ALADOP.KZ
Әлем футболы

Қызықтың бәрі «С» тобында

Кеше түнде УЕФА чемпиондар лигасының 3-тур ойындары өтті.

«А» тобының үздіктері дортмундтық «Боруссия» өз алаңында қорғанысы мықты мадридтік «Атлетиконы» қабылдап 4:0 есебімен тас-талқан етті. Аталмыш топтың аутсайдерлері француздық «Монако» мен бельгиялық «Брюгге» 1:1 есебімен тең ойнап, биылғы маусымдағы алғашқы ұпайларын еншіледі.

«В» тобында каталондық «Барселона»  9 ұпаймен жеке дара көш бастады. «Камп Ноуда» италиялық «Интерді» қабылдаған Вальверде шәкірттері 2:0 есебімен басым түсті. Голландияға 3 ұпай үшін кеткен лондондық «Тоттенхэм» 1 ұпайды қанағат етті. Өз жанкүйерлерінен қуат алып отырған «ПСВ» 2:2 есебімен тең ойнады.

«С» тобынан плей-оффқа шығуға жеребе тарту рәсімінен бері үмітін үзген сербиялық «Црвена Звезда» Англияда азулы «Ливерпульге» қарсы еш нәрсе жасай алмады. Мане, Салах және Фирмино бастаған «қызылдар» 4:0 есебімен тізе бүктірді. Ал Парижде жергілікті «ПСЖ»-ға қонаққа келген неапольдік «Наполи» бір ұпай олжалады. Жеңіске бір табан жақын тұрған Анчелотти шәкірттерін Ди Марияның соңғы минутта алыстан соққан голы 3 ұпайдан үміттерін үзді. Десе де «ПСЖ» секілді қарсыластан сырт алаңда  бір ұпай еншілеу «Наполи» секілді қалтасы қалың емес «қарапайым» клуб үшін жақсы нәтиже.

«D» тобында суық Мәскеуге қонаққа барған португалиялық «Порту» жақсы көңіл-күймен қайтты. Ресейлік «Локомотив» өз жанкүйерлерінің алдында 1:3 есебімен есе жіберді. Ал Түркияда кім мықтыны анықтаған «Галатасарай» мен германиялық «Шальке» кездесуінде 0:0 есебі тіркелді.

Руслан Мералиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*