ALADOP.KZ
Басты ақпарат Сұхбат УЕФА Чемпиондар лигасы

Роман Григорчук: «Аничич пен Янга жайында бұндай ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Қазір олар әлі «Астана» сапында жаттығып жүр»

Ертең «Астана» мен Румынияның «ЧФР» командалары Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы матчын өткізеді. Бүгін ойын алдында «Астана» бас бапкері Роман Григорчук БАҚ өкілдерімен болатын дәстүрлі баспасөз жиынына қатысты.

Соңғы ойындар команда үшін қиын болғаны анық. Команданың қазіргі жай-күйі қандай? Жалпы алғанда осы сүреңсіз ойындардың сыры неде?

-Иә, мен өз деңгейімізден төмен бірнеше ойындардың болғанын жасырмаймын. Біз ұжым болып жіберген қателіктермен жұмыс істеп, маусымның қалған бөлігін жоғары деңгейде өткізуге тырысамыз. Қазір ойын компонентіне келгенде бірнеше мәселенің бары рас. Дегенмен, бұған қарамастан біздің барлық зейініміз «ЧФР»-мен болатын ойында.

Команда сапына енді қосылған жаңа ойыншылар ертеңгі ойынға қаншалықты дайын? Қазіргі құрам екі шепте өнер көрсетуге жеткілікті ме?

Егер жекелеген ойыншылар бойынша айтар болсам, Рунар екі ойын өткізіп үлгерді. Командадағы әріптестерімен аз-кем түсіністігі қалыптасты деп айта аламын. Ал Мубелеге келер болсам, ойыншы енді келді, оған қоса бір айға жуық деп теппегені бар. Демек, ертеңгі ойынға дайын деп айтуға ауыз бармайды.

-Сіз «ЧФР»-дің соңғы «Вииторулмен» болған ойынын көрдіңіз бе? Клуждың жеңіліп қалғанын ескерсек, қарсыласымыздың әлсіз тұстарын байқай алдыңыз ба?

-Әрине, көрдім. Ойыннан кейін өзімде бар мәліметтерге тағы қосымша көп ақпарат қостым. Бірақ қандай кемшіліктерді көре алдыңыз дегенге қатысты ештеме айта алмаймын. Егер олай істемес қарсылас команданың жұмысын жеңілдеткен болар едім.

Ішкі біріншілікте чемпиондыққа талас жүргізіп келе жатқан екі командамен өткен матчтардан кейін Астана ойыншыларының қазіргі физикалық дайындығы туралы не айтасыз?

-Бұл сұрақтың нақты әрі анық жауабын ертеңгі матчтан алатын боламыз. Бірақ менің бұл жайтқа келгенде ешқандай уайымым жоқ.

-Жақында ғана сіздің көмекшіңіз Григорий Бабаян өз қызметінен кеткені белгілі. Расында Григорий мырзаның не себепті қызметінен кеткені жайында анықтап айтып кетсеңіз?

-Дәл қазір менің бар ойым тек ертеңгі ойын төңірегінде. Сондықтан, бұл сұраққа кейін қайта ораламыз деп ойлаймын. Мен осында сіздердің тек ЧФР-мен болатын ойынға қатысты сұрақтарыңызға ғана жауап беремін.

Жуырда ғана «Астана» басшылығы сіздің орныңызға Юрий Вернидубтың кандидатурасын қарастырып жатыр деген ақпаратқа қатысты сіздің ойыңыз?

-Біз Юрий екеуміз жақсы доспыз. Мен оны бапкер ретінде де, азамат ретінде де қатты сыйлаймын. Бұл ақпаратқа қатысты сізге ештеме айта алмаймын. Мен сізге, Юрийдің өзі бұл мәлімет туралы білмейді деп айта аламын.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*