темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

«Астана» үшінші алтынына жақындай түсті

Екі аптаға созылатын үзіліс алдындағы тур чемпионаттағы ең нәтижелі тур болды. Алты ойында жиырма бес гол соғылып, тек бір ұжым ғана алаңнан нәтижелі соққысыз кетті. Маусымдағы төртінші кездесуінде де «Қайрат» «Ордабасыны» жеңе алмай, «Астананың» үшінші рет чемпион атануына мүмкіндік жасады. «Ертіс» екінші тур қатарынан қарсыласын таптап өтуде.

«Жетісу» — «Атырау» — 4:3

Голдар: Артем Касьянов 27, Деян Джерманович 54, 59, Тоқтар Жаңғылышбай 85 — Максим Федин 12, Пшемыслав Трытко 24, Владимир Аржанов  29

Екінші кезеңде «Жетісу» мен «Атырау» өзара екі кездесу өткізді. Қос команда арасындағы екі ойында он үш доп соғылды. Тамыздың аяғындағы Атырауда өткен матчта 3:3 есебі тіркелген еді. Ал, Талдықорғандағы ойынның нәтижесі одан да асып түсті. Алмас Құлшынбаев командасы үшін ойын өте сәтсіз басталды. Он екінші минутта Фединнің алыстан бағыттаған соққысына Шабанов тосқауыл бола алмады. Он минуттай уақыт өткен соң қонақтар есепті еселеп кетті. Трытко қарсылас айып алаңы ішінде шеберлік танытып, бір қорғаушыны алдап, Шабанов қайтаруға шамасы жетпестей ғып алыс бұрышты дәл көздеді. Алайда, бірден алаң қожайындары есепті қысқартып үлгерді. Боровский қақпашымен жеке-дара шығып, өз мүмкіндігін пайдалана алмаса да, әріптесі Касьяновқа пас беріп үлгерген. Артемға бос қақпаға доп дарыту қиындық туғызған жоқ. Дегенмен, көп ұзамай-ақ қонақтар талдықорғандықтардың мысын басты. Қорғаушының қателігін пайдаланып Аржанов маусымдағы алтыншы голын, «Атыраудың» бұл ойындағы үшінші голын соққан еді. Алғашқы жарты сағатта төрт доп соғылған бірінші тайм 1:3 есебімен аяқталды.

Ал, екінші таймда алаңда нағыз жанкешті «Жетісуды» көрдік. Өз алаңында ұпай алмаса жағдайдың нашарлайтынын сезген Құлшынбаев баптайтын команда бар күшімен Нарзикулов қорғайтын иеліктің маңын торуылдауға көшті. Словениялық легионер Джерманович бес минутта есепті теңестіріп тастады. Әуелі, оң қапталдан Боровский асырған допты жерге түсірмей-ақ қақпаның оң жақ бұрышына бағыттап есеп қысқартты. Кейін дәл сол аймаққа әуелете келген пасты баспен голға ұластырып, таблодағы есепті 3:3-ке жеткізді. Айта кету керек, Деян осымен үшінші ойын қатарынан алаңнан голсыз кетпеуде. Ал, екінші таймда жеңіс қолда тұр деген оймен шыққан «Атыраудың» қарсыласар шамасы болмады. «Жетісу» жеңісті жұлып алуға барын салып, ақыр-аяғы сол мақсатына қол жеткізді. Шешуші голдың авторы Тоқтар Жаңғылышбай. Соңғы үш ойын қатарынан жеңілген «Жетісу» қарсыластың қолында тұрған үш ұпайды жұлып әкетіп, турнир кестесінде «Атырауға» жақындады. Ал, «мұнайшылар» екінші алтылықтың жеңімпазы атануға мүмкіндік жоғалтқан сияқты. Бір қызығы, екі команда арасындағы соңғы екі ойын алдын-ала жазылып қойған сценарий секілді өрбіді. Атырауда да, Талдықорғанда да мұнайшылар 3:1 есебімен жеңіп тұрған. Алғашқысында «Жетісу» есепті теңестіріп, Батыс Қазақстаннан бір ұпай олжалап кетсе, кешегі ойында қатарынан үш доп соғып, тіпті жеңісті қалтаға салып кетті. Голға жарымайтын «Атыраудың» «Жетісу» дегенде шабыты ашыла кетеді. Есесіне, маусымдағы екі ойында ғана екі доптан артық өткізіп көрген жігіттер, «Жетісу» шабылшылары алдында жомарттық танытатыны тағы бар…

