ALADOP.KZ
Басты ақпарат Еурокубок Еуропа лигасы Шолу

Еуропа лигасы: Эсеоланың дублі түзде «Қайратқа» жеңіс сыйлады

«Широки Бриег» — «Қайрат» 1:2.

Гол авторлары: И. Енин, 34 мин, — А. Эсеола, 29 мин, 58 мин.

«Қайрат» Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңін сырт алаңдағы ойынмен бастап, тартысты матчта жеңіске жетті. Широки Бриег қаласында аттас ұжымнан 1:2 есебімен басым түсті.

Алматының клубы ойын басынан тізгінді қолда ұстауға тырысты. Ал 29 минутта қарсыластан допты тартып алған бетте капитан Бауыржан Исламхан бір ғана паспен Адеринсола Эсеоланы қақпашымен бетпе-бет шығарды. Украиналық сұрмерген мүлт кетпей допты қақпашының екі аяғының ортасынан өткізе салды да есеп ашты.

Өз алаңында жіберген гол «Широки Бриег» футболшыларын белсенді қимылауға мәжбүр етті. Көп ұзамай 34 минутта Иван Ениннің шиіре тепкен добына Стат Покатилов еш қауқар таныта алған жоқ. Осылайша, араға 5 минут салып алаң иелері таразы басын теңестірді.

Матчтың екінші жартысы да «Қайраттың» ширақ қимылдарымен басталды. 58 минутта айып соққысын нәтижелі ұымдастырған қонақтар екінші рет есепте алға шықты. Қақпа алдындағы қарбаласта Эсеола допқа бірінші жетіп, дубль авторы атанды.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*