темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

Финалға бергісіз матчта Италия ұтты

«Супер Марио» — Балоттели Италияны финалға шығарды. Есеп — 2:1. Енді шілденің 1-і күні Киевте бас жүлдеге Италия мен Испания таласпақ.

Италия футболшыларының гол салған сәттегі қуанышы. Польша, Варшава, 28 маусым 2012 жыл.

Екі команда 2006 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында кездесіп, сол жолы да Италия жеңген еді – 2:1. БАЛОТТЕЛИДІҢ ДУБЛІ

20 минутта Балоттели өзінің алғашқы голын соқты. Сол қанаттан Кассано айып алаңына пас берді. Допқа бірінші жеткен «Супер Марио» 7 метр жерден баспен гол соқты.

Араға 16 минут салып, Балоттели екінші голын енгізді. Монталиво айып алаңына алыстан пас тастаған. Шабуыл шебінде жалғыз тұрған Марио допты 12 метр жерден қатты теуіп, есепті еселеп кетті. Германия құрамасының қақпашысы Нойер доптың қалай қақпаға өтіп кеткенін байқамай да қалды.

Гол соққан Баллотели мақтанып тұр. Польша, Варшава, 28 маусым 2012 жыл.

​​
Матчтың 70 минутында Германия бапкері Йоахим Лев тәуекелге барып, қорғаушыларды азайтып, ойынға тыңнан үш бірдей шабуылшы қосты. Немістерде екі қорғаушы ғана қалды. Германия шабуылы тау құлатар қарқынмен үдеп сала берді. Алайда Италияның тас қамал қорғанысын бұза алмады.

Ойынның  90 минутында айып алаңындағы талас кезінде Андреа Бардзальидың қолы допқа тиіп кетіп, төреші пенальти белгіледі. Месут Озил мүлт кеткен жоқ. Есеп қысқарды – 2:1.

Немістер бұдан соң, есепті теңестіруге барын салды. Тіпті соңғы сәттерде Германия шабуылына қақпашы Нойер де қосылды. Бірақ нәтиже шықпады — 2008 жылғы Еуропа чемпионатының финалы қайталанбайтын болды.

Биылғы Еуро-турнирдің финалында Испания мен Италия ұлттық құрамалары кездеседі.

Италия мен Испания 2008 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалында кездесіп, екі команда бірін-бірі ала алмай, пенальтиге дейін барысқан. Пенальтиде Испания ұтып кеткен еді.

Биылғы Еуро-турнирдің топтық кезеңінде де қос команда өзара кездесіп, 0:0 есебімен тең түскені есімізде.

ГЕРМАНИЯ МАТЧ АЛДЫНДА ФАВОРИТ САНАЛҒАН

Ойын алдында «Азаттықтың» сарапшылары мен Қазақстан құрамасының ойыншылары Германия жеңеді деп нық сеніммен айтқан еді.

Баллотелидің (көк форма) голы. Нойердің (қызыл киімде) шарасыз тұрып қалған сәті. Польша, Варшава, 28 маусым 2012 жыл.

​​
Мәселен, «Ақтөбе» командасының ойыншысы Самат Сымақов «Германия мықты. Олар чемпионаттың финалына шығып қана қоймай, биылғы жарыста жеңіске жетеді» деген еді.

Қазақстан құрамасының футболшысы Азат Нұрғалиев та немістердің жеңісіне сенген болатын.

— Италия — жеңіске лайық команда. Бірақ екі қарсыластың арасында Германия — фаворит. Себебі, немістердің биылғы чемпионаттағы ойыны сенімді және өте әдемі, — деген еді ол.

Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Саят Сариев та немістер финалға шығады деп болжаған еді.

«ИТАЛИЯ ЧЕМПИОНҒА ЛАЙЫҚ ОЙЫН КӨРСЕТТІ»

Жанкүйер Мейірбек Нүрекеев «Италиядан дәл осындай қарқынды ешкім күткен жоқ» дейді.

