темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

ҚАЗІР СЕГІЗБАЕВТЫ ТАНЫМАЙТЫН ҰРПАҚ ӨСІП КЕЛЕДІ

Сегизбаев(1)

Тимур Сегізбаев! Аңыз адам, қазақ футболының марқасқасы! Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Алматы жұртшылығы осы аяқ доп шеберінің ойынын көру үшін Қазақ КСР-інің Орталық стадионына тайлы-тұяғымен ағылатын. Әлем футболының падишасы «қара маржан» Пеле де қазақ үшін Тимурдың алдында түкке тұрмайтын. Португалияның жұлдызы Эйсебио да, бразилиялық қос тарлан Жаирзиньо мен Гарринча да Тимурдың алдында «жіп есе» алмайтын. Бұл ғажап ойыншылар өзгелер үшін пір шығар, ал қазақ жанкүйерлеріне Сегізбаевтан асқан серке болмаған.
Ол кезде Тимур туралы небір аңыз әңгімелер жүретін ел аузында. «Оң аяғы сұмдық екен! Тимурдың тепкіні темір үзеді! Шетелдің бір командасымен ойнағанда қақпада маймыл тұрыпты. Сұмдық дейді, доп жібермейді, кез келген жерден қағып ала қояды! Тимур оң аяқпен қақыратып тепкенде маймылдың іші жарылып, доп қақпадан бір-ақ шығыпты!». Әңгіме осылай өрбіп кете беретін. Т.Сегізбаевтың оң аяғының соққысының «күштілігі» сонша қызыл белгі байлап қоятын көрінеді, ол «оң аяқпен тебуге рұқсат жоқ!» деген сөз. Міне, сөздің құдіреті!
Келе-келе Сейітжан және Сейілда Байшақов секілді інілері ере бастады соңынан. Сейітжан – шабуылшы, Сейілдә – қорғаушы, қақпашы жетіспеуші еді, Құралбек Ордабаев келді, ал бапкер Тимурдың өзі жартылай қорғаушы. Сонымен қазақтан шағын команда пайда болды. Бұл үлкен жетістік еді. «Қайрат» командасының КСРО біріншілігінде өнер көрсетуінің өзі қазақ футболының алтын ғасырына пара-пар кезең.
Қайрат деген есімнің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптағаны сол кез. Тимур-Темірлер де қаулап өсті. Сейітжан, Сейілдә, Құралбек атты сәбилердің саны артты.
Қазір соңғыларын қайдам, ал Тимур Сегізбаевты білмейтін ұрпақ пайда болды. Олар Пелені де, Эйсебионы да, Жаирзиньоны мен Гарринчаны да, тіпті кешегі Марадонаны да танымайды. Олардың аузында Роналдо, Роналду, Месси… Тіпті Еуролигадағы футболшылардың бәрін жатқа білетіндер бар да, қазақ футболында жасындай жарқырған ойыншылардың атын атап, түсін түстей алатындар аз.
Астанаға «Селтик» келгенде «Шахтердің» ойынын тамашалау үшін емес, шотландиялық футболшылармен суретке түсу үшін селтиіп тұрған қазақтың қаршадай балаларын көргенде жүрек шаншыды, бауыр езілді.
Қазақстан-Швеция ойыны алдында да солай болды. З. Ибрагимовичтен қолтаңба алу үшін тізілген қатарды көрген қазақ футболшылары жерге қарады дейді.
Әне, әйтпесе.  Танымалдылық деген осы. Қазақ елінде қаншама жыл ойнап, ел намысын жыртып жүрген жерлестерімізден гөрі сонау Еуропа алаңдарында доп теуіп жүрген сырт ел футболшының аты жанға жақын болып тұр. Бұл ненің әсері?
Сегізбаевтың кезінде теледидар жоқтың қасы, әр үйде бір-бір радио. Негізгі хабар таратушы да, репортаж беруші де осы шағын жәшік еді.     Қазір ақпарат ағыны сұмдық! Теледидар, газет-журналды былай қойғанда, бір интернеттің өзі неге тұрады! «Көк жәшікті» ашып қалсаң, әлем, Еуропа футболының матчтарын көресің. Ал қазақ футболына көңіл енді-енді бөліне бастады.
Ендеше бүгінгі ұрпақ қазақ футболын қайдан білсін!
Қанат Нөсербаев, Қайрат Нұрдәулетов, Ұлан Қонысбаев жас жанкүйерге пір бола ала ма?
Самат Смақов идеал болуға тұратын ойыншы еді. Бола алмады.
«Уэмблидегі» голдан кейін Жамбыл Көкеевтің аты ауыздан ауызға тарай бастаған еді. «Семіздікті қой ғана көтереді». Құрамаға да шақырылмайтын болды. Неге екенін қайдам, осы азаматта нағыз футболшының бойына қажетті қасиеттің бәрі бар екенін іштей сеземін. Әлде біз оның болмысын аша алмай жүрміз бе?
Бразилияның «Ботафогасында» ойнап жүргенде Рауан Сариевтен көп үміт күткен едік. Ақталмады. «Қайраттың» қосалқы тобынан шыға алар емес.
Ал «Оле Бразил» футбол академиясынан оралған жастар «күшігінен таланып» қалғандай.
Бауыржан Исламханның күні туғандай еді. Ерте қуандық па деп қорқамын. Аялы алақан, ақылды бас жетпей тұр-ау оны тәрбиелейтін.
Сонымен кумир-пір тәрбиелеуге бола ма?
Қайткенмен де қазіргі ұрпаққа қазақ Мессиі керек. Алаңға ағылып барып, сағынып қайтатын.
Енді Тимур тумайды. Сейітжан да, Сейілдә да, Құралбек те.
Мүлде басқа ұрпақ келеді алаңға. Біз сонда кіммен суретке түсеміз, кімге қол соғамыз?!

«ХС»

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.