ALADOP.KZ
Басты ақпарат Еуро Премьер-лига Сараптама УЕФА Қазақстан Қазақстан премьер-лигасы Үздіктер

ҚПЛ: Біздің біріншіліктегі легионерлердің деңгейі қандай?

ҚПЛ клубтары легионерлер үшін жай қалтаны қампайтып кететін мүмкіндік пе? Мүмкін біздің біріншіліктің де жыл өткен сайын деңгейі өсіп келе жатқан болар? Көкейдігі ойыңыздың рас-өтірігіне мына материал әсер ете алуы бек мүмкін. Ендеше…

Қазақстан премьер-лигасының 8 клубынан Еуро-2020 іріктеу матчтарының 3 және 4 турына  14 футболшы шақырту алып, өз құрамаларында ойын өткізді. Жалпы алғанда біздің біріншілікте «кəртамыс» құрлықтың 9 құрамасының ойыншылары доп тебеді екен. Олар:

«Астана» сапынан — Иван Маевский (Белорусь құрамасы), Дорин Ротариу (Румыния), Антонио Рукавина (Сербия);

«Тобыл» — Михаил Гордейчук (Белорусь), Эмиль Баллаев (Əзірбайжан), Ника Квиквескири, Джаба Канкава, (екеуі де Грузия құрамасынан);

«Жетісу» — Никита Наумов (Белорусь), Камо Агонесян (Армения құрамасы),

«Ертіс» — Каспар Дубра (Латвия);

«Қайрат» — Небойша Косович (Қаратау құрамасы);

«Қайсар» — Тигран Барсегян (Армения);

«Шахтёр» — Сергей Зенев (Эстония);

«Тараз» — Элгуджа Лобжанидже (Грузия);

Байқағандарыңыздай, ең көп өкілі бар клуб- «Тобыл». Қостанай клубынан 4 футболшы шақырылған. Ал екінші сатыға 3 ойыншы жіберген «Астана» жайғасса, 2 футболшы жіберген «Жетісу» үштікті түйіндеп тұр. Ал қалған 5 ұжым жалғыз футболшыдан қосқан.

Демек, ҚПЛ-да Белорусь құрамасы мен Грузияның — 3,  Армения құрамасының — 2, Əзірбайжан, Сербия, Румыния, Эстония, Латвия, Монтенегро елдерінің бір футболшысы өнер көрсетеді.

Енді осы аталған құрамалардың кімдермен кездескеніне тоқтала кетейік;

«Астана» сапындағы 3 футболшы да үш түрлі құрама сапына аттанды.

Армения құрамасынан шақыту алған Тигран Барсегян мен Камо Оганесян екеуі де 12 маусым күнгі түздегі Грекиямен болған матчқа қатысты. «Қайсар» шабуылшысы Барсегян 74 минутта 3 голды соғып, құрамасына маңызды жеңісті сыйлады.  Ал 8 маусым күні өз алаңында Лихтенштейнді 3:0-иен ойсырата ұтқанда Тигран мен Камо негізгі құрамда алаңға шықты. Бұл ойында да Тигран Барсегян 90 минутта мергендік танытты. Яғни, «Қайсар» ойыншысы екі ойында 2 гол салды.

Грузия құрамасы ЕУРО-2020 іріктеу кезеңінің 3 туры аясында алдымен өз алаңында Гибралтар аралдарының құрамасын 3:0- еті тізе бүктірді. Бұл матчқа Тобылдың қос ойыншысы Джаба Канкава мен Ники Квиквескири қатысса, «Тараз» шабуылшысы Элгуджа Лобжанидже қосалқы тізімге де қосылған жоқ. Ал 11 маусым күні түзде Даниядан 5:1 болып ұтылғанда біздің біріншіліктегі 3 ойыншы да өнер көрсетті. Джаба мен Ники негізгі құрамда шығып, екеуң де сары қағаз алса, «Тараз» шабуылшысы Элгуджа матчқа 2 таймда тыңнан қосылды.

Каспар Дубра Латвия құрамасының 8 маусым күні Израильден (0:3) және 12 күні Словениядан (5:0) ұтылған екі матчына да қатысқанымен қорғаныста қарсылас ойыншыларына қарсы мардымды әрекетімен есте қалған жоқ.

Қаратау құрамасы 3 турда Косовмен (1:1) тең түскен және 4 турда сырт алаңда Чехиядан (3:0) оңбай ұтылған екі ойынға да Қайрат жарылай қорғаушысы Небойша Косович негізгі құрамда қатысты. Дегенмен, нәтижелі әрекетімен таныла алмады.

Румыния құрамасы сырт алаңда Норвегиямен (2:2) тең түскен ойында Дорин Ротариу қосалқы құрамда қалғанымен, өз алаңында Мальтаны (4:0) ірі есеппен ұтқан ойынға «Астана» жартылай қорғаушысы 75 минутта қосылды. Әріптесі Александр Максимнің орнына шыққанымен не гол не нәтижелі пас та бере алған жоқ.

Сербия құрамасы 3 турда күтпеген жерден сырт алаңда Украинадан 0:5 болып ұтылғанын білесіздер. Біздің қуанышымызға орай Антонио Рукавина бұл «масқараға» қатысқан жоқ. Ал өз алаңында Литваны 4:1-мен ұтқан ойынға «Астана» қорғаушысы негізгі құрамда шықты.

Сапында Сергей Зенев ойнайтын Эстония құрамасы екі ойында да ұтылды. Өз алаңындағы Солтүстік Ирландия (1:2) мен сырт алаңда Германиямен (8:0) болған матчқа «Шахтер» шабуылшысы алғашқы минуттардан бастап қатысқанымен, құрамасына еш көмектесе алмады.

Белоруссия құрамасы да Германия және Солтүстік Ирландиямен болған екі ойында да ұтылды.  3 турда  (0:2)Неміс машинасына қарсы Иван Маевский мен Никита Наумов негізгі құрамда ойнаса, Гордейчук ойынды алаң жиегінен тамашалады.  Ал Солтүстік Ирландиямен болған кездесуде де тура осы жағдай қайталанды.

Әзірбайжан құрамасына шақыртылған қақпашы Эмиль Баллаев Венгрия мен Словакиядан ұтылған екі ойынға да қатыспады.  «Тобыл» қақпашысы өз құрамасының матчтарын тек алаң жиегінен тамашалады.

Шамкен БАЙЫРБЕК. 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*