ALADOP.KZ
Қазақстан

Олжас Абраев: «Жанкүйерлерді «Қайрат» пен «Тобылдың» жеңісімен құттықтаймын»

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының Президенті Олжас Абраев алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобылдың» Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңіне шығуымен жанкүйерлерді құттықтады.

— Соңғы екі апта футбол ойындарына толы болды. Еліміздің жанкүйерлері отандық команадалардың Еуропа ареналарындағы нәтижелеріне алаңдады. «Астана» футбол клубының ізімен алматылық «Қайрат» және қостанайлық «Тобыл» еуромаусымның екінші айналымына өтіп, жеңісті жолды жалғастырды. Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының атынан барша жанкүйерлерді «Қайрат» пен «Тобылдың» жеңісімен құттықтаймын.

Павлодарлық «Ертіс» оң нәтижеге бір қадам жақын болды. Алайда, кездесу тағдырын шешкен жалғыз голдың арқасында литвалық «Тракай» командасы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

«Тобылдың» сырт алаңдағы табысы қарымта кездесуде алға қойылған міндетті жеңілдетті. Стадионға жиналған жанкүйерлер жарқын әрі комбинациялық ойынның куәсі болды. Ойынның басы мен соңында соғылған екі гол соның дәлелі болмақ. Алғашқы емтихан сәтті аяқталды. Енді екінші айналымда «Пюник»-«Вардар» жұбының жеңімпазы қарсылас атанбақ.

«Қайрат» өз алаңында голдан тау тұрғызды. Оңтүстік астананың командасы андорралық «Энгордани» командасын қабылдап, ірі жеңіске жетті – 7:1. Келесі кезеңде алматылықтарды голландиялық «АЗ Алкмар» командасына қарсы екі ойын күтіп тұр. Карлос Алос Феррер командасына келесі кезеңге шығу үшін жақсы дайындық қажет. Бес жыл бұрын қарағандылық «Шахтер» «АЗ Алкмар» командасымен өткізген ойында лайықты қарсылық көрсетті. Екі ойынның қорытындысы бойынша «Қайрат» футболшыларының жолы болатынына кәміл сенемін.

Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы отандық клубтардың табысты ойынына үміт артады. Жанкүйерлердің қолдауы да маңызды рөл атқармақ. «Қайрат» пен «Тобыл» келесі кезеңге өтіп, алға қойылған тапсырмаларды орындады. Жақсы жаңалық. Ал, осы сәтте отандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайғысына байланысты барша халық аза тұтып отыр. Қайғылы қазаға ортақтасып, көңіл айтамыз. Осы оқиға байланысты Премьер-лига мен Бірінші лиганың алдағы турлары атақты спортшыны еске алып, бір минут үнсіздікпен басталады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*