ALADOP.KZ
Әлем футболы

Көше футболына куә болдық…Испания — Таити

Футбол

Испания-Таити құрамаларының арасындағы кездесу көше футболына көбірек ұқсайды. Соңғы әлем чемпионатының және Еуропа біріншілігінің жеңімпаздары Таити құрамасының тас-талқанын шығарды. Ойынның үшінші минутынан бастап таитиліктердің қақпасы голдан босамады. Көгілдір экранның бергі жағында отырған біз есептен жаңылыстық. Аталмыш кездесу екі құраманың емес, испандықтардың 10 ойыншысының арасында болған сияқты. «Қызыл фурия» тарландары «ең көп голды кім салады?» деп ала допты алаңмен домалатып жіберді. Ақырында, Торрес төрт гол, Давид Вилья 3 гол, Давид Сильва 2 гол, Хуан Мата 1 гол салып, Испания құрамасын жеңіске жеткізді.

 

Екі нәсілдің шайқасы

Ел күткендей Нигерия мен уругвайлықтардың арасындағы доп додасы өте тартысты өтті. Халық бұл кездесу екі мемлекеттің емес, екі нәсілдің арасындағы жарыс деп бағалаған болатын. Алғашқы минуттардан Уругвайлықтар «уралап» шабуылға шықты. Көздеген аңын аңдыған жыртқыштай… Осылайша Уругвай құрамасы нигериялықтардың қақпасынан саңлау іздеумен болды. Ойынның 19-минутында уругвай құрамасының белді ойыншысы Диего Форлан оң қанаттан қақпа маңына пас тастады. Аталған пасты шабуылшы Лугано сол аяқпен қақпа ішіне бағыттады. Есеп: 1-0. Десек те нигериялықтар өздерінің «оңай шағылатын жаңғақ» емес екендіктерін дәлелдеді. Олар уругвайлықтардың қақпасына жиі шабуылдап, 37 минутта Оби Микель есепті теңестірді. Осылайша, бірінші тайм екі құраманың тең ойынымен аяқталды. Екінші тайм қауіпті сәттерге толы болғанымен, голға сараң болды. 51-минуттағы Форланның оң қанаттан қақпа ішіне бағыттаған соққысы голмен аяқталып, уругвайлықтарға өздеріне тиесілі 3 ұпайды алып берді.

Автор: Айдос АҚМЫРЗА

1 пікір

Бекежан Мангыстау |Реал М-Бавария| 22-Июнь, 2013 at 6:15

кавани мен суарес не бітіріп жур..

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*