ALADOP.KZ
Әлем футболы

Еуропа лигасы: Жеребе тарту рәсімі өтті

Еуропа Лигасының 1/8 финалының жеребе тарту рәсімі өтті. Биылғы маусымның топтық кезеңінде жерлестеріміз «Астанамен» бірге өнер көрсеткен АПОЭЛ мен «Олимпиакос» жарысты одан ары жалғастыруда. Испанияның «Атлетигінен» айласын асырған кипрліктер Бельгияның «Андерлехт» клубымен бақ сынасады. Ал өз кезегінде Түркияның «Османлыспорын» жеңген гректер келесі кезеңге өту үшін тағы да бір түріктің  атақты «Бешикташ» клубымен кездесетін болады. Осыған дейін еурокубоктік додалардың плей-офф кезеңінде ресейлік командаларды жеңе алмаған Англияның азулы «Манчестер Юнайтед» командасы  бұл жолы осы жылғы маусымның сенсациясы Ресейдің «Ростовымен» «кім мықтыны» анықтайды. Тартысты өткен кездесуде украиндық «Шахтерды» қапы қалдырған испан елінің командасы «Сельта» ресейлік «Краснодармен» жасыл алаңда жолығады. Орталық кездесулердің бірі Францияда өтеді. «Лион» өз алаңында Италияның «Ромасын» қабылдайды. Германияның намысын қорғайтын екі команда келесі кезеңнің бір жолдамасын өзара сарапқа салады. Алдымен Гельзенкирхенде жергілікті «Шальке 04» «Боруссияны» қарсы алса, артынша Менхенгладбахқа қонаққа аттанады. Бельгияның қос ұжымы «Гент» пен «Генк» та ширек финалдың жолдамасы үшін күш жігерін аямайды. Данияда деңгейлері бір «Копенгаген» мен нидерландық «Аякс» күш сынасады. Естеріңізге сала кетейік, алғашқы ойындар 9-шы наурызда өтсе, қарымта кездесулер араға тура бір апта салып жалғасады.

Руслан МЕРАЛИЕВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*