ALADOP.KZ
Сараптама

Ел футболының ертеңі

5f4ca10eeac9b3b54246da0a0532ca19Қазақстан ұлттық футбол құрамасы сүреңсіз ойын көрсетсе де, жанкүйерлер болашақтан үміт күтумен келеді.

Құрамадағы легионерлердің ойыны жүретін емес. Азаматтық алып берсек те, шетелден келген футболшылардың жарытып ойнап жүргені шамалы. Кейінгі жас толқын арасынан команданы алға сүйрейтін көшбасшылардың шығатынынан үмітімізді үзе қоймадық, әйтсе де. Осы орайда, болашағынан үміт күттіретін жас таланттарды оқырманға ұсынып отырмыз. Ел футболының көсегесін көгертетін де осылар болатыны анық.

1. Бауыржан Исламхан карьерасын «Тараз» клубынан бастаған-тұғын. Негізгі құрамға іліккеніне бірінші жыл екеніне қарамастан-ақ, ол тараздық клубтың капитаны атанып үлгерді. Жартылай қорғаушы «Тараз» сапында суперлиганың 23 ойынына қатысып, 4 голдың авторы атанған-ды. Биыл достастық кубогы кезінде Бауыржан жасындай жарқылдады. Турнирден соң оны өз сапында көргісі келетін клубтар қатары көбейді. Ақпанда Исламханды ресейлік «Кубань» клубы сатып алып, үш жылға келісімшарт жасасты. Кейінірек «Астана» оны бір маусымға жалға алды. Бауыржанда болашақта ұлттық құраманың тірегіне айналатын мүмкіндіктің бәрі бар. Ол көшбасшылық қабілетке ие, ойынды жақсы ұйымдастырады, бір паспен-ақ шабуылшыны ұрымтал тұсқа шығара алады, керек кезінде қақпаға да соққы бағыттайды. 

2. Рауан Сариев. Пеленің Отанында доп тепкен тұңғыш қазақ баласын кім ұмытсын?! Футбол әліппесін үйренуге Бразилияға аттанған балалардың арасынан үздік шығып, «Атлетико Минейро» клубының жастар құрамасына ілікті. Рауан былтыр Сан-Паулу штатының «Ботафого-СП» клубына ауысқан-ды. Биыл сәуірде алматылық «Қайрат» клубымен 3 жылға келісімшартқа отырды. Рауан шабуыл өтінде ойнайды. Оның ерекшелігі – қос аяғымен де жақсы соққы бағыттай алады. Мұндай пікірді «Атлетико Минейро» клубының жастарын жаттықтыратын бапкер Диего Джакомини де айтқан болатын. Кез келген сәтте қақпаға соққы бағыттау қабілетіне ие дара ойыншы.

3. 17 жастағы Әлішер Сүлей қостанайлық жанкүйерлердің сүйікті футболшысына айналып үлгерді. Өткен маусымда ол алаңға 6 рет шығып, 4 голдың авторы атанды. Бұған дейін ол Киевтің «Динамо» клубының жастарымен біраз уақыт жаттыққан болатын. Биыл Санкт-Петербургте өткен «Гранаткинді еске алу» турниріне тұңғыш рет U-19 құрамамыз қатысқан еді. Өкінішке қарай, сол турнир біздің жастар үшін сәтсіз аяқталды. Ал, жастар командасы соққан екі голдың да авторы – Әлішер Сүлей. Биыл Әлішер жеті рет жасыл алаңға шықты.

4. Абзал Бейсебеков ала доптың әліппесін «Қайрат» клубының академиясында үйренген-ді. Он алты жасында «Қайраттың» негізгі құрамында алаңға шықты. Дегенмен, Абзал «Восток» клубында жан-жақты ашылды. Дарынды жастың өнері мамандар назарынан сырт қалмай, «Астана» клубынан шақырту түсті. Ол өткен маусымда 13 рет, биыл 19 рет алаңға шықты. Қорғаныстың оң қанатында ойнайтын Абзал шабуылға жиі араласады. Қазіргі кезде «Астана»-ның оң қанатында Ұлан Қонысбаевпен тізе қосып, қарсылас қақпасын жиі торуылдайды. Рас, кейде Абзал қателік жіберіп алатыны бар. Дегенмен, жеке-дара шыққанда оны алдап өту қиын әрі «подкат» жақсы жасайды.

