ALADOP.KZ
Ала доп аңыздары Үздіктер

Эрлинг Холанд – болашақ Алтын Доп иегері

Эрлинг Брёут Холанд — 2000 жылы 21 шілде күні Англияның Лидс қаласында дүниеге келген. Норвегиялықтың  былғары допты таңдауының себебінің бірі әкесі. Себебі, әкесі Альфа-Инге Холанд кәсіби футболшы болып, «Ноттингем Форест», «Лидс» және «Манчестер Сити» сынды клубтарда өнер көрсеткен.

Алғаш рет оның есімі қалың жұртшылыққа 2019 жылы Польшада өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында (U-20) таныла бастады. Дәл сол чемпионатта жас шабуылшы Гондурастың қақпасына тоғыз гол соғып, додадының үздік сұрмергені атанады. Әрине Гондурас — бұл Испания емес. Не дегенмен осы чемпионата-ақ бұл ойыншының тегін емес екенін аңғаруға болатын.

Ұлттық құрамамен көзге түсіп жүрген ойындары Холандты күтіп тұрған жұлдызды сәттерінің алғашқы баспалдағы ғана еді. Олай деуіміздің себебі Холандты ауыздығымен алысқан он алты тұлпардың бас қосқан бәйгесі Чемпиондар лигасы күтіп тұрды.

Холанд Чемпиондар лигасының дебюттік ойынын «Зальцбургтың» жейдесінде «Генк» ұжымына қарсы өткізді. 19 жасар шабуылшы өзінің алғашқы ойынында хет-трик жасап, командасымен 6:2 есебімен ірі жеңіске жетіп, көпшілікті өз ойынымен тәнті етті.

Норвегиялық ойыншы футбол жанкүйерлерін таңқалдыруын тоқтатпады. Себебі, топтық кезеңнің келесі төрт туры бойы қатарынан гол соқты. Бұған дейін еурокубокта бес ойын қатарынан гол соққан ойыншылар Криштиану Роналду, Роберт Левандовски, Неймар, Алессандро Дель Пьеро мен Сергей Ребров еді. Бірақ аталған ойыншылардың ешқайсысы бұл көрсеткішті өзінің дебюттік ойынынан бастап көрсетпеген еді.

Осындай фантастик ойыннан кейін скауттардың басты назары Холандқа түсті. Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аяқталып, қысқы трансфер басталмай тұрып-ақ 19 жасар ойыншыға түрлі ТОП клубтар құда түсіп жатты. Бірақ норвегиялықтың агенті танымал Мина Райола мен оның әкесінің таңдауы Дортмунд қаласының «Боруссиясы» болды.

Қысқы трансфер кезеңінде небәрі 20 млн еуроға «аралармен» 4 жылдық келісім шартқа отырды. Небәрі деп айтуымыздың себебі бүгінгі трансферде кезінде 100-150 млн еуроға ойыншылар сатылымға шығып, 30-40 млн еуроға бұрын соңды естіп-білмеген ойыншылар клубтың қатарына қосып жатқанда, 28 ойында 22 гол мен 7 нәтижелі пас берген ойыншы үшін бұл сомма тиын-тебен шығар.

Ол «Боруссия» сапындағы дебюттік ойынын «Аугсбургке» қарсы өткізіп хет-трик жасайды. Таныс жағдай ма? Иә, тағы да дебют, тағы да хет-трик! Холанд әдеттегідей бұл көрсеткішпен тоқтамай дебюттік ойынынан бастап төрт ойын қатарынан қарсылас қапасының саңлауын тауып, 4 ойында 9 гол соғады. Холанд өзінің шебер екендігін неміс чемпионатында да паш етті.

2020 жылдың ақпан айында жанкүйерлердің делебесін қоздырған Чемпиондар лигасы оралды. Бұл жолы Эрлинг плэй-оффта «Боруссияның» намысын қорғап шықпақшы. Алғашқы ойын «Сигнал Идуна Паркте» париждік «ПСЖ-ға» қарсы өтті. Эрлинг 80-минутта өз командасына жеңіс голын сыйлап (2:1), Чемпиондар лигасындағы өзінің 10-шы голын соғып, соңғы жүз жылдықта аталмыш көрсеткішке қол жеткізген ең жас ойыншы атанды.

Бірақ «Парк Де Пренсте» өткен жауапты ойында «аралардың» кең ашылған езулері жинала бастады. Холанд бастаған ұжым алаң иелері «ПСЖ-дан» 2:0 есебімен жеңіліс тауып, бәйге жолынан шығып қалды.

(Неймар бастаған қалалықтар «Боруссияға» қарсы өткізген ойыннан кейін Холандты мазақ етуде)

Дортмундық «Боруссия» мен Холандың ендігі нысанасы Бундеслига екені сөзсіз. Қазіргі таңда неміс чемпионатының турнирлік кестесінде екінші орынды 51 ұпаймен сақтап тұрса, бірінші орында «Бавария» 55 ұпаймен көш бастап тұр.

Қазіргі таңда Эрлинг «Боруссия» сапында 11 ойын өткізіп, 12 гол, 2 нәтижелі паспен көзге түсті.

Шерхан Абзалұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*