темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

Алаң иелерінің жарқын жеңісі

Похожее изображение

Кеше түнде футбол жанкүйерлері асыға күткен УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойындар өтті. Өз алаңында Испанияның азулы Барселонасын қабылдаған Францияның ПСЖ командасы, қарсыластарын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал осы кездесумен қатар өткен португалиялық «Бенфика» мен Германияның «Боруссия Дортмунд» командалары арасындағы кездесуде лиссабондықтар 1:0 есебімен басым түсті. Ал енді осы өткен ойындарға қысқаша шолу жасап көрейік.

 ПСЖ-Барселона (4-0)

Парижде өткен кездесуді бас төрешінің ысқырығымен бастаған алаң иелері ойынның 5-ші минутында есеп ашатын мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ди Марияның айып алаңына асырған добына бірінші жеткен Кавани қақпаға қарай соққы бағыттады. Алайда қорғаушы Робертоның аяғына тиіп кері серпілген допты Дракслер тоқтатпай тепкен. Бірақ соққысы қақпадан әлдеқайда биік кетті. Араға бес минут салып француздар гол салатын тағы бір мүмкіндікті пайдалана алмады. Бұл жолы Каваниден пас алған Матюидидің жойқын соққысын Тер Штеген қайтарып үлгерді. Кездесудің 18-ші минутында париждіктер алға шықты. Айып добын мінсіз орындаған Ди Мария тоғыздықты дәл көздеп есеп ашты. Таразы басын теңестіруге ұмтылған қонақтар тайлы тұяғымен шабуылға кірісті. Сондай сәттердің бірінде қақпашымен жеке дара шыққан Гомеш тәжірибелі Трапптан айласын асыра алмады. Кездесудің 39-шы минутында Дракслер Чемпиондар лигасындағы дебюттық голын салып есепті еселей түсті. Бірінші тайм 2:0 есебімен аяқталды. Ойынның екінші бөлігі басталысымен ширақ қимылдаған француздар есепті 3:0-ге жеткізді. Екі қорғаушының арасынан сырғып өтіп алыстан шірене тепкен Ди Мария осы ойындағы екінші голын соғып, өз туған күніне тамаша сый жасады. Ары қарай ойынды толық өз бақылауында ұстаған алаң қожайындары қонақтар қақпасына 4-ші голын соғып өз жағдайларын жақсыртып алды. Бұл жолғы голдың авторы – ПСЖ-ның үздік сұрмергені Эдинсон Кавани болатын. Тартысты өткен ойында ПСЖ ірі жеңіске қол жеткізді. Сөйтіп «Барселона» қақпасына жауапсыз төрт гол соққан париждіктер келесі кезеңге өтуге бір қадам жақындай түсті.
Камп Ноуда өтетін қарымта ойында Месси, Суарес, Неймар бастаған үздік үштік қалай жауап қатар екен? Оны 8-ші наурызда білетін боламыз.

Похожее изображение

Бенфика — Боруссия Дортмунд (1-0)

Лиссабонда өткен кездесуде сарапшылар басты фаворит ретінде немістерді есептеген болатын. Алайда жеңіске деген жігер танытқан алаң иелері Германиядан келген қарсыластарын 1:0 есебімен жеңіп кетті.
Көпшілік күткендей ойын қонақтардың шабуылымен басталды. Кездесудің 9-шы минутында Дембеледен пас алған габондық сұрмерген Обамеянг қақпашымен жеке дара шығып, командасын есепте алға шығаратын мүмкіндігін пайдалана алмады. Ары қарай қонақтар үздіксіз шабуылдар жасады. Немістердің шабуылдарына Митроглу бастаған жігіттер жауап қатып отырды. Дегенмен жанкүйерлер бірінші таймда гол көре алмады. Ойынның екінші бөлігінде жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысқан Руй Витория шәкірттері есепте алға шықты. Пиццидің бұрыштамадан көтерген добына бірінші болып жеткен Густаво баспен Митроглуға пас берген, тәжірибелі грек шабуылшысы допты қақпада тулатты. Артынша есепті теңестіруге болатын тамаша мүмкіндікті қонақтар жіберіп алды. 11 метрлік айып добын орындаған Обамеянг қақпашы Эдерсоннан айласын асыра алмады. Ойынның соңына дейін таблодағы көрсеткіштер өзгермеді. Осы ойында бірнеше сейвтар жасаған алаң иелерінің қақпашысы Эдерсон, кездесудің үздік ойыншысы атанды. Келесі кезеңге кімнің өтетіні әзірге белгісіз. Қарымта кездесу 8-ші наурыз күні Дортмундтағы «Сигнал Идуна парк» стадионында өтпек.

