ALADOP.KZ
Еурокубок Редактор бағаны Чемпиондар лигасы

«Тоттенхэм»-«Манчестер Сити»: алаң иелері жеңіске жетті

Чемпиондар лигасының кешегі екі ойынында да ағылшын клубтары жеңіске жетті. Еурокубокте алғаш рет жолдары түйісіп отырған матчта «Тоттенхэм» басым түсті. 

«Тоттенхэм» — «Манчестер Сити» (1-0).

Гол авторы: Сон Хын Мин (77 минут).

«Тоттенхэм» стадионы. 60 044 жанкүйер.

Матчқа дейін…

Ойын басталардан бұрын негізгі құрамды жариялағанда Маурисио Пачеттиноға қарағанда Хосеп Гвардиола жанкүйерлерді шындап таңырқатты. «Тоттенхэм» қатардағы бар мықты ойыншысын істе сынап көрді. Ал «Сити» сапында алғашқы минуттан бастап команда көшбасшылары Кевин Де Брёйне мен Лерой Сане ойынды алаң жиегінен тамашалап, тек соңғы минуттарда ғана ойынға шықты. Ендеше, испан маманының бұл шешіміне қарап біз «Сити» Лондодағы ойынға бар күшін жұмсамай, жартылай финалға берілер жолдаманы өз алаңында алуға ниетті деп топшылауымызға болады.

  Соңына дейін ойна!

Ширек финалдағы тартысқа толы болады деп күткен ойындардың бірі «Тоттенхэм» мен «Ман Сити» арасындағы алғашқы ойын бар үмітті ақтады деуге болады. Төреші ысқырығы безілдегеннен бастап Гвардиола баптайтын жігіттер шабуылда белсендірек қимылдады. Нәтижесінде, 12 минутта VAR көмегіне жүгінген бас төреші Бьорн Кейперс Роуздың қолмен ойнағанын анықтап, «Тоттенхэм» қақпасына 11 метрлік ойын добын белгіледі.  Бірақ Агуэро мен Льорис дуэлінде қақпашының мерейі үстем түсті. (Бұл Уго Льористің биылғы маусымда сәтті қайтарған 3 пенальтиі).

Осыдан соң матч тізгінін ақырындап Пачеттино шәкірттері қолға ала бастады. Ойын ортасында Харри Кейннің алыс бұрышқа тепкен соққысын қайтарып, Эдерсон өз қақпасын голдан аман алып қалды.

Екінші тайм екі ұжымның алма кезек шабуылмен өтіп жатқан. Ал 77 минутта «Тоттенхэм» шабуылы сәтті аяқталды. Кристиан Эриксен берген пасты шабуылшы Сон Хын Мин жерлете тепкен, доп Эдерсон қақпашының қанатының астынан өтіп, қақпадан бір-ақ шықты.

Ойын соңына дейін Сити ойыншылары есе қайтаруға тырысып баққанымен, таблодағы нәтижені өзгерте алған жоқ.

                                                                                 Шамкен БАЙЫРБЕК.  

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*