ALADOP.KZ
Ұлттық құрама

«ЕРЕСЕК» ИСЛАНДИЯНЫҢ АЩЫ САБАҒЫ

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
Бұл матчта Исландия құрамасы біздің команданың жанында өзінің әлдеқайда ересек екенін аңғартты. Ларс Лагербектің шәкірттері ешқайда асыққан жоқ, қор­ға­нысқа жатып алып, қарсы шабуылды ғана қару етіп ұстанған жоқ. Кәдімгі өзінің әр сәтте не істей алатынын күні бұрын сезіп, допты қалауынша үйірді. Ең бастысы, олар­дың қимылынан жеңіске деген сенім қатты байқалып тұрды.

Қазақстан – Исландия – 0:3

Голдар: Гудьонсен, 20, Бьярнасон, 32, 90+1

Қазақстан: Сидельников, Гурман (Қуан­таев, 67), Воротников, Абдулин (Щеткин, 80), Логвиненко, Сүйімбаев, Сыма­қов, Тағыберген, Исламхан, Нұрғалиев (Қоныс­баев, 56), Тәжімбетов.

Исландия: Хадльдорссон, Севарссон, Си­гурдссон, Бьярнасон, Гудмундссон, Сиг­торссон (Бедвардсон, 70), Сигурдссон, Ар­насон, Гуннарссон (Хадлфредссон, 72), Гу­­дьо­нсен (Финнбогасон, 83), Скуласон.

Ескерту алғандар: Нұрғалиев, 55, Қуан­таев, 70 – Скуласон, 63

Төреші: Т.Сидиропулос (Грекия)

28 наурыз. Астана. «Астана Арена».

13 182 жанкүйер.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан ұсынған негізгі құрам көп таңдандырмады. Қорғаныстың оң қап­талына Марк Гурманды қойғаны ғана өз­геше қадам болды. Өйткені Гурман қазір «Қай­ратта» артқы жартылай қорғаушы міндетін атқарып жүр. Ойын барысында қорғанысқа көшуге тура келсе, ол қапталға емес, дәл ортаға шегінеді. Бапкердің бұл жаңалығы қарсыласты тығырыққа тіреді деуге мүлде болмайды. Гурман өз дең­гейінде ойнады, өз шебі ашық қалғанда ша­буылға тәп-тәуір дем берді. Дегенмен, бұл кездесуде қазақстандықтар қос қанаттан шабуылдауға болатынын мүлде естен шы­ғарып алғандай көрінді. Исландия құрамасы сонша тықсырып тұрмаса да, отандас­та­ры­мыз қайта-қайта орта тұстан киіп-жарып өтуге тырыса берді. Азат Нұрғалиев екі та­рапқа кезек ауысып, аралдықтардың орта­лық алаңын қойыртпақ жасамақ болған әрекетінен көп ештеңе өнген жоқ.

Исландия әдеті бойынша ойынды зор қарқынмен бастап, гол соғып алуға тырысар деп күткеніміз бекер болды. Аралдықтар қазақ жігіттерінің азусыз шабуылдарын оңай тойтарып, өздері де шабуылды ойлана ұйымдастырып жатты. Мұндайда біздің жүйкенің сыр беретін әдеті емес пе, 20 ми­нут­та қақпашы Андрей Сидельников доп­-ты тез теппек болып, дәл Йохан Гудмунс­сонның кеудесіне салып берді. Ол қас қа­­ғымда Гудьонсенге пас беріп үлгерді, сөй­тіп, есеп ашылды – 1:0. Оқиғаның осылай өрістегені отандастарымызды қат­­ты сансыратты. Олар не істерін біл­­меді. Жал­ғыз шабуылшы Дәуренбек Тәжім­бетов пен орталық шеп арасындағы алшақтық анда­ғайлап көзге ұрып тұрды. Ұйымдас­ты­рушы Бауыржан Исламхан доп іздеп немесе қор­ғанысқа дем беріп, тылға көбірек қайтуға мәжбүр болды. Ал 32-минутта Гул­фи Си­гурдссон айып добын әуелеткенде, Илья Воротниковтың «қой» бағудың ор­нына, неге ой бағып кеткенін түсіну қиын. Аб­дулиннің тасасынан шыға келген Бир­-кир Бьярнасон Воротниковты артта қал­ды-рып, қақпаға допты еш кедергісіз ба­ғыт­тады – 2:0.

