темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

ӘЧ: «Неміс машинасы» атағын қорғай ала ма?

Футболдан Германия құрамасы осыдан төрт жыл бұрын Бразилияда өткен әлем чемпионатында топ жарып, сол атағын қорғау үшін Ресей жеріне нық сеніммен келді. Тіпті германиялық футболшылар бір жыл бұрын өткен Конфедерация кубогында бас жүлдені жеңіп алып, «неміс машинасы» әлі де істен шықпағанын тағы бір рет дәлелдеді.

Бундестим – жер шарындағы жүлдесі ең көп құраманың бірі. Гер­маниялықтар бұған дейін әлем чемпионатында төрт рет же­ңімпаз атанса, (1954, 1974, 1990, 2014), үш рет Еуропада теңсіз деп танылған (1972, 1980, 1996). Сонымен қатар Германия құ­ра­масының еншісінде әлем бірін­шілігінің төрт күміс және төрт қола медалі бар. Еуропа чемпи­онатында үш күміс және үш қола жүлде жеңіп алған.

Йоахим Лев шәкірттері биыл­ғы доп додасының басты фа­во­рит­тері саналады. Жалпы, гер­ма­ниялықтар әр чемпионат сайын жүлдеге үмітті құрама саналады. Бірақ бұл жолғы құрамаға үміт ерекше артылып отыр. Өйткені биыл Лев Германияның ең үздік деген футболшыларын таңдап алды. Әлем біріншілігі алдында Еуропаның футбол сарап­шылары, «Егер Германия құ­ра­масы бұл чемпионатқа екі құраммен келсе, екеуі де топтан шығып, финалға дейін жетуге мүмкіндіктері бар», деп жазған еді. Естеріңізде болса, бундестим былтыр Конфедерация ку­богына эксперименттік құ­ра­м­мен қатысқан болатын.

2014 жы­лы Бразилия төрінде өт­кен чем­пионатқа қатысқан фут­бол­шылардың тек бір-екеуі ғана жүрді. Ал биылғы тізімге «не­міс машинасының» бірнеше мық­ты футболшысы енбей қал­ды. Мысалы, 2014 жылы Бразилиядағы ала доп бәйгесінде Гер­мания құрамасының «Алтын добын» соққан 26 жас­тағы Марио Гетце Левтің негіз­гі тізімі бы­лай тұрсын, чем­пи­онатқа дей­інгі кеңейтілген құра­мы­на да ілінбеген. Сонымен қа­тар «Ар­се­налдың» негізгі қор­ғау­­шысына ай­налған Шкодран Му­с­­та­фи мен шабуылшы Андре Шюр­р­ле де төрт жылдықтың бас­­ты бә­се­кесіне қатыса алмады. Есе­­сі­не, жыл бойы жарақатына бай­­ла­ныс­ты жасыл алаңға шық­па­ған қақпашы Мануэль Нойерді құ­рамаға шақыртты.

Жалпы, Германия әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келе жатқан XXI ғасырдың ең тұрақты құрамасы саналады. Мысалы, 2002 жылы финалға, 2006 және 2010 жылдары жартылай финалға дейін жетсе, 2014 жылы бас жүл­дені қанжығаларына байлады. Де­генмен, ескере кететін бір жа­йт бар. Әлем чемпионатына же­ңіс­ке жеткеннен кейін келесі біріншілікке дайындалу, атақты қорғап қалу құрамаларға қиынға соғады. Яғни, чемпиондыққа қол жеткізу оңай болмауы мүмкін, бірақ оны қорғап қалу қиынның қиыны.

Өйткені барлық құрама тек жеңімпаз құрамаға қарсы дайын­далып, жеңіске жету үшін барын салатыны анық. Осы­ған бай­ланысты, мысалды алыстан із­демей-ақ, өткен чемпио­нат­тар­дың тарихына зер салсақ, соның өзі жеткілікті. 1998 жылы әлем чемпионы атанған Франция құ­ра­­масы келесі біріншілікте топтан шыға алмаса, 2006 жылы жа­һанда теңсіз деп танылған Италия да келесі додада топтық кезеңнен әрі аса алмады. Ал 2008 жылы Еуропа чемпионатында, екі жылдан соң әлем біріншілігінде же­ңіске жеткен Испания футболшы­лары төрт жыл бұрынғы ала доп аламанында қалай мас­қа­ра болып жеңілгені футбол жан­күйер­лерінің әлі күнге дейін есін­де шығар.

Сенсацияға толы Ресейдегі әлем чемпионатының алғашқы кез­десуінде-ақ «неміс машинасы» «сыр берді». Мексика құрамасына қар­сы өткен ойында германиялық фут­болшылар күтпеген жерден 1:0 есебімен есе жіберді. Бі­рін­ші турдан кейінгі турнир кес­тесінде Германия соңғы орында келеді. Осы біріншілік ал­дында Германия құрамасы ал­ғаш­қы турда жеңіліп, топта соңғы орынға түсіп қалады де­се футбол жанкүйерлері тү­гіл, бундестимнің футболшыла­ры да сенбейтін еді. Енді «не­міс машинасы» 23 маусымда Швецияға, 27 маусымда Оңтүстік Корея құрамасына қарсы ойын өткізеді. Егер осы кез­десуде де немістер жеңіске же­те алмаса, жоғарыда біз атап өт­кен чем­пи­ондар сияқты әлем чем­пи­­онатындағы жорығын топтық ке­зеңінен-ақ аяқтауға мәжбүр бо­лады.

Германия құрамасының тізімі:

• қақпашылар: Мануэль Нойер («Бавария»), Кевин Трапп (ПСЖ), Марк-Андре тер Штеген («Барселона»);

• қорғаушылар: Марвин Платтенхардт («Герта»), Йонас Хектор («Кельн»), Маттиас Гинтер («Боруссия М»), Антонио Рюдигер («Челси»), Матс Хуммельс, Никлас Зюле, Жером Боатенг, Йозуа Киммих