«Ертіс» — «Ақтөбе» — 5:1

Голдар: Шота Григалашвили 16, Карлуш Фонсека 36, 41, Роман Муртазаев 44, 90+2 — Никита Бочаров 76

Ертістің үшінші орынға жармасқаны жармасқан. Тағы бір команданы жер қылды. Бұл жолы Димитар Димитров командасының қаһарына «Ақтөбе» ұшырады. Ірі жеңістің тұсауын ойынның он алтыншы минутында грузин футболшысы Григалашвили кесіп берді. Ал, бірінші таймның соңғы он минутында керекуліктер Отарбаев қақпасынынан үш мәрте саңылау тапты. Фонсека бес минут ішінде еншісіне екі доп жазса, Муртазаев таймның аяқталуына бір минут қалғанда есепті 4:0-ге жеткізді. Екінші таймда «Ақтөбе» тым болмаса бір гол соғуға тырысып бақты. Алайда, «Ертіс» қорғаушылары қонақтарды еркін ойқастата қойған жоқ. Шабуылына шабуылмен жауап қатып жатты. Жетпіс алтыншы минутта соңғы кездері жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген Бочаров мергендік танытып, бұл ойында «Ақтөбенің» алаңда екенін аңғартқан. Дегенмен, төреші қосқан уақытта Муртазаев матчтағы екінші голын Саматтың қақпасына дарытып, дубль еншілеп, таблодағы төрт доп айырмашылығын қайта тіркеді. Өткен турда да қос гол соққан Роман осы бетінен таймаса, чемпионат аяғында үздік сұрмерген атануы ғажап емес. Гоудан бар болғаны бір нәтижелі соққыға қалып келеді. «Ақтөбе» қатарынан үшінші матчтағы жеңілісінен кейін онсыз да оңбай тұрған кестедегі жағдайын нашарлатып алды. Тіпті, алтыншы орыннан көтерілуі де мүмкін емес секілді. Себебі, қалған үш ойынның екеуін қонақта «Астана» мен «Ордабасыға» қарсы өткізеді. Ал, «Ертіс» келесі турда Шымкентте «Ордабасымен» маңызды ойын өткізеді.

«Қайрат» — «Ордабасы» — 1:1

Голдар: Жерар Гоу 19 — Еркебұлан Тұңғышбаев 35

«Қайратты» алтыннан «Астана» емес, «Ордабасы» айырды десек қате болмас. Ішкі біріншілікте кіммен ойнаса да, «Қайрат» үшін төрт ойында екі ұпай алу деген ұят нәрсе. Байсеитов командасы алматылықтардың аяғын тағы шалды. Онсыз да соңғы кездері шабуылы азусыз болып жүрген Цхададзе жігіттері Алмат Бекбаев қақпасына бір доп қана соқты. Он тоғызыншы минутта Гоу есепті ашқан еді. Бұл голдан кейін өз алаңында «Ордабасыға» кезекті рет есе жіберместей көрінген алматылықтар. Алайда бірінші тайм аяқталмай жатып-ақ шымкенттіктер есепті теңестіріп кетті. Әуедегі допқа таласта бойшаң Сесар Арзодан айла асырған Еркебұлан Тұңғышбаев командасының жауапты голын соқты. Бұл голдан кейін «Қайрат» футболшыларында бір сағат ойын уақыты болса да, қонақтар қақпасына екінші допты дарыта алмай әуре болды. Маусымда төртінші мәрте «Ордабасының» сағын сындыра алмаған «Қайратта» чемпиондыққа таласар енді қайрат жоқ. «Астананы» тағы да алға ұзатып алды. Ал, Байсеитовтің уәде еткен қоласы алыс емес секілді. Ол үшін келесі турда «Ертісті» өз алаңында жеңуі тиіс. Одан кейін шашыраған «Оқжетпеске» қонаққа барады. Соңғы турда “танысы” «Ақтөбемен» жүздеседі.

