ALADOP.KZ
АПЛ Басты ақпарат Рокордтар Сараптама Трансфер Әлем футболы

Хосеп Гвардиола ақыры өзі іздеген ойыншыны тапты. Родри — «Манчестер Сити» алынбас мықты құрамның соңғы бөлшегі

Расында, бұл ойыншының клуб ауыстыруы көпшілікті қатты таңқалдырмауы мүмкін. Алайда, бұл трансфер Хосеп Гвардиолаға алтын тапқандай қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.  

Биыл «Манчестер Сити»  өз тарихындағы ең қымбат, рекордтық трансферді жүзеге асырды. Ағылшын клубы Мадридтің «Атлетикосына» жартылай қорғаушы Родри үшін 70 млн. еуро (62.5 млн. фунт) санап беріп те қойды.

Екі жақ та дән риза

Негізі Сити бұл трансферді күтпеген жерден жылдам, әрі өте ұқыпты жүзеге асырып кетті. АПЛ-дың қазіргі чемпиондары 23 жастағы испаниялық футболшының келісім-шартында бекітілген сомманы көпсінбей, «Алтетико» басшыларының қолын қақпады. Айта кетейік, «Ман Ситимен» ойыншы арасындағы келісім мерзімі 5 жылға жарамды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін клуб шежіресіндегі ең қымбат трансфер 2018 жылдың жазында жасалған-ды. Ол кезде «Манчестер Сити» алжирлік жартылай қорғаушы Рияд Марез үшін «Лестерге» 60 млн. еуро берген болатын. Оған қоса, Родри ең қымбат испаниялық футболшылардың трансферлік рейтингінде 2 сатыға жайғасты. Көш басында бір жыл бұрын «Атлетиктен» Челси сапына 80 млн. еуроға ауысқан қақпашы Кепа Аррисабалага тұр.

Бәрі неден басталды?

Сайып келгенде Гвардиоланың тактикалық жүйесінде артқы тереуіш жартылай қорғаушының орны елеулі. Бұның айқын көрінісі ретінде Хосеп Гвардиола кезінде»Барселона» сапындағы Серхио Бускетсті айтуға болады. Яғни, Ситиге де дәл осындай әмбебап ойыншы керек деген сөз. «Goal» порталының тілшісі Сэм Лидің мәліметтеріне сенсек, бұл мәселені шешу үшін  «Манчестер Сити» басшылары 2016 жылдан бері ізденіп келеді. Сол жылы клуб «Боруссия» сапындағы Юлиан Вайгльды алмақ болған. Алайда, оның ойын мәнері Хосептің көңілінен шықпаса керек. 2017 жылы «Сити» осы позицияны күшейту үшін Фредке «құда түсті». Алайда алдын көршісі «Манчестер Юнайтед» орап кетті. Ал 2018 жылы «Наполидегі» Джорджиньоны сатып алуға бір табан жақын  тұрды. Бірақ алдын тағы бір бәсекелесі «Челси» орап, Маурицио Сарридің қалауын орындады. Артынша «Аякс» сапынан Френки де Йонгты сатып алмаққа іске кірісіп көріп еді, бұл араға «Барселона» кесе көлденең тұрды. Биыл тағы сенделген «Сити» басшылары трансферлік кезеңнің басында Танги Ндомбелеге көз салған болатын. Бірақ түбі француз Англияға қоныс аударғанымен «Тоттенхэм» жейдесінде ойнайтын болып шықты. Демек, осынша уақыт қиналғаннан кейінгі 70 млн. еуро «Сити» үшін тым қомақты қаржы болмауы тиіс.

Хосеп Гвардиола

Міне, осы 3 жылдың ішіндегі қордаланған мәселені байқатпаған бір ойыншы еді. Испаниялық маманнның осы жылдар ішінде басты сенім артар көшбасшы — Фернандиньо еді. Бразилиялық ойыншы осы уақытқа дейін «Ман Сити» сапындағы жалғыз тіреуші жартылай қорғаушы болатын. Хосеп Гвардиола әр сөзінде Фернандиньоның командадағы рөлін, оның әмбебаптығын айтып келеді. Дегенмен, Фернандиньоның жасы биыл 34 -ке толғаны «Сити» селекционерлеріне дабыл қағатын жай.

Фернандиньо

Родри 

Дарынды жартылай қорғаушы «Атлетико» клубының академиясынан шыққан. «Матрасшылар» жейдесінде Ла Лигадағы тұсаукесер матчын 2016 жылы сәуірде «Вильярреалға» қарсы өткізген. Ол кезде бұл ойыншының құны 25 млн. еуро деп қана бағаланатын. Ал өткен жылы «Атлетикомен» 5 жылдық келісім-шартқа қол қойған кезде клуб оның бағасын 70 млн деп бекітеді. Жалпы алғанда Мадрид ұжымы сапында 47 ойын өткізіп, 3 голдың авторы атанған.

Родри 2015 жылы Испания жастар құрамасы сапында Еуропа чемпионы атанса да, «қызыл фурия» қатарындағы алғашқы ойынын тек 2018 жылы ғана өткізді.

«Манчестер Сити» бұл трансферден бірден бірнеше мәселені шешеді. Бір жағынан өзіне керек ойыншыны апты. Енді АПЛ-да және Чемпиондар лигасында да кең құраммен ойнай алады. Оған қоса, ағылшын клубы сапына дарынды әрі әмбебап жас футболшыны қосты. Осы тұста Родридің бойшаңдығы мен қорғанысқа да икемдігіні айта кеткен жөн. Ақыры Хосеп Гвардиола мықты құрамының соңғы бөлшегін мен өз Бускетсін тапты.

Бұл сөзімізге футбол ілімінің майталманы Хавидің мына сөзін қоса кетейік:

«Родри болашағынан зор үміт күттіретін ойыншы. Негізі оның ойын мәнері «Барселонаның» ойын үлгісіне қатты келеді. Ол допқа талас кедінде де қысым көрсету кезінде де маған Бускетсті қатты еске түсіреді«.

«Манчестер Ситидің» қазіргі нарақтағы өлшеммен алғанда тым қымбат ойыншы алмайтынын ескерсек, Родри туралы алдағы маусым кезінде көптеген жанкүйерлердің әлі-ақ айтуы бек мүмкін. Өйткені, ол пазлдың жетпей тұрған соңғы бөлшегі.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*