ALADOP.KZ
Еурокубок

«Қайрат» үшінші кезеңге бір табан жақындады

photo_61748

Алматылық «Қайрат» Еуропа Лигасының екінші іріктеу сынындағы алғашқы ойында армениялық «Алашкертке» қарсы ойнап, жеңіске жетті. 

Биыл алматылық командаға тек жергілікті тұрғындар ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстан үміт артып отыр. Себебі, Еуропа Лигасының екінші раундына жолдама алған жалғыз ғана командамыз осы – «Қайрат». Стадионға жиналған көрермендердің саны біршама. Командасын қолдап, керемет атмосфера жасауда.

Алматылықтар ойын бастала салысымен шабуылға кірісті. Қонақ команданы қыспаққа алып, алаң иелері екендіктерін білдірді. Алғашқы минуттардан бастап «Қайрат» сапында Исаэль белсенділік танытты. 3-ші минутта өте алыс қашықтықтан қарсылас қақпасына жойқын соққы жасап еді, бірақ қақпашы допты өз уысында ұстай білді.

12-ші минутта көптен күткен алғашқы гол да соғылды. Бұрыштама соққысы орындалған сәтте армениялық қорғаушы екі бірдей ойыншымызды жыққаны үшін он бір метрлік айып соққысы белгіленді. Жас капитан Бауыржан Исламхан өз кезегінде нысанадан мүлт кетпей, командасын алға шығарды.

Ойынның екінші бөлігі де алаң иелерінің басымдылығымен басталды. 51-ші минутта Исламханның құйтұрқы пасын Исаэль голға айналдыра алмады. Араға төрт минут салып капитан тағы бір керемет пас шығарды. Бұл жолы Гоу оны тиімді пайдаланып, есепті еселеді.

63-ші минутта қонақ команданың қорғанысы сыр берді. Риераның сол қапталдан айып алаңына бағыттаған добына Гоу басын тосып үлгерген еді, бірақ Каспаров шеберлік танытып, қақпасын голдан аман сақтап қалды.

Матчтың 69-шы минутында алаңға жаңа шыққан Джордже Деспотович Риераның пасын нәтижелі пайдаланып, есепті ұлғайта түсті.

71-ші минутта армениялықтар ойындағы ең қауіпті сәтті ұйымдастырды. Сергей Усеня Владимир Плотниковпен жеке дара шыққан болатын, алайда алматылық команданың қақпашысы керемет сейв жасап, есеп айырмасының қысқаруына жол бермеді.

Соңғы ысқырықтың да дыбысы естілді. «Қайрат» өз алаңында ірі жеңіске жетіп, үшінші раундқа бір қадам жақындай түсті.

Еуропа Лигасы. Екінші іріктеу кезеңі. Алғашқы ойын.

«Қайрат» (Қазақстан) – «Алашкерт» (Армения) 3:0 (1:0)

Голдар: Исламхан 13 (1:0), Гоу 55 (2:0), Деспотович 69 (3:0)

«Қайрат»: Плотников, Соарес, Қуантаев, Маркович, Исаэль, Исламхан (Көкеев 90), Қуат (Деспотович 64), Лунин, Риера, Тимощук, Гоу (Гурман 86)

«Алашкерт»: Каспаров, Аракелян, Минасян, Погосян, Усеня, Фофана, Барегамян, Веранян, Григорян, Гезалян (Эбер 73), Манасян (Казарян 57)

Ескертулер: Соарес 28, Григорян 50, Риера 91

Төрешілер: Сергей Иванов, Вячеслав Семенов, Валерий Данченко (барлығы Ресейден)

16.07.2015. Алматы қ., Орталық стадион.

Аламан.кз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*