«Тараз» — «Ақжайық» — 2:1

Голдар: Малик Мане 19 пенальти, Әлішер Сүлей 90+2 — Марат Шахметов 87

«Тараз» болса маусымда тұңғыш рет «Ақжайықтан» басым түсті. Кездесудің жиырмасыншы минутына таяу Маненің пенальтиден соққан добы матчтың аяғына дейін сақталып тұрған. Алайда, негізгі уақыттың аяқталарына үш минут қалғанда «Ақжайық» таразы басын теңестіріп кетеді. Десек те, «Тараз» футболшылары жеңісті допты соғуға күш тапты. Әлішер Сүлейдің алыстан бағыттаған жойқын соққысы жол-жөнекей бір футболшыға тиіп, қақпадан табыла кетті. «Тараздың» жеңісінен кейін командалар турнир кестесінде орын алмасты. «Ақжайық» соңғы орында.

«Шахтер» — «Тобыл» — 2:3

 Голдар: Марко Симоновски 83,86 — Сергей Хижниченко 53, Томаш Шимкович 54, Чиприан Дяк 68

Екінші алтылықтың жеңімпазы анықталып қойғандай. Бұл орынға таластағы басты қарсыласын қостанайлықтар жеңіп тастады. Әрине, үш ұпайды еншілеу Тетрадзе жігіттеріне оңайға соқпады. Алғашқы тайм голсыз аяқталып, екінші таймда, он бес минут ішінде қонақтар үш мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеп, жеңісті қамтамасыз еткендей көрінген. Алайда, ойын аяғында Марко Симоновски «кеншілер» атынан екі гол соғып, қостанайлықтардың әбден мазасын алды. Есепті теңестіріп кетер мүмкіндіктер де болды «Шахтерде». Әйткенмен, қалған уақытта қонақтар бір доп айырмашылығын ұстап тұра алды. Осы нәтижеден кейін екі команданың арасы чемпионат аяқталарға үш тур қалғанда жеті ұпай. «Тобыл» екінші алтылықта сенімді көш бастап тұр.

«Астана» — «Оқжетпес» — 3:0

Голдар: Патрик Твумаси 2, 88, Азат Нұрғалиев 56

«Астанамен» болар ойын алдында негізгі құрамнан төрт ойыншысын қуған «Оқжетпес» елордада чемпион алдында сөзсіз тізе бүкті. Стойлов алғашқы минуттардан алаңға Твумасиді шығарып, ганалық футболшыға әлі де сенетінін аңғартты. Ал, жас талант екінші минутта және негізгі уақыттың аяқталуына екі минут қалғанда бір-бір доптан тоғытып, бапкер сенімін ақтауға тырысты. Ойын басында есеп ашып алған «Астана» таймның қалған бөлігінде қанша шабуылдаса да, екінші допты соға алмай қойды. «Оқжетпестің» шабуылдағы ойыны мүлде жүрмеді. Матчтың екінші бөлігінің басында Нұрғалиев мергендігімен көзге түсті. Ойындағы үш голға де нәтижелі пас берген Шомконы атап өткен жөн. «Астана» осы жеңісінен кейін «Қайраттан» алты ұпайға озып кетті. Оның үстінде алматылықтардан бір ойын артық өткізеді. «Астананы» кезекті чемпиондық атақ күтіп тұрғанына ешкімнің дауы жоқ.

Фараби ӘБДІХАЛЫҚ

http://kazfootball.kz/news/6717

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.