, қарсыласын тоқтата алмады. 17 шілде күні екі жақтың қиян-кескі ұрысында мыңдаған мың адам қаза тауып, Сальвадор армиясы ел ішіне 29 шақырымға дейін кіріп, ондаған нысандарды басып алды. Бұл ұрысқа сырт­қы күштер араласқаннан кейін ғана ба­рып, соғыс тоқтатылды. Келіссөздер басталды. Бұл тарихта «футбол майданы» немесе «100 сағатқа созылған соғыс» деген атпен қалды. Бірақ жасыл алаңдағы бір жеңістің буы екі елге де қымбатқа түсті. «100 сағаттық со­ғыс­та» екі елден 4 мың адам қаза тапты, ел экономикасы ауыр зардапқа ұшырады. 50 мил­лион доллар шығын әкелген «жасыл алаң­дағы» жеңістің салдары осылай қайғы­мен аяқталды.
Жалпы, жеңіске максаттанған немесе жеңіліске намыстанған жанкүйерлер еш­кім­ді аямайды. 2002 жылы Мәскеуде өз құрамасы Жапониядан ұтылғаннан кейін орыс жанкүйерлері Манеж алаңында тәртіпсіздік орын алды. Топ-тобымен көшеге шыққан футбол фанаттарының бұзақылығынан 107 көліктің быт-шыты шығып, 8 таксофон, 36 дүкен қирады, 7 көлік өртелді. Пышақ жарақатынан 17 жастағы мәскеулік оқушы Андрей Тружен­ников тілге келмей қайтыс болды. Қанды төбелесті ұйымдастырған 130 адам ұсталып, айып тағылды. Мәскеулік полиция өкіл­дерінің хабарлауынша, топтық төбелеске 7-8 мың адам қатысқан. Бассыздықтың сал­дарынан Мәскеудің ІІД-нің басшысы мен мәрдің орынбасары қызметінен кетті.

Футбол фанаттарының төбелесі аз емес. 2012 жылдың 1 ақпанында «Порт Саид» стадионында бұзақылық орын алып, жанкүйерлер бір-бірін аяған жоқ. Жергілікті «Аль-Масри» мен «Аль-Ахли» клубы кездесіп, соңғысы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ойын аяқтала бере жанкүйерлер алаңға жүгіріп шығып, жеңілген команда­ның футболистерін тепкіге алады. Жан­күйер­лер арасында жағдай шиеленісіп, топтық төбелестің салдарынан 73 адам қаза тапты. Мыңдаған адам жарақат алды, бірнеше адам артынан пышақ жарақатынан көз жұмды. Болған оқиғаға орай Египеттің футбол федерациясы елдің премьер-лигасындағы матчты бірнеше айға тоқтатты. 47 адам қамауға алынып, 70 адамға айып тағылды.
2012 жылдың 12 маусымында Польша­ның футбол фанаттары да Ұлттық орталық стадионға топ-тобымен келе жатқан орыс жанкүйерлеріне тиісіп, төбелестің сал­дарынан 184 адам ұсталды. 25 адамға меди­циналық жәрдем көрсетілді. Ондаған адам жарақат алды. Іске жедел полиция аралас­пағанда, бұзақылықтан адам өлімі орын алатын еді…

Жасыл алаң қызықтары

Қалай айтқанда да кейбір жағдайда спорт – бейбітшілік елшісі қызметін атқар­май тұр. Әрине, жанкүйер бола білу де –мәдениеттілік. Бірақ адамның бәрі бірдей емес қой. Төбелеспей-ақ жанкүйер болуға болады. Мәселе адамның мәдениеттілігі мен ішкі тәртібіне барып тіреледі ғой. Әрине, ыза мен ашуыңды айқайлап-ақ шығаруға болады. Бірақ дүкен қиратып, адам ұрып қажеті не? Адамзатқа тән ортақ заңдылық бар. Ол – қоғамдық тәртіпке бағыну. Бірақ адам темір емес. Біз жанкүйер­дің кінәсінен болған қақтығыстарды, зар­дап келген шығындарды көреміз. Бірақ біз білмейтін, біз назар аудара қоймайтын нәрсе де бар. Ол – жасыл алаңдағы болатын жайттар. Төбелеспей-ақ жанкүйерлерді шошытатын оқиғалар болып жатады кейде жасыл алаңда.

