ALADOP.KZ
Премьер-лига

ҚПЛ. 1-тур. Деңгейлері белгілі болды

Талдықорғандық «Жетісу» алғашқы турда премьер-лигаға оралған «Оқжетпесті» қабылдады. Көкшетаудың командасы 1-лигадан келгенін 1-турда-ақ дәлелдеді. 11-минутта Абылайхан Махамбетов өзінің дебютті голын салды. Жас шабуылшы өткен маусымда 1-лиганың үздік сұрмергені атанған еді.

Жетісулықтар қарқынын тежей алмай бұрыштама кезінде екінші голды салды. Никита Наумов Бабаханов қақпасынан саңлау тапты. Арагідік шабуылдар ұйымдастырған Андрей Карповичтің командасы гол соғудың амалын көп қарастырды. Бірақ, голды Елжас Алтынбеков салып, есепті күрделендіріп жіберді.

Екінші таймға қарай Жасұлан Молдақараев «Оқжетпес» үшін маңызды голды соқты. Жыл сайын бірінші турда гол соғатын Жасұлан әдетінен жаңылмады. Көкшетаулықтар осыдан кейін алға ұмтылып, өздерін жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Бірақ, Владислав Касминин алаңнан қуылып, командасын бір адамға кем қылды. Ойын соңына қарай Ненад Адамович әдемі соққымен есепті еселей түсті. Сосын Бабаханов қателесіп, Айбар Жақсылықов матч есебін —  қылды. Көкшетаулықтардың жеңілуіне бірден бір себеп қорғаушы Александр Кислицин екені көрініп тұрды.

Альмир МУХУТДИНОВ- «Жетісу» ФК жартылай қорғаушысы

Трибуналар кішкентай болғанымен жанкүйерлер лық толы болып, жақсы қолдау көрсетті. Әр жанкүйердің айқайы естіліп тұрды. Бізге осылай жанкүйерлік ете берсе, біз оларды қуанта бермекпіз.

Турдың ең қызықты ойындарының бірі Қостанайда өтті. Көктемнің алғашқы айларында қалың қарды күреп қойып, доп ойнайтын заман артта қалды. Қостанайда ашылған су жаңа «Тобыл Арена» жақсы ойын көрсетуге себеп болды. !Тобыл» ойыншылары шабыттанып 17-минутта есеп ашты. Азат Нұрғалиев Никита Калмыков қақпасына допты дөп түсірді. «Ертіс» қарманып жатқанда, «Тобыл» тағы бір ауыр соққы берді. Азат Нұрғалиев есепті еселеп тастады. Бір қызығы бұл матчқа Ертіс бапкері Димитар Димитров келе алмапты. Оның орнын бұл матчта көмекшісі Петар Колев басты.

Петар КОЛЕВ- «Ертіс» ФК бас бапкерінің көмекшісі

Алғашқы таймда біз көбірек шабуылдауымыз керек еді. Футболшыларымыз неге екені түсініксі, сәл шаршаңқы көрінді. Сосын барып оянып жігіттер шабуылға шыға бастады. Күшіміздің әлі көп екенін содан кейін ұқтық.

Екінші таймда ойын тең өтті десек артық емес. «Ертіс» қос қапталдан қыса берді. Бірақ, гол соғуға келгенде тауықтай табан астын қаза берді. Ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда Ники Кверквескири Бауыржан Тұрысбекке пас шығарды. Бауыржан чемпионаттағы алғашқы голын, салып, ойынның нүктесін қойды.

Владимир ГАЗЗАЕВ- «Тобыл» ФК бас бапкері

Алғашқы таймды біз өте жемісті өткіздік. Қарсыластың айып алаңында допты көп ұстауға тырыстық. Содан соң матчтың түгелге дерлігі біздің бақылауымызда өтті. Алғашқы бөлікте екі доп соғып, матчтың тағдырын шешіп тастағандай болдық. Ал екінші тайм тек жоспарман жүрдік.

