ALADOP.KZ
Еуропа лигасы

Челси-Арсенал ойыны туралы

Бәрімізге белгілі, Әзербайжанның Баку қаласындағы олимпияда стадионында  Еуропа лигасының финалы болып өтті. Еуропа Лигасының тарихындағы ең қызықты матчтардың бірі ретінде еске алатындай ойын болмаса да, ұйымдастырушылар мен командалар футбол мейрамының барынша жоғарғы деңгейде өткенін қалап бақты. Финалдық ойын алғашқы минуттарда өте жәй қарқынмен, сүреңсіздеу басталды. Матчтың алғашқы 30 минутында екі команданың жаттығуын қарап отырғандай сезімде болдық. Оған дәлел, «Челси» аяқ допшылары ойынның 20 минутына дейін қарсылас айып алаңында доп қабылдамаған. Финалдық матчтағы алғашқы қақпаға бағытталған соққы ойынның 33 минутында ғана  орын алған. Көптеген футбол сарапшылары Арсеналдың жеңісіне нық сенген болатын. Өйткені, Ағылшын Премьер-лигасының қорытындысы бойынша 5 орынды місе тұтып, Чемпиондар Лигасына жолдама алмаған Арсеналдың жалғыз ғана үміті осы Еуропа Лигасының жеңімпазы атану болатын. Және, кейбір бейресми ақпараттар бойынша Сарри өз ойыншыларына көңілі толмай жаттығу үстінде кетіп, команда атмосферасы бүлінді деген болатын. Осы жаңалықтарға сүйене отыра, көп футбол сарапшылары Сарридің финалда жеңіліс табатынына сенімді болды.

Бірақ, «саррибол» жемісін берді. Ойынның алғашқы минуттарынан Арсеналдың адуынды шабуылын күткен италиялық бапкер алдын-ала Челсиді қорғанысқа дайындады. Алайда, бәрі Сарридің күткеніндей болмады. Біріне-бірі шабуыл жасағысы келетін кейіп танытып, бірінші тайм аяқталды. Ойынның екінші жартысында негізгі құрам ойыншылары өзгермегенмен, Челси футбол клубының ойынында бірнеше тактикалық өзгерістер пайда болды. Бірінші таймнан-ақ байқалған сол жақ қапталдың қарқынын Сарри дұрыс пайдаланды. Орталық шептегі ойыншыларды қарсылас алаңында көбірек доп ұстауға бұйырды. Және, Оливье Жирудың габориттерін оңды пайдалануды да ойлады. Соның арқасында, сол жақ қапталдан көтерілген кросты Жиру голға айналдырды. Сол қапталдың қарқыны ойын соңына дейін өз тиімділігін көрсетті.

Қортынды: Азар — 2 гол, 1 голдық пас; Эмерсон – 1 голдық пас; Жиру – 1 гол, 1 голдық пас. Осылайша, Сарри мансабындағы алғашқы алтынға яғни, трофейге қол жеткізсе, Еуропа Лигасының 3 мәрте финалдық кезеңінде жеңілмей, Еуропа Лигасының корольі атанған Эмери жеңіліс тапты. Кубок Лондонға аттанды! Челси жанкүйерлерін Еуропа Лигасының жеңімпазы атанғанымен шын жүректен құттықтаймыз!

Стадиондағы бос орындар

Баку қаласында финалдық кезеңді өткіземіз деп шешкен УЕФА Арсенал мен Челси жанкүйерлеріне 5800 билеттен берген болатын. Бұл дегеніміз, Баку олимпиядалық стадионының сыйымдылығының 10%-ында құрамайды. Арсенал командасы билеттің 3500 ғана сатып үлгерсе, Челси тек 2000-ақ дана билетті жанкүйерлеріне үлестірген. Командалар УЕФА қауымдастығына 6000 билеттерін өткізе алмай, қайта қайтарып берген. «Неге сатылым сондай аз?» десеңіздер, Лондондықтар үшін Бакуге дейінгі сапар өте алыс және қаржылық жағынан өте тиімсіз болды. Соның арқасында біз трибунасы толмаған, жанкүйерлер жиналмаған, адамы аз финалдың куәсі болдық.

Желідегі жанкүйерлер

Желідегі жанкүйерлер Бакуде өткен финалдық ойынның ұйымдастырылуына көптеген сыни көзқарастар білдірді. Көптеген футбол сүйер жандардың алғашқы көңілі толмаған нәрсесі бұл телекамералар яғни, жанкүйерлер үшін ыңғайсыз телекөрсетілім болды. Екіншіден, стадионның инфрақұрылымы. Атап айтсақ, жасыл алаң мен трибуна арасын тым алшақтатып тұрған жүгіру жолы. Және, ашылуы мен марапаттауы кезіндегі концерттік бағдарламалар мен  ұйымдастыру алқаларының жұмысының шикілігін тілге тиек етті.

Мақала авторы: Равиль Ашығалиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*