Осыдан бірер жыл бұрын Румынияның төртінші дивизионында ойнайтын «Чисо­да» және «Унирей» командаларының ара­сында ойын өтіп жатқан тұста полиция арнаулы бөлімінің жасақтары көлікпен дабылдатып, алаңға баса-көктеп кірген. Ойнап жатқан бүкіл футболшыларды жерге жатқызып, әрқайсысын тексерген. Алайда қылмыскер олардың арасында болмай шықты. Кейіннен анықталғандай, полиция «Чисода» клубының ойыншысы Сорина Удраны іздеген көрінеді. Ал ол бұл уақытта трибунада өз клубына жанкүйер болып отырған. Сөйтсе, футболшының ұрлық жасап, контрабандағы қатысы болып шық­қан. Жалпы, алаңда жанкүйерді дүрлік­тіретін осындай оқиғалар да аракідік кез­десіп тұ­рады. Израильдың «Апоэль» клу­бының қақ­пашысы Лиор Асулинді де сот орындау­шылары ойын кезінде тұт­қындады. Былайғы кезде оны таба алмай шаршаған полиция қызметкерлері Асулинді осылай құрыққа түсірген. Сөйтсе, ол бұрынғы әйе­ліне 4 мың доллар көлемінде алимент төлемеген көрінеді.

Жалпы, жасыл алаңда қызықты әрекет­терімен есте қалатын футболшылар жетіп артылады. Бірі доп соққаннан кейін екі қолын созып, Құдайға құлшылық жасап, рақметін айтса, екіншілері саусағындағы жүзігін сүйеді. Тіпті билеп, елдің есінде қалатын футболшылар да жетерлік. Әрине, қуаныштың көз жасы талай әрекетке алып барар. Десек те, Исландияның «Стьярнан» клубының футболшылары алдын ала арнайы дайындалып, жасыл алаңда әртүрлі «операциялар» жүзеге асыруға құштар. Олар әр соғылған допқа осылай шығар­ма­шылықпен келеді. Өткен жылы ақ көгілдір формадағы «Стьярнан» футболшыларының тағы бір спектаклі бүкіл интернетті шарлап кетті. Бір футболшы кезекті голдан кейін жата қап, «дүниеге сәби әкеледі.» Шақалақ сәбиді көтеріп алған екі футболшы оны тербете отырып көкке көтереді. Олар осы әрекетімен алаңдағы әріптесін ұлды болуы­мен құттықтаған.. Тіпті «стьярнандық» үш футболшы унитазда үлкен дәретте отырған адамның сұлбасын жасап, жанкүйерлерді бір қиқулатқаны бар. Тағы бір қызығы, үлкен дәретте отырған адам «тірлігін біті­ріп», унитаздың қақпағын жауып кетеді. Бірнеше секундтарды алатын бұл көрініс, әрине, күлкі тудырар. Бірақ жанкүйерлер үшін жасалатын бұл қылықтың бәрі қыз­ғылықты көрінері сөзсіз. Ал «Стьярнан» клубы Исландия чемпионатында жүлде­гер­лер қатарында жүрмесе де, жаттығу кезінде осындай арнайы опрерациялар жасап, ойын кезінде оны көрсетудің шебері» дейді бүкіләлемдік БАҚ.
Жалпы, алаңда әртүрлі қойылымда ойнау өнері 1990 жылы камерундық фут­болшы Роже Милланың атақты биінен бастау алды десек қателеспеспіз. 38 жасында Италиядағы әлем біріншілігінде бұрыштама добының тұсында ілінген туды ұстап тұрып, ол африкалық ұлттық биді билеп жұртшылықтың есінде қалды. Міне содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті.

Десек те, жан беріп, жан алысқан қызу­қанды ойынның бәрі де сәтті аяқтала бермейді. Жеңістің бәрі қуаныш емес. Оның ауыр зардабы болады. Швейцария­ның «Серветт» клубының шабуылшысы Паулу Диогу кезекті доп соғып, қуаныштан қақпаның артындағы шарбақтан секіріп, өтпек болғанда, саусағы темірдің тесігіне кіріп кетіп, шықпай қалған. Саусағының сүйегі сынған ойыншы операциядан кейін біраз уақыт трибунада отырды. Тіпті жеңіс добына шектен тыс эмоциясын білдірген ойыншыға төреші сыры қағаз да көрсет­кен.

Әрине, алаңда әртүрлі жағдайлар болады. Қулық та, сұмдық та, қасақана әрекет те. Швеция чемпионатында «Гете­борг» пен «Эребру» клубтары ойнап жатқан сәтте, соңғы команда футболшыларының талап етуімен аяқ астынан алғашқы таймның 30 минутында ойын тоқтатылған. Сөйтсе, «Гетеборгтің» қақпашысы өзінің қақпасын бірнеше сантиметрге артқа қарай жылжытып қойған көрінеді. Төрешілер келіп анықтағанда, шын мәнінде солай болып шыққан. Кристенсен осы әрекеті үшін сары қағаз, ескерту алды. Кейін Швеция футбол федерациясының сарап­шылары бейнежазбадан қақпашының әрекетін бақылағанда, Кристенсеннің қақпаның екі жақтағы тік бағанасын тепкілеп тұрғанын көрген.