— Бүгінгі ойын осылай аяқталады деп ешкім ойлаған жоқ. Барлығы Германияның жеңісіне сенді. Бірақ Италия ойынға өте тыңғылықты дайындықпен шығыпты. Балоттели сенімді ақтады. Оның екі голы Германияның ойынын «байлап» тастады. Немістер ес жия алмай қалды. Левтың (Германиялық бапкер — ред.) өзі де дәл осындай қарсылық күтпеген. Балоттелиден бөлек, Пирло мен Буффон команданың жеңісіне үлкен үлес қосты. Италия финалда дәл осындай ойын көрсетсе, жеңіске жетуі ғажап емес, — дейді жанкүйер.

Немістер ес жия алмай қалды. Левтың өзі де дәл осындай қарсылық күтпеген. Балоттелиден бөлек, Пирло мен Буффон команданың жеңісіне үлкен үлес қосты.
Футбол шолушысы Ермұхамед Мәуленнің ойынша, «бұл ойын Германияға өте ауыр тиді».- Ойын финалдан кем түспеді. Өте тартысты өтті. Талай жанкүйердің жадында сақталар матч болды. Италия бапкері Пранделли өте дұрыс тактика қолданды. Ал Болаттелли биылғы чемпионаттың бас қаһармандарының біріне айналды. Марио чемпионатта үш гол салды. Финалда тағы бір рет көзге түссе, бас мерген атануы мүмкін. Тіпті бұл ойыншы бүгінгі матчтан кейін «чемпионаттағы ең үздік футболшы» атағына басты кандидаттардың біріне айналды, — дейді футбол шолушысы.

Сарапшымыздың пікірінше, немістер бүгін қорғаныста әлсіз ойнады.

— Германия ойынға жеңеміз деп, сенімді шықты. Оларға осы сенім зиян болды. Қорғаныстары өте әлсіз ойнады. Шабуылдары да шашыраңқы. Бұл ойында Италияның 4-5 гол соғуы мүмкін еді. Ал осы ойыннан кейін финалда Италия фаворит саналады, — дейді Ермұхамед Мәулен.

азаттық.орг
СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

1 комментарий к записи “Финалға бергісіз матчта Италия ұтты”

  1. mrkmbai:

    негізі немістердің жеңілуінің бірнеше себептері бар, солардың бірі сен айтып кеткен «мінез». Бұл бірінші. Негізі оны мінез демей, командалық рух деген дұрыс болар. Ия, немістерде рух жетіспеді. Кезіндегі Маттеус, Майер, Эффенберг, Кан, Баллак сияқты айқын қолбасшы болмады. Ол қызметті Швайни атқару керек еді, бірақ ол осы маусымның екінші жартысынан алған жан жарақаты мен тән жарақатынан әлі айыға қоймаған. Сондықтан осы рөлді алып жүре алмады.

    Екінші, команданың жастығы. Құрамында 33 жасар Клозе сынды ардагері болсада, осы турнирдегі ең жас команда дәл осы неміс командасы болды. Көптеген қателіктер, ойын барысында бірін-бірі түсініспей жатқандарыда осы жастықтан болды деп ойлаймын. Әсіресе, Италиямен ойындағы Хуммельс пен Бадштубердің қателері.

    Үшінші, «самоуверенность». Неміс ойыншылары өздеріне өздері қатты сеніп кеткен сияқтанды. Бірақ, немістердің қай-қай ойынын алсаңда оншақты моментті құр жіберседе, қарсыласты торуылдап жүріп әйтеуір гол салатын. Бұл жолыда сондай сценарий қайталанады деп ойласа керек, басындағы екі 100 пайыздық моменттен соң өздерінің күштеріне қатты сеніп кетті. Шыныменде, Хуммельс бағыттаған доп егер Пирло штангада болмай Буффоннын «очкосынан» өтіп гол болғанда, немесе Хедира штанганың түбінен допты кіргізе алғанда ойын басқаша өрбитін еді. Бірақ футболда «егер», «сәл ғана» деген терминдердің тек сәттілікке байланысты екенін білеміз.