5. Бауыржан Байтана «Тобыл» клубының намысын қорғайды. Оның футболдық карьерасы «Тараз» клубында басталған. Тараздық клубтың сапында 47 рет алаңға шығып, 3 рет мергендігімен танылды. Сонымен қатар, ол U-17, U-19 жастар құрамасы сапында бірнеше рет өнер көрсеткен. Бұдан бірнеше жыл бұрын Байтанаға шетелден «құда түскендер» де болыпты. Кейбір басылымдар «Манчестер Юнайтед» клубы да ойыншыға қызыққанын жариялаған-тұғын. Алайда, «қызыл сойқандардан» ресми ұсыныс жасамады. Есесіне 2010 жылы Испанияның екінші дивизионында ойнайтын «Альбасете» клубы шақырған екен. Оған «Тараз» клубының басшылары рұқсат бермегендіктен, Пиреней түбегіне аттанған жоқ. Бауыржан жастығына қарамастан еліміздегі шебер ойыншылардың бірі. Алда-жалда тағы бір Бауыржан Исламханмен бірге ұлттық құрамада тізе қосса, үлкен күшке айналары сөзсіз.

6. Исламбек Қуаттың үлкен футболдағы алғашқы қадамы «Оқжетпес» клубында басталды. 2011 жылы көкшетаулық клубпен бірге Исламбек бірінші лиганың күміс жүлдегері атанды. Сол жылы маусым қорытындысы бойынша «бірінші лигадағы ең үздік жас ойыншы» болып танылды. Өткен жылы «Ақтөбе»-мен бірге суперлиганың қола жүлдесіне қол жеткізді. Исламбек биылғы маусымда «Астана»-ның намысын қорғайды. Елордалық клуб сапында бірнеше рет алаңға шығып, 2 гол соғып үлгерді. Сондай-ақ, ол U-21 жастар құрамасының негізгі ойыншысы. Исламбек – шеберлігі жоғары, ойынды жақсы түсінетін жас жартылай қорғаушының бірі. Оның кемшілігі – тым қызуқанды. Қызбалыққа салынып кейде қателіктерге бой алдырып алатыны бар.

7. Шерхан Бауыржан «Тараздың» негізгі құрамынан ойып тұрып орын алған. Тараздық клубтың бұрынғы бапкері Любко Петрович Шерханнан үлкен үміт күтетінін жасырмаған-ды. «Таразда» Шерхан Бауыржан деген тағы бір талантты ойыншы өсіп келеді. Ол өз-өзімен жұмыс жасап, футболға толық ден қоятын болса Исламханның ізін басады» деп ағынан жарылған еді серб маманы. Шерхан – жартылай алаңның кез келген тұсында ойнай алатын әмбебап ойыншы. Кейде жастар құрамасында оны қорғаныстағы жартылай алаңға шығарады. Әйтсе де, оған шабуылға қанаттан қосылған ыңғайлы. Оның ойын мәнері Ұлан Қонысбаевқа ұқсайды.

8. Алматылық «ЦСКА» академиясының шәкірті Әлихан Жолбарысов талантты, әбжіл, тактикалық сауатты, алаңды жақсы байқайтын жасөспірімдердің бірі. Оның тағы бір ерекшелігі – «подкатты» шебер орындайды. Әлихан «Қайраттың» дубльдік құрамында ойнап тұрады. Ол биыл Астанада өткен ҚР Президенті кубогында жақсы қырынан танылды. Әлихан 16-да болғанына қарамастан, ірі денелі(190 см) футболшы. Әзірге ол үлкендер арасында доп теуіп, суперлиганың дәмін толық татып үлгермеді.

9. Әділ Балғабаевқа бірнеше шетелдік клубтың академиясы қызыққан еді. Ол 2010 жылы «Челси» клубының мектебінде тәжірибеден өтіп қайтқан-ды. Биыл Әділді Италияның «Верона» клубы өздеріне шақырды. Ол – 1995 жылы туылған футболшылардан құралған «Астана» командасының капитаны. Шеберлігінің арқасында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына шақырту алып үлгерді. Әділ Семей өңірінің тумасы. «Астана» клубына 2007 жылы келіп қосылды. Ол шабуылда да, алаңның ортасында да ойнай алатын футболшы.

10. Жасөспірімдер арасында талантты футболшының тағы бірі – Жасұлан Елеусіз.  «Ордабасы» клубының шәкірті Әлихан секілді ҚР Президенті кубогында көзге түсті. Жасұлан шабуыл өтінде ойнайды. Денесі шағын болғандықтан, әуедегі допқа таласу қиын тиеді. Оның артықшылығы – тез қозғалатындығы. Қорғаушымен бетпе-бет келген сәтте жылдамдығы арқасында оңай алдап өтеді.

 

Мұхтар Қалымбетов, Дидар Жалмұхан, Рүстем Әбдіразақов, Дамир Орынбасар, Бағдәулет Қожабаев, Мәдияр Нұралы, Біржан Сағындық секілді жасөспірімдердің болашағы әлі алда.

ОТАР АБАЙ

http://www.nurastana.kz/articles/view/26894

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*