Қазақта бір мақал бар: «аяқкиімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген. Ал қақпашыны… дәрет қысса ше?! Жанын қоярға жер таппас. Немістің «Штутгарт» клубының қақпашысы Йенс Леманның (суретте) басынан осындай жағдай өткен. Өз командасы шабуылға шыққан сәтте ол кіші дәрет қысып, қақпа жанындағы жарнаманың шитінің артына «тірлігін тез бітіріп алайын» деп жатқан сәтте қарсыластар допты тартып алып, Леманның қақпасына қарай құлдилаған. Бірақ бәрі сәтті аяқталды. Доп соғылған жоқ. Ойыннан соң сауал қойған журналис­терге ол «қатты ашуланғанын айтып», ақ­талған. 1998, 2002 және 2006 жылғы үш әлем біріншілігінен қатысқан қақпашы Германия құрамасы үшін 61 ойын өткізген екен.

Әрине, футболдың өз тәртібі, өз ережесі бар. Жеңіс эмоциялық көңіл күйдің ең биік шыңы болғанымен қуанышқа да сабырмен қарау қажет. Рио-де-Жанейрода «Ботофаго» клубымен кездесіп жатқан «Кабофриэнсе» командасының ойыншысы Клеберсон жеңіс добын соққаннан кейін қуанғаннан жасыл алаңдағы төрешінің маңдайынан сүйіп алады. Бірақ… сүйгені үшін ол сары қағаз алды. Ойыннан соң, журналистерге берген сұхбатында «Мен мұндай ереженің барын білмеппін. Сол үшін ескерту алдым» деген екен. Кейіннен телевизиядағылар төрешінің ернін қимылын аңғарған кезде, «ол футболшыға» «мені сүюге болмайды» деп айтып, ескерту жасағанын көреді.

Жалпы, төрешілерге қатысты қызықтар да аз емес. Бразилияның футбол біріншілі­гі­гіне қазылық етіп жатқан төреші ереже бұзған ойыншыға ескерту жасау үшін, төс қалтасынан сары қағазды суырып алмақ болғанда… оның орнына әйелдің қызыл түсті ішкі киімі шыққан. Қолымен жоғары көтерген іш киім кейіннен бүкіл интернет пен БАҚ-ты шарлап кеткен. Артынан Terra басылымына сұхбат берген төреші әйелдің іш киімінің өзінің төс қалтасына қалай тап болғанын білмей дал болған. Абыройды төгер осындай көріністі три­бунада отырған әйелі де көрген. Ыңғайсыз оқиғадан кейін екеуі ұзамай ажырасқанын жазады интернет.

Теңбіл допқа қатысты қызғылықты де­рек­тер өте көп. 1986 жылдың 22 маусымында Мехиконың «Ацтека» стадионында Валь­даноның биіктеп берген пасын баспен емес, сол қолының жұдырығымен қақпаға со­ғып кеткен Марадонаның голын бүкіл жанкүйер қауым ұмытқан жоқ. Ашуланған ағылшындық ойыншылардың пікірін елең қылмаған төреші бұл допты санап жібергені де есте. «Менің емес, Ол – Құдайдың қолы еді» деп уәжбен жауап қайтарған Марадона (суретте) уақыт өте келе допты сол қолының жұдырығымен соққанын да мойындаған. Бірақ тарихта ол көрініс «Мародонаның Құдай берген қолы » деген атпен қалды.

Әлемдегі бірінші спорт футболдың сиқыры күшті. Теңбіл доптың құдiреті жасты да, кәріні де арбаған. Австриялық ғалымдар Маттиас Зуттер мен Мартин Кохер ұзақ жылғы ойындарды зерттей отырып, көп жағдайда төрешілердің алаң иелеріне бүйрегі бұратынын анықтаған. Қос ғалым алаңда қарсыластарын қабылдап жатқан команда ұтылып тұрса, ондай жағ­дайда неміс төрешілері қосымша уа­қытты созуға тырысатынын дәлелдеп шығарған. Сонымен қатар олар қарсылас командаға да сары қағазды көбiрек көрсететінін анық­таған. Бірақ уақыт өте келе екі ғалым да өз зерттеулерін күрт тоқтатқан. Ал ақи­қат Маттиас Зуттер мен Мартин Кохер зерт­тегендей ме? Енді ол жағы белгісіз. Бірақ …
…Теңбіл допта сиқыр бар.

 

Берік Бейсенұлы

1 пікір

Ғаниев Олжас 23-Июнь, 2013 at 5:46

Жаксы макала!

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*