Бұдан ары да біздің құрама ес жия алған жоқ. Екінші таймда допты ұзақ ұстаған­-мен, қақпаға дәл бағыттау көрсеткіші бойын­ша бәрібір қарсыластан кем түсіп жатты. Сымақов ойынды жақсы «оқып отыр­ды», алайда оның қасындағы Асқат Тағыберген өз орнын исландиялықтардың игілігіне жиі беріп қойды. Асқат бәріне үлгергісі келді, прессинг жасаған тұстары да, шабуылға дем беруі де жеткілікті болды, алайда Гудмунссон мен Бьярнасон кезек алмасып, Гудьонсен арқылы допты біздің айып алаңына жеткізгенде, ол арт жақтан тамашалаушы болып қана отырды. Нұрға­лиев­ті алмастырған Қонысбаев та, Гурман­ның орнына кірген Қуантаев та ойыны­мызды ширатты, алайда бәрібір біздің ша­буылымыз күшейе қойған жоқ. Отан­дас­тарымыз екі рет қақпадан басқа барар жері қалмаған допты дәл бағыттай алмады, әуел­гіде Воротников пен Тәжімбетов бір-біріне кедергі жасаса, ойын түгесілер тұста Щет­кин қайта-қайта тепкілеп жатып, жарты метрден тоғыта алмады. Абдулиннің бас­-пен соққысы бағанаға тиіп, кері серпіл­-генде жүрегіміз бір тулап еді, алайда Бьяр­насонның соңғы минуттардағы голы қайта жерге қаратты. Исландиялықтар қарсы ша­буылды өте жемісті ұйымдастырды. Құ­рамадағы алғашқы матчын өткізген Қуан­таев өз орнына келіп үлгергенмен, орталық қорғаушыларға көмекке асығып, сол қап­талдың жалаңаштануын мүмкін етті. Оны жабуға тырысқан Сымақов үлгермеді, Бьяр­насонның соққысы жолай Қуантаевтың арқасын жанай өтіп, Сидельников секір­-ген бұрышқа емес, сол бұрышқа топ ете қалды – 0:3. Ойын соңынан исландия­лық­тардың бапкері мойындағандай, бұл гол бізді ғана емес, Исландия құрамасын да қатты таңдандырды.

Айтып-айтпай не керек, жаңа маусымда да Қазақстан құрамасы баяғы соқпақтан алыс кетпегенін тағы ұқтырды. Исландия­ның жанында біздің жігіттер барын салған балаға ғана ұқсады. Оның аптығы басылуын асықпай күткен қарсылас еркін жеңіске же­тіп, топтағы екінші орнын нықтай түсті.

А тобында жаңа жылда алға қадам бас­пай тұрған біз ғана сияқтымыз. Латвия құ­рамасы Прагада Чехияны 1:0 есебімен ұтып тұрып, соңғы минутта ғана гол жіберіп ал­ды. Түркия Амстердамда Голландияны ті­зерлетіп жатып, соңғы секундтарда қаң­ғыған соққыны қайтара алмады. Бұл жағ­-

дайдың бәрі Чехия мен Исландияға қыз­-мет етіп жатыр. Чехия 13 ұпаймен топ басында, Исландия 12 ұпаймен өкшелеп ке­леді. Ал Голландияда 7 ұпай ғана бар. Де­мек, А тобында чехтар мен исландия­лық­­-тар ешкімге жеткізбей кетуі өте мүмкін.

Қазақстан құрамасы бүгін Мәскеу тү­біндегі Химкиде Ресей құрамасымен жол­дастық кездесу өткізеді. Ал Еуро – 2016 іріктеу кезеңінің келесі ойындары 12 мау­сымда жалғасады. Бұл күні отандастарымыз Алматыда Түркия құрамасын қабылдайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*