темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

«Альбиселестенің» арманы – алтын жүлде!

Санаулы күндерден кейін Ресейде футболдан әлем чемпионаты басталады. Ала доптың айтулы мерекесіне соңғы сәтте іліккен Аргентина құрамасы алтын жүлдеден дәмелі. Бұл турнир «альбиселесте» үшін маңызды болмақ. Біріншіден, кейінгі дүбірлі додаларда Аргентина ақтық сында ғана сүрініп жүр. Екіншіден, биылғы дода құраманың басты жұлдызы ЛионельМессидің соңғы әлемдік турнирі болуы ықтимал.

«Альбиселесте» 1978 жылғы әлем чемпионатында топ жарған бо­латын. Өз елінде өткен төрт жыл­дықтың додасында Марио Кем­пес бастаған дүлдүлдер шаша­сына шаң жұқтырмай, мәреге қара үзіп келді.

Аргентина футболы туралы сөз бола қалғанда Диего Мара­до­н­аны еске алмау мүмкін емес. «Альбиселестенің» жарық жұл­дызы 1986 жылы Мексикада өткен фут­бол тойында бар өнерін көр­сетті. Әсіресе, ширек финалдағы Аргентина-Англия кездесуін кө­не­көз жанкүйерлер жақсы білуі тиіс. Дауға толы сол матчта Диего Армандо дубль жасап, командасын жеңіске сүйреген болатын.

Сол ойында соғылған екі гол­дың бірін Марадонна қақ­па­­ға қолмен бағыттап жібер­ге­ні есімізде. Кез­де­суден кей­ін ағылшындардың «ата жау­ына» айналған футболшы голды «Құдайдың қолымен» соққа­нын мәлімдеді. Кейіннен Диего Армандо жартылай финалда да екі мәрте мергендігімен танылып, құ­­рамасын ақтық мәреге дейін жет­­кізді. Финалда Марадонна гол сал­­ған жоқ. Алайда Аргентина фи­­налда азулы Германияны тізе бүк­тіріп, екінші мәрте әлем чемпи­о­ны атанды.

Төрт жылдан кейін латын­аме­рикалықтар тағы да финалға шық­ты. Бұл жолы Марадона бастаған жі­гіттер ақтық сында сүрінді. Ру­ди Феллер, Юрген Клинсманн бастаған немістер финалда үстем шыққан еді. Италиядағы сол додадан кейін ұзақ уақыт бойы Аргентинаның әлем біріншілігінде жолы болған жоқ. Үш рет ширек финалда сүрінсе, бір мәрте 1/8 финалдан өте алған жоқ. Ал 2002 жылғы біріншілікте топтық кезеңде сүреңсіз ойын көрсетіп, плей-оффтан құр алақан қалған-ды. Ұзақ уақыт жеңістің дәмін сезбеген елдің футбол-көктен үміт күтетіні анық. Биыл «Құдайдың қолы» жәрдемдесіп қалар, бәлкім?!

Аргентинаның ұзақ уақыт сәт­сіз өнер көрсеткенін жоғарыда айт­тық. Тіпті, бірнеше «Алтын доп­тың» иегері Лионель Месси құ­ра­мында болса да, «альбиселес­те» 2006 және 2010 жылғы әлем чем­пионаттарында оңбай сүрінді. Дегенмен, төрт жыл бұ­рын Бразилияда өткен әлем бірі­н­шіл­і­гінде Месси бастаған жігіттер кү­міс жүлдені місе тұтты. Аргентина құ­ра­масы турнирдің басты фаво­ри­ті саналса да, сүйретіліп жүріп финалға әрең шыққан болатын. Ақтық матчта Мессидің әлем чем­пи­оны атансам деген арманын немістер күл-талқан етті.

Жалпы, Леоның клуб сапында бағындырмаған белесі жоқ. Чем­пиондар лигасын да ұтты, ел бі­ріншілігінде де жеңіске жет­ті. «Алтын доп» пен «алтын бу­т­сы­дан» тау тұрғызып, «Бар­се­­ло­­наның» тарихына есімін алтын әріппен жазды. Әйтсе де, Мес­си­дің ұлттық құрама сапында жо­лы болған емес. Ал ұлттық құрама сапында жеңіске жетпеген ойыншының футбол Олимпіне есімі жазылуы неғайбыл.

2014 жылғы әлем бірін­ші­лігінен бөлек, Аргентина бір­қа­тар финалда сүрінген еді. «Альбиселесте» 2015 және 2016 жылдары Америка кубогы дода­сында екі рет Чилиге есе жі­бе­р­іп, Латын Америкасының чем­­пионы атағына қол жеткізе алма­ды. Қатарынан үш финалда жеңілу Леоға қатты әсер етіп, ұлт­тық құрамадан кететінін мә­лім­деген. Аргентинаның 2018 жыл­ғы әлем чемпионатының ірік­теу турниріндегі сүреңсіз ойынынан кейін бүкіл ел болып Леоны пікірін өзгертуге үгіттеді. Тіпті ел пре­зиденті Маусрисио Мак­ри де ұлт­тық құрамамен қош айтыс­пау­ға шақырды. Ақыры Месси құрама жей­десін қайта киді.

Бүгінде Мессидің жасы 31-де. Бұл – шабуылшы үшін аз жас емес. Көп футболшылар осы жаста үлкен спортпен қоштасып жатады. Келесі әлем чемпионатында Лео 35-ке толады. Ол кезде қазіргі деңгейде ойнау-ойнамауы неғайбыл. Ендеше, биылғы турнир Месси үшін чемпион атанудың соңғы мүмкіндігі болатыны айтпаса да түсінікті.

Топтық кезеңде Аргентинаға Исландия, Хорватия және Нигерия құрамалары қарсылас атанады. «Альбиселесте» оңай топқа түсті деуге келмес. Қарт құрлықтың әлеуетті командалары Исландия мен Хорватия да плей-оффқа шығудан үмітті. Осыдан екі жыл бұрын Еуропа біріншілігінде Исландияның айды аспанға бір-ақ шығарғаны есімізде. Модрич пен Ракитич сынды жартылай қорғаушылары бар Хорватия кез келгенмен иық тірестіріп өнер көрсетуге дайын. Нигерия да оңай шағылатын жаңғақ емес.

Аргентина құрамасының тізімі:

• қақпашылар: Науэль Гусман («Тигрес»), Вилли Кабальеро («Челси»), Франко Армани («Ривер Плейт»);

• қорғаушылар: Маркос Рохо («Манчестер Юнайтед»), Федерико Фасио («Рома»), Николас Отаменди («Манчестер Сити»), Маркос Акунья («Спортинг»), Эдуардо Сальвио («Бенфика»), Николас Тальяфико («Аякс»), Габриэль Меркадо («Севилья»), Кристиан Ансальди («Торино»);

• жартылай қорғаушылар: Максимилиано Меса («Индепендьенте»), Хавьер Маскерано («Хэбэй Чайна Форчун»), Энцо Перес («Ривер Плейт»), Джовани Ло Чельсо, Анхель Ди Мария (екеуі де – ПСЖ), Лукас Биглия («Милан»), Эвер Банега («Севилья»), Кристиан Павон («Бока Хуниорс»);

• шабуылшылар: Гонсало Игуаин, Пауло Дибала (екеуі де – «Ювентус»), Лионель Месси («Барселона»), Серхио Агуэро («Манчестер Сити»).

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.