темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

Сколари шешімі жоқ көрінетін мәселені қалай шешпек?

Бразилияда жартылай финалдың кезеңі де келіп жетті. Еуропа Оңтүстік Америкаға қарсы, әлде Оңтүстік Америка Еуропаға қарсы. Бұл маңызды емес. Бразилия-Германия. Аргентина-Голландия. Қай команданы алсаңыз да финалда өнер көрсетуге әбден лайықты ұжымдар. Бірақ финалдың аты финал ғой, екі команда ғана кім мықтыны анықтайтын спектакль, сондықтан екі команда жартылай финалда жарыс жолын тоқтатуға тура келеді. Әрине, өкінішті-ақ. Ал, сол өкініш пентакампиондардың басына жартылай финал бітпей жатып-ақ төнді. Колумбияны жеңуін жеңгенімен, ол жеңіс Неймар жарақатының көлеңкесінде қалды. Команданың үздік сұрмергені, көшбасшысы, бүкіл Бразилия халқы алақанда тербеткен Неймар енді бұл чемпионатта ойнамайды. Жүрегінен айырылған бұл Бразилия, немістерге қарсы не істемек? Сколари бұл бас қатырарлық мәселенің шешімін қалай таппақ?

Соңғы екі әлем біріншілігінде, ширек финал табылдырығын аттай алмаған Бразилия, 2002 жылдан бері бірінші рет жартылай финалға шығып отыр. Шығуын шыққанмен, бүкіл Бразилия төбеден мұздай су қуып жібергендей халде екені түсінікті. Жеңістің бұндай ащысы да болады екен. Колумбия құрамасының ойыншысы Суньига қазір Бразилияның ата жауы секілді. Оның, бәрі ойын жағдайында болды, әдейі жасаған жоқпын деген сөздерін ешкім елер де емес.

Бірақ, бұл жағдай түбінде Неймардың басынан өту тиіс еді. Бразилия үшін өкініштісі, осындай жауапты сәтте болғаны. Чемпионаттың басынан бастап, Бразилия ойынын тамашалаған жанкүйер болсаңыз, мейлі Мексика, Хорватия, тіпті кешегі Колумбия ойыншылары болсың, Неймарға қарсы өте дөрекі ойнады. Допты алған сәтте, қарсылас, Неймардың аяғындағы допты алуға ұмтылуымен қатар, Бразилия жарқын жұлдызының денесіне де шабуылдайды. Әр ойында, кем дегенде екі-үш рет Неймардың дәрігерлер көмегіне жүгінетінін көріп жүрміз. Дөрекі ойнайтыны, қарсыластың Неймардың футболына қарсы қару таппағаны. Бір-екі футболшыны оңай-ақ алдап кетер футболшыға қарсы тәртіп бұзудан басқа амал жоқ. Міне, түптеп келгенде сондай дөрекі қарсылықтарға, футбол заңының шеңберіне сыймайтын соққыларға Неймардың организмі шыдаған жоқ. Шыдау да мүмкін емес еді.

Неймарға кім қандай көзқараспен қарамасын, жек көрсің, жақтырмасын, әдейі құлауды жақсы көретін «хрусталды симулянт» десің, бәрібір жүрегінің түбінде болсың, оның нағыз жоғарғы дәрежелі ойыншы екенін үнсіздіктің үнтаспасы арқылы мойындайтыны сөзсіз. Ол, әдемі финттарымен қарсыластың басын айналдыруымен, бір орында доппен билеуімен қатар, кез келген матчтың тағдырын жалғыз өзі шешіп кете алар қасиеті тағы бар. Бар болғаны 22 жасына қарамай, анау-мынау емес, пентакампиондардың лидері. Пентакампиондардың! Осындай ауыр жүкті арқалап жүрсе де, Бразилия үшін футболдың қандай маңызға ие екенін білсе де, психологиялық, моральдық дағдарысқа ұшырамай еркін ойнап жүргеніне тамсанбасқа болмайды. Белді эксперттердің өзі бүгінгі Бразилияны, Неймардың Бразилиясы деп, әдемі шаш қою үлгісіне қарап қана айтпаған болар?! Бұл-ақиқат, біреуге ұнаса да, ұнамаса да.

Бірақ, болған іс болды, бояуы сіңді. Өлгеннің артынан өлмек жоқ демекші, Неймар мен қоса, сары қағаздардың жиналуына байланысты Тиагу Сильвадан да айырылған Сколари, қандай болса да тығырықтан шығар жол табу керек. Жарайды, Тиагу қанша мықты болса да, оның орнын жоқтатпас қорғаушы табылар, ал шабуылда Неймар секілді футболшы Бразилияда жоқ. Кейбір белді сарапшылар Сколари команда футболына бірнеше тактикалық өзгерістер енгізу керек дегенді алға тартады.

Біріншіден, Неймардың орнына Виллианды ойнатуға болады дейді. Виллиан үшін бұл позиция жат емес, Лондонда бұл орында талай ойнаған. Теориялық тұрғыдан алып қарасақ, Виллиан Неймарды жоқтатпауы мүмкін, дегенмен де қайсар мінез танытып, үлкен психологиялық қысымға шыдай ала ма? Екіншіден Оскарды ойнатуға болады. Бұны Сколари былтыр Конфедерация кубогінде де байқап көрген. Оскар-жан-жақты футболшы, қорғаныс пен шабуылды байланыстыруға қауқары жетеді. Үшіншіден, әрине, алғы шепте бар күш Оскар, Фред, Халктарға түсері белгілі, ал артқы шепте екі тіреуші жартылайқорғаушылар Паулиньо мен  Фернандиньоға, тағы сондай мәнерде ойнайтын Луис Густаво немесе Рамиресті қосуға болады. Бұндай жартылай қорғаныспен шабуыл азусыз болатыны белгілі. Бірақ, кімге қарсы алаңға шықпақ. Соны түсіну керек. Немістерге қарсы ашық футбол ойнау, өлімге пара-пар екені белгілі. Шабуылға иек артып, әдемі ойын өрнегін көрсетіп, отпен ойнау ма, әлде қалай болмасын нәтижеге қол жеткізіп, финалға шығу ма? Осыны анықтау керек.

Әрине, жауап белгілі. Финалға шыға алмау, Бразилия үшін үлкен қасірет. Бұл мемлекетте бәрі кешірілер, бірақ Бразилиядағы әлем чемпионатта Бразилия емес, басқа команда чемпион болып жатса, ол ешқашан кешірілмейді.

 

Фараби ӘБДІХАЛЫҚ

 

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.