Картинки по запросу Бавария арсенал

Бавария — Арсенал (5-1)

УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің екінші күнге жоспарланған ойындары өтті. «Альянц Аренада» мюнхендік Бавария лондондық Арсеналды 5:1 есебімен тас талқан етсе, Мадридте жергілікті Реал италиялық Наполиды 3:1 есебімен жеңді. Назарларыңызға өткен кездесулерден қысқаша шолуды ұсынамыз.
Футбол жанкүйерлері мен сарапшылары Мюнхенде өткен кездесуде алаң иелерінің ірі есеп айырмасымен жеңетінін күтпеген еді. Алайда кездесу басталысымен ақ тайлы тұяғымен алға ұмтылған мюнхендіктер ойынның 10-шы минутында есеп ашты. Оң қапталмен екі қорғаушыны алдап өткен Арьен Роббеннің алыстан шірене тепкен соққысына қақпашы Давид Оспина дайын болмай шықты. Баварияның үздіксіз шабуылдарына ағылшындар қарымта шабуылдармен жауап беріп отырды. Осындай қарсы шабуылдардың бірінде қонақтар есепті теңестірді. Немістердің айып алаңында Роберт Левандовски Лоран Косьельниге қарсы дөрекі ойнап ойын тәртібін бұзды. Бас төреші еш ойланбастан Бавария қақпасына 11-метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді орындаған Санчес тәжірибелі Нойерден айласын асыра алмады. Алайда Нойердің қайтарған добына бірінші болып жеткен Алексис екі қорғаушыны алдап өтіп допты қақпа ішінде тулатты. Баварияның басымдылығымен өткен бірінші тайм тең есеппен аяқталды. Екінші таймды ширақ бастаған алаң қожайындары айналдырған 10 минуттың ішінде 3 гол соқты. Ойынның 53-ші минутында оң қапталда Костадан тамаша пас алған Левандовскидің баспен соққы бағыттап есепті 2-1-ге жеткізді. Араға үш минут салып Тьяго Алькантара Оспина қорғаған қақпаға үшінші голды салды. Кездесудің 63-ші минутында алаң иелерінің кезекті шабуылынан кейін Альканатара тағы да гол соғып дубль авторы атанды. Ойынның аяқталуына 3 минут қалғанда қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Тьяго кездесуге тыңнан қосылған Мюллерге пас шығарды, ал ол өз кезегінде осы ойынның нүктесін қойды. Есеп – 5:1. Қарымта ойын Арсенал үшін қиын болмақ. Алайда Лондонда өтетін ойында Арсенал жанкүйерлері үшін жеңіске жетуге барын салатын болады.

Картинки по запросу Реал Наполи

Реал Мадрид — Наполи (3-1)

«Сантьяго Бернабеуде» өткен ойында сенсациялық есеп тіркелмеді. Көпшілік күткендей ойын алаң иелерінің басымдығымен өтті. Дегенмен де алаң иелерінің шабуылдарына қарсы шабуылдармен жауап беріп отырған қонақтар есеп ашты. Гамшиктің пасынан кейін Навастың қателігін пайдаланған Инсинье ойындағы алғашқы голды соқты. Артынша есепті теңестіруге ұмтылған Реал футболшылары жауапты голды соқты. Кездесудің 17-ші минутында Бензема есепті 1-1-ге жеткізді. Бірінші таймда жанкүйерлер көптеген жүйелі шабуылдарға куә болғанымен, есеп өзгермеді. Екінші таймға сергек шыққан алаң қожайындары бірнеше шабуылдар ұйымдастырды. Осы шабуылдардың нәтижесінде Зиданның шәкірттері есепте алға шықты. Ойынның 48-ші минутында оң қапталмен сытылып өткен Роналду Кроссқа пас шығарды, ал өз кезегінде сирек қателесетін тәжірибелі Тони төменгі оң бұрышты дәл көздеп, есепті еселей түсті. Араға 7 минут салып алаң қожайындары осы ойындағы үшінші голын салды. Кезекті шабуылдың нәтижесінде кері серпілген допқа бірінші жеткен Каземиро, әуедегі допты шірене тепті. Мұндай жойқын соққыны күтпеген Рейна допты қайтара алмады. Осылайша Каземиро мадридтік Реал сапында Чемпиондар лигасындағы алғашқы голын соқты. . Өз алаңында жеңіске жеткен Реал екі доп айырмасымен 7-ші наурызда Италияда өтетін қарымта ойынға аттанбақ.

Руслан МЕРАЛИЕВ

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.