ALADOP.KZ
Еурокубок Қазақстан

АЗ командасы жайлы аз дерек


Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің екінші айналымында «Қайрат» өз алаңында «АЗ Алкмар» командасын қабылдайды, деп жазады prosports.kz сайты.

Еуропа футболынан хабары бар кез-келген жанкүйер АЗ командасын тануы тиіс. Голландия футболының бетке ұстар клубтарының бірі саналатын ұжымның тарихын тарқатып, әңгімені басынан бастамай-ақ қояйық. Алматы төрінде өтетін жауапты ойынға жақын қалған сәтте біздің айтпағымыз голландиялықтардың бүгінгі құрамы мен қарым-қабілеті ғана болмақ.Команда қазіргі сәтте Еуропаның клубтар рейтингісінде 58-ші орында тұр. Германияның атақты transfermarkt сайтының мәліметіне сүйенсек, команда сапындағы ойыншылардың трансфер нарығындағы жалпы құны 70 млн еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншысы — Алиреза Джаханбахш (18 млн). Алайда, ирандық шабуылшының командадан кететіні жайлы көп айтылуда. Бұл туралы сәл кейінірек қайта сөз қозғайтын боламыз. Қазірше, өз сөзімізді жалғай берейік.

Команда өткен маусымда Голландия біріншілігінде үшінші орынды иеленіп, Еуропа лигасының іріктеу сынына қатысуға мүмкіндік алған. Іріктеуді бірден екінші кезеңнен бастап отыр. Демек, «Қайратқа» қарсы ойын Алкмар қаласының құрамасы үшін биылғы маусымдағы алғашқы ресми матч саналады.Команданың бас бапкері — Джон ван ден Бром. 51 жастағы голландиялық маман ойыншы кезде атағы аспандап тұрды дей алмаймыз. Ортанқол деңгейде ғана өнер көрсеткен. Бапкер ретінде де биік белесті бағындыра қойған жоқ. АЗ тізгінін 2014 жылдан бері ұстап келеді. Осы аралықта ел чемпионатында екі мәрте қола жүлдеге қол жеткізіп, екі рет ел кубогының финалында бақ сынады. Команда негізінен 4-3-3 жүйесімен өнер көрсетеді. Құрамы өте жас. Орташа жас мөлшері 23,3 жас. Жасы 30-дан асқан жалғыз ойыншы бар, оның өзі орталық қорғаушы. Соңғы ресми ойынын мамыр айының басында өткізген. Ал жаңа маусымға дайындықты шілдеде бастады. Содан бері бес жолдастық матч өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Бір ойын тең тарқасты.

Өткен маусыммен салыстырғанда команда құрамында бірқанша өзгерістер орын алған. Ең басты өзгеріс деп командаға жақында ғана қайта оралған нигериялық ойыншы Фред Фрайдейді айтуға болады. 23 жастағы шабуылшы шілде айында өткен бес матчта төрт гол соғып тастады.Біз айтып отырған бес жолдастық кездесу «АЗ Алкмардың» бабында екенін көрсетті. 5 матчта 14 гол соғып, өз қақпасына 3 гол ғана жіберді. Осы ойындарда алаңға шыққан құрамына талдау жасай отырып, олар Алматыда да 4-3-3 жүйесімен өнер көрсетеді деп межелеп отырмыз. Тіпті, алаңға бірінші минуттан шығатын 11 ойыншыны да мөлшерлей беруге мүмкіндік бар.Қақпаны сөзсіз бірінші номердегі қақпашы Марко Бизот күзетеді. Ал қорғаныс шебіндегі төрттік оңнан солға қарай былай орналасуы мүмкін: Юнас Свенссон, Рон Влаар, Пантелис Хацидиакос, Томас Оуведжан. Жартылай қорғанысты Фредрик Мидтше, Гуус Тил, Теун Коопмейнерс үштігіне сеніп тапсыруы мүмкін. Ал шабуыл шебіне Уссама Идрисси, Фред Фрайдей, Матс Сентьенс үштігі жауап беруі мүмкін. Команданың басты жұлдызы ирандық Джаханбахшты тізімге қоспаған себебіміз, баста айтқандай оның командадан кететіні жайлы ақпараттар. Оның үстіне бұл футболшы команданың шілдедегі оқу-жаттығу жиынына қатысқан жоқ. Бұған оның Иран құрамасы сапында Ресей жеріндегі Әлем чемпионатына қатысқаны себеп болды.

Алиреза Джаханбахш команданың Еуропа лигасына қатысатын футболшыларының тізімінде бар. Демек, «Қайратқа» қарсы ойында алаңға шығуы да мүмкін. Себебі, ол команданың маңызды ойыншысы. Оқу-жаттығу жиыны мен жолдастық матчтарға қатыспағанымен өз бабын жоғалтпағаны сөзсіз. Екіншіден, ол жақын аралықта командадан кетсе де, алкмарлықтар үшін алаңға шықпауына еш себеп жоқ. Ақпараттарға сүйенсек, ол Англия Премьер лигасында бақ сынайтын «Брайтон» командасына ауысуы мүмкін. «Брайтон» Еуропа лигасына қатыспайтындықтан, ол АЗ сапында Еуропа лигасы ойындарына қатысу-қатыспауының еш маңызы жоқ. Алирезадан бөлек ертең негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін тағы бір ойыншы Мирон Боаду. Бар болғаны 17 жастағы шабуылшы жолдастық матчтарда өзін жақсы қырынан көрсете білді. Егер Джаханбахш командасына көмектесе алмаса, осы жас періні алаңнан көріп қалуымыз әбден мүмкін.

prosports.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*