ALADOP.KZ
Басты ақпарат ФИФА Әлем футболы

Аргентина Копа Американы жеңілістен бастады

Мессидің Аргентинасы жеңіліске ұшырады.

Аргентина ұлттық құрамасы Америка құрлығының алғашқы ойынында 1979 жылдан бері жеңілмеген. Одан бөлек, Колумбия ұлттық құрамасы Аргентинаны 12 жыл бойы жеңе алмаған. Бірақ, бүгін тарих қайта жазылып, Аргентина 0:2 есебімен Колумбия құрамасына есе жіберді. Аргентиналықтар B тобының соңғы орнына дейін төмендеді.

70-минутқа дейін есеп ашылмаған ойынның тағдыры 2 қарымта шабуыл арқылы шешілді. Месси мен Агуэро негізгі құрамға шығып, шабуылшылар дуэтін құрды. Барселона ойыншысы командасының шабуылына араласып, қақпаға жиі соққы жасады (4). Ал, Агуэро ойын бойы өз мүмкіндігін күтті. Алайда, Кунға жалғыз мүмкіндікте келмеді.

Колумбия қарсыластарына қарағанда сәтті өнер көрсетті.  Қақпаға бағытталған 5 соққыға құраманың шабуылдағы үштігі түгелдей қатысты. Фалькао, Мартинес және Родригес. Аргентинаның жеңіске жете алмауының тағы бір себебі – Колумбия құрамасының орталық жартылай қорғаушысы Вильмар Барриос. Ол, командасының басқа ойыншыларына қарағанда алаңда жеке Мессимен көп кездесті және сол тартыстардың бәрінде ол жеңімаз боп шықты.

Аргентинаның ойындағы басты мүмкіндігі Колумбияның голы соғылмас бұрын орын алды. Отамендидің бағыттаған соққысынан кейін, Мессиге есеп ашатын мүмкіндік келді. Бірақ, Аргентина лидерінің бағыттаған соққысы қақпаға кірмеді.

Ойынның 71-минутында сол қапталдан пас алған Мартинес Лионель Месси бастаған жігіттердің жігерін Криштиану Роналдудың стильіндегі соққымен құм қылды. Матчқа берілген 90 минуттың аяқталуына 4 минут қалғанда «Аталанта» шабуылшысы Дуван Сапата Аргентина қақпасына гол соғып, ойынның нүктесін қойды.

Құрамасының үкіліген үміті Месси Аргентина сапында соңғы өткізген 13 ойынның 10 кездесуінде гол авторы атанбаған. Бірақ, Лео берілмейтіндігін, әлі үміт бар екендігін айтты.

-Біз бұл ойынды ұмытып, алға қарай ұмтылуымыз керек. Келесі ойындарға еңсемізді тіктеп, тыңғылықты дайындаламыз, — деді Месси. Енді, Аргентина ұлттық құрамасында Парагвай мен Катарға қарсы ойындар қалды.

 

Мақала авторы: Равиль Ашығалиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*