темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

Әкесі үшін гол соққан

керспоЕлордада Экспо көрмесіне байланысты футбол турнирі өтетінін естіп аса қатты мән бермеген едім. Алайда, кейіннен келетін мәртебелі меймандар қатарында Эрнан Креспо, Христо Стойчков секілді тұлғалар болатынын естіп, қызығушылығым артты. Сонау 90 жылдардың бел ортасынан бері әлем футболының ардақтылары болып жүрген адамдар Астанаға келетіні сол замандарда футбол тамашалаған тәжірибиелі жанкүйерлерге әсте қызық.

94 жылы АҚШта өткен Әлем чемпионатында Христо Стойчковтың қалай өнер көрсеткенін бәрі біледі. Одан бөлек болгариялық шабуылшының «Барселона» сапында жүріп жарқырағаны да мәлім. Алайда, Христо сол дәуірдің өзінде аузынан темекісін тастамады. Қазіргі күні Марио Боллаттели секілді «бұзық балалар» футбол төңірегінде «жұлдызға» айналып жүрсе, Христо да сондай қылықтарымен танылып келді. Кейіннен бапкер де болды. Міне, бұл футболшылар өз заманында түкірігі жерге түспей тұрған аңыздар болатын. Біз секілді ішкен асын жерге қоятын, футболға арбалғандар үшін бұл бір керемет оқиға.

«Экспо-кап 2017» турнирі Креспо мен Стойчковтан бөлек, Карпин, Цвейба, Манише, Дельвеккю секілді тұлғалармен жақын таныстырды. Олар үш күн бойы елорда көшелерінде серуін құрып жүрді. Мысалы, Жан-Пьер Папенді Сарыарқа көшесінің бойында серуендеп жүргенін көргенде аузымыз аңқиды да қалды. Мишель Платинимен бірге тізе қосып доп тепкен француз ойыншысы тіпті Қазақстан ұнап қалғанын да жасырмады. Бір-екі ауыз тілдесіп, хал сұрасып қалудың өзі әсер беретіні рас. Өйткені, миллиондаған жанкүйерлерден қашып жүретін Папен маңғаздана, емін-еркін тілдеседі. Ал «Астана-Арена» ішінде өткен сайысты тамашалаудың өзі бір қызық. Сырты қапталған, қораптың ішінде доп тепкен де бір қызық екен. Оны Эрнан Креспо да растап берді. Қазақстан ардагерлерінің қақпасына 3 гол соққан атақты аргентиналықпен емен жарқын сұқбаттастық. Шынын айтуымыз қажет Креспоны басында танымай, өзгелермен шырамытып алғанымыз да рас.

krespo1Эрнан шашы ұзын, сұңғақ бойлы, кесек жігіт еді. Әрине теледидардан тамашалағанда солай. Қазір, футболды қойғалы бері, басындағы шашы сиреп, өңі жүдеу тартып, солғынданған. Айып алаңының қарақшысы, бір ғана аяқтың жанасуымен гол соғатын әккі шабуылшы шау тартыпты. Бұрынғыдай сұрмерген емес, әбден сүрленіп қалған. Әлгі, «Милан» мен «Ливерпульдің» финалын білесіздер. 3:0 есебімен бірінші таймды аяқтаған италиялық команда, екінші таймда үш доп жіберіп, пенальти сериясында «мерсисайдтықтарға» кубокты қолдан берді. Сол матчтың алғашқы кезеңінде 2 гол соққан осы Креспо болатын. Өмірінде неше түрлі алмағайып матчтарды бастан өткерген Эрнан шынымен де осы күні ештеңеге таңқалмайтындай. Кәдімгі өмірдің де, футболдың да ащысы мен тәттісін қатар татқан, ыстығы мен суығына қатар шыдаған жандай. «Астаналарыңыз тіпті керемет қой. Мынандай қаланы көремін деп ойламаппын. Қазақстан туралы ақпаратым аз болды. Соның кесірі шығар. Дегенмен, сіздердің еліңіз маған қатты ұнады», деп ағынан жарылды, аргентиналық.

