темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

Қоштасу мезгілі. Жүректі жаралаған жұлдыздар

Неткен қиын еді. Джеррард, Хави, Касильяс… Маусым барысында да, аяқталысымен де әлем футболында аты алтын әріптермен жазылар аяқдопшылармен қош айтыстық. Жоқ, олар футболдан кетпеді, әрине. Алайда, өздерінің жарқын шақтарын, күш-қайраты тасқан кезеңдерін арнаған, суығы мен ыстығына бірге көнген командаасынан кетті. Футболды емес, бізді тастап кеткендей. 

«Ливерпуль» жейдесінде 500-ден астам ойын, Англия ұлттық құрамасында 100-ден аса матч өткізген Стивен Джеррард тек қана «қызылдардың» емес, бүкіл ағылшын футболының да тірі аңызы. Иә, бүгінге дейінгі ғұмырында Стиви жарытып жетістікке жетпепті де. Бар мақтанышы-Чемпиондар Лигасы. Алайда, сол бір Стамбулдағы жеңісті тек сен ғана осындай ерлікке лайықсың деп тағдырдың өзі сыйға тартқандай. Ұлы жазушы болу үшін жүз кітап жазу міндетті емес қой. Сол секілді жыл сайын мойнына алтынды тақпаса да, Стивен әлем алдында әрқашан да ұлы болып қалмақ. Біз үшін АПЛ-дағы, Англия ұлттық құрамасы сапындағы жеңісінің жоқтығы маңызды емес. Маңыздысы, осындай қарапайым ғана жігіттің бойынан адамға тән бар жақсы қасиетті тапқанымыз. Үлгі тұтуға тырысқанымыз.

Бәзбіреулер үшін футболға деген құштарлық бала күндегі сүйікті футболшысы кеткеннен кейін саябырсиды. Сондықтан да, кейбір жанкүйерлерге  Роналдиньо, Зидан секілді өткен онждылдықтың орта тұсындағы мықтылар, бүгінгі Месси мен Роналдуға қарағанда жанына әлдеқайда жақын. Мәселе Роналдиньо немесе Мессидің қайсысының мықтылығында емес, солардың ойының тамашалап өскендігінде. Cтиви де, «Барселонамен» қош айтысқан Хави де Зидандардың қатарында.

2010-ның жазында, сонау «қара құрлықтың» түкпірінде Испания ұлттық құрамасы тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионы деген атақ алады. Футболдағы ең басты трофейді команданың капитаны ретінде Икер Касильяс алғаш көтереді. Бүкіл Испания сол кезде Касильяс бастаған жігіттерді алақанда аялаған еді. Араға бес жыл салып «патшалық клубтың» ресми сайты «Касильяс командадан кетеді» деп жарты әлемге жария салды. Жәй ғана басқа клубқа ауысады. Көптің бірі ретінде… Жалғыз.

2 миллиард еуроға жуық қаржысы бар компанияны басқаратын Перес командаға кімнің келіп, кімнің кетерін өзі шешеді-ау. Клубты футболдан гөрі, нағыз бизнес көзіне айналдырған «Реал» үшін бұл үйреншікті жағдай. Ұжымға бұрынғыдай пайдаң жоқ па, орнынды босат. Әрі ойна.

Шындығында, Икер соңғы жылдары болдырды. Егер де, былтырғы Чемпиондар Лигасынының финалын Рамос құтқарып қалмағанда Касильясты Мадридтен сол кезде-ақ қуып шығар еді. Бұрынғыдай сенімді емес. Оған себеп- Жозенің былығы ма, әлде басқа ма, білмедім. Алайда, қақпашының бес жыл бұрынғы шеберлігі бүгінде жоқ. Болса да, әр жыл сайын трофейді талап ететін команданың қақпасын қорғауға жетпейді. Себебі, уақыт аларын алады.

Соңғы қоштасу-мадридтік жанкүйерлер үшін, команда футболшылары үшін үлкен ұят. Баспасөз маслихатына кіріп, аузына сөз түспей, көзіне жас алғанда, жанында жұбатар, арқадан қағар ешкім болмады. «Гранадаға» қарсы ойындарда лық толтыратын стадионды жанкүйерлер қаңыратып қойды. Екі-үш ай бұрын ғана әріптестерінің қолынан сүйреп, сол рақымсыз жанкүйерлерге алғыс білдіруге жетелеп еді. Жалғыздығы жанына батты-ау. Хави айтқандай, қазір Касильяске қаншалықты қиын екенін ешкім де түсіне алмас.

 

Фараби ӘБДІХАЛЫҚ

 

 

 

 

 

 

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.