    Сол үшінде, төртінші себеп, сәттілік. Сәттілікке қатысты аргументтің жартысын алдыңғы абзацта жаздым. Қалғанын жазайын. Екінші таймдада фортуна немістерге жақ болмады. Ламның тура қақпа алдынан алыс тоғыздықтан жоғары жібергені де осыған дәлел. Айып соққысын орындаған Ройстың добы Буффон мен қақпа бағанасының арқасында голға айналмады. Егер немістердің бірінші жауап добы ертерек болғанда немістердің ұтып кетуіде әбден мүмкін еді. Айналып келгенде, бәрі осы «егерге» келіп тіреледі. Осы ойынға дейін моменттерін пайдалана алмай келген Балотеллиге екі доптың аяғына, басына сәтті келуі осы сәттіліктің арқасы болса керек.

    Бесінші себеп, менің ойымша ең басты себеп, Иоахим Левтің қатесі. Стартовый составты дұрыс таңдамады. Бұл жерде Иоги Левтің қатесінде пункт пунктпен бөліп жазса болады.

    5.1. ГОМЕС. Ия, голеадор екені рас, чутьесі керемет, бірақ Гомес еш икемі жоқ ебедейсіз футболист, оған пространство керек. Ал алаңда бос зона қалдырмаған итальяндықтармен нәтиже әкелуі екіталай еді. Екінші таймда шыққан Клозе, ары бері жүгіріп өзіне қорғаушыларды еліктіреді, флангта да өзінің әріптестеріне де көмектеседі.

    5.2. ПОДОЛЬСКИЙ. Подольскийдің клубы биылғы маусымда екінші бундеслигаға ұшып кеткен. Қыста бұл футболшыда жарақат алып, сол ұшінде өзінің төл клубын бірінші лигада өрге сүйрей алмады. Керісінше, психологиялық тұрғыда, жанкүйерлердің недовольстволарымен бірге Полдидің бұрынгы ойын өрнегін көрсетуіне кедергі болды. Орнына шыққан жас Марко Ройс алдеқайда жоғары ойын көрсетті.

    5.3. ТОНИ КРООС. Бұл футболшыға тағатын көп айыпта жоқ, өйткені Тони осы турнирда бірінші рет алағңа шықты және сразу азулы қарсыласпен. Тони өз клубы Баварияда ешқашан оң қанатта ойнамаған, керісінше Рибериге көмектесіп сол қанаттқа таман немесе орталық алағда ойнаған. Осы позицияда ойнамаған адамды неге шығарғаны маған шынымды айтсам шынымен жұмбақ.

    5.4. БАСТИАН ШВАЙНШТАЙГЕР. Бұл футболшы неміс футболының қазіргі бейнесі деп те айтады. Ия онысы рас. Былтырғы маусым басында керремет ойын көрсеткен Швайни, ЧЛ-дағы Наполимен ойында бұғанасын сындырып алды. Содан кейін ақ бұрынғы Швайниді көре алмадық. Жаңа жылдан соң жарақатынан айықан Швайни алаңға шыға салып ұайтадан аяғын жарақаттап алды. Тек көктемге таман айыққан Швайниге ЧЛ финалындағы жеңіліс тіптен ауыр тиіп кетті. Осы турнир барысында да тізе жарақаты сыр бере бастаған еді, 100 пайызға дайын емес футболшыны не үшін алаңға шығарғаныда мен үшін түсініксіз болды. Неміс құрамасы мықты ойыншыларға бай. Сол Швайнидің орнына Кроосты шығарып, Кроос орнына сол баяғы Мюллерді үйреншікті орнына қойғаны әлдеқайда дұрыс шешім болар еді.

    Осылайша, 2002 жылдан бері неміс футболына жанкүйерлік етіп, жалықпай бақылап келе жатқан мен үшін бұл жеңіліс ауыр тиді. Мүмкін Лев, басты көзірлерін финалға сақтадыма екен, кім білсін… Егерде финалға Италия емес Германия шыққанда басқаша ойын боларма еді… Мүмкін Жаратқанның қалауы осы болған шығар… Не десекте, 2 жылдан соң неміс машинесі қайтадан өзінің қуатын көрсетеді деп сенемін!


Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.