Әлгі финалды еске алғысы келмей, бұл тақырыпты жылы жауып қояйықшы деп айналып өте бергісі де келіп тұр. Әрине, ескі жараның бетін тырнап, мезі қылғымыз келмеді. «Эрнан, мына футбол сізге қалай екен? Қораптың ішіне қамалу еркін ойнап үйреніп қалған «үлкен» футболшыға қиын емес пе? Үйренісе алдыңыз ба?» деп тақырыпты өзге арнаға салдық. Креспо шыны керек үлкен шабуылшы еді. Қос мағынада да. Алайда, бұл шабуылшыда өзгеше бір талант болды. Ол — үнемі гол соғылатын тұстан табыла білуі. Ибрагимович секілді ірі денелі болса да, асқан техникасы жоқ. Роналдо секілді 3-4 футболшыны алдап өте алмайтын да. Тіпті, Арнри секілді дәл соққысы да жоқ еді. Бірақ, тура елдің бәрі қарбаласып жатқан сәтте доп Эрнанға келетін. Болмаса ол алыстан келе жатқан пасқа бірінші болып аяғын әдемі қоя салып, қақпашығы қапыда қалдыратын. Нешетүрлі әдіс жасамаса да, боратып гол соғатын. Нағыз шабуылшы еді.

«Мынау ардагерлерге жақсы дүние екен. Қатты бір шапқылап жүгірмейсің. Арлы-берлі позиция қуаламайсың. Тек техникаң мен тәжірибиеңе сүйенесің. Сондықтан, мұндай футбол маған жақсы әсер қалдырды. Ұнады десем артық емес. Одан кейін осы жарыстың арқасында кезінде бір клубта ойнаған достарымның біразын көрдім. Біздің барлығымызды Астана табыстырды».

Әртүрлі ірі клубтарда ойнағанымен оның бір клубта жолы болып, бір командада бағы ашылмай кетті. Дегенмен, Аргентина құрамасында Әлем чемпионаттарының іріктеу ойындарында ең көп гол соққан ойыншы. Әлі күнге дейін. Италияда көп жылдар жүрген Креспо өзін қазір жартылай италиялық сезінеді екен. Осы күндері Креспо сықылды ойнайтын шабуылшылар жоқтың қасы. Уэйн Руни секілді әмбебаптар пайда болып, шабуылшы тек гол соғумен ғана шектелмейтін болды. Олар қақпаға арқамен қарап, допты әуеден жерге түсіріп, шаубылға жартылай қорғаушылар тегіс келуін күтіп, жағдай жасауға үйренді. Ал Эрнан Кресполар әдемі голдар соғып, шабуылшы деген шын есімге сай болғандар.

Эрнанның Аргентинада жүріп футболшы болғаны аса қатты ешкімді таңқалдырмас. Диего Марадонаны үлгі тұтқан көптеген жас жеткіншектер сияқты бала «Вальданито» футболшы болуды армандады. Алайда, оның тағы бір мақсаты болған. Ауыр халде науқастанып жатқан әкесіне қымбат операция қажет болады. Сал болып, төсек тартқан әкесіне кедей отбасы еш дәрмен қыла алмады. 16 жасында алғаш келісімшартқа қол қойып, «Ривер Плэйт» сапына ауысқан Эрнан Креспо алғашқы жылдары тапқан-таянғанын әкесінің еміне жұмсайды. Эрнан сол үшін де еңбек етіпті. Түбі, сол еңбегі еш кетпей, әкесі қымбат операциялардың арқасында аяққа тұрды. Креспоның өміріндегі ең басты жетістігі осы. Одан кейін аргентиналық шабуылшы футболда аса қатты ештеңе жеңе қойған жоқ.

Ермұхамед МӘУЛЕН

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.