Алматылық «Қайрат» өз алаңында «Таразды» қабылдады. Алғашқы он минут ішінде қауіпті сәттер мүлде болмады. Алаң иелері содан кейін барып допты көбірек ұстап, басымдылықтарын көрсете бастады. «Қайрат» академиясының түлегі Рифат Нұрмұхамет қапталдан ортаға ойысып шіріне теуіп Самат Отарбаев қорғаған қақпаға гол соқты. Есеп ашылған соң ойын барысы қайтадан саябырси түсті. Екінші таймда бірнеше ойыншылар алаңға ламасып кіріп, матч көркін келтіре түсті. «Таразды» қарымта шабуыл кезінде ұстап алған алматылықтар есепті еселей түсті. Швырев Әбікенге пас беріп, Айбол алыстан соққы жасап, әдемі голдың авторы атанды. «Тараз» бұл ойында ең болмаса бір гол да соға алмады.

Исламбек ҚУАТ-ФК «Қайрат» жартылай қорғаушысы

Негізі гол соғатын бірнеше мүмкіндікті голға айналдыра алмадық. Бұл футбол, сондықтан да барлық сәттер голға айнала бермейді. Біз енді қателіктермен жұмыс істеп, осы қарқынымызды жалғай бермекпіз.

Қызылордалық «Қайсарға» қонаққа «Атырау» келді. Қонақтар ойынның небәрі екінші минутында есеп ашты. Дәурен Мәжитов алыстан соққы бағыттап қонақтарды алға шығарды. Келесі шабуылда алаң иелері пенальти тебуге мүмкіндік алғысы келді. Алайда, төреші ешқандай тәртіп бұзылмады деді. Ұтылып жатқанын ар санаған «дала қасқырлары» жергілікті жанкүйер алдында желпінгісі келді. Шынын айтуымыз керек «Қайсар» осыдан соң өте ширақ ойнады. Рет-ретімен соққылар, толассыз шабуылдар жасады. Чемпионаттың алғашқы туры болған соң ба, көп жағдайда дәлдік пен сәттілік жетіспеді. Ал «Атырау» біріншілікті жеңіспен бастады.

Ел чемпионы «Астананың» алғашқы қарсыласы «Ақтөбе» болды. Екі команданың жанкүйерлері бір-бірінен қалыспай командаларын қолдап отырды. Кейде матч астанада емес, ақтөбенің алаңында өтіп жатқандай әсер қалдырды. Ойынның үшінші минутында Абат Әйімбетов есеп ашты.

«Астана» өз-өзіне келе алмай қала ма деп едік, бекер екен. Марин Томасов айып добынан таразы басын теңестіре салды. Одан кейін де елордалықтар жылдам шабуылдарын жалғай берді. Бұрыштама кезінде Юрий Логвиненко бұрынғы командасына гол соғып, қуанышын сыртқа шығара қоймады. Сосын сол Томасов алыстан соққы бағыттап, Игорь Трофимецті қапыда қалдырды.

Екінші таймда есепте алға шыққан «Астана» сабырлы ойнап, «Ақтөбеге» біраз мүмкіндіктер берді. Ал қорытынды нәтижені Брий Перцух тіркеді.

Юрий ПЕРЦУХ — «Астана» ФК жартылай қорғаушысы

Біз әр ойында жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз. Бұл ойында бапкер маған гол соқ деген тапсырма берген жоқ, Десе де бағым жанды.

«Астана» «Ақтөбені» сенімді жеңіп, өзге бәсекелестерімен бірге керекті 3 ұпайын алды.

Осы маусымның фавориттерінің бірі «Ордабасы» өз алаңында қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Алңашқы 15 минут өте сабырлы өтті. Алаң иелері сапында ойнайтын — Жоау Пауло мен Мая Махлангу жақсы деңгейдің ойыншылары екенін дәлелдеді. «Лудогорец» сапында Чемпиондар лигасының дәмін татқан футболшылар шынымен де сапалы легионерлер екенін ойын барысында дәлелдеді. Алдымен бразилиялық Жоау Паулу есеп ашты. Кейіннен Мая Махлангу есепті еселеп берді. Кейіннен жылдамдығы да мықты Паулу қақпашымен бетпе бет шығып есепті 3-0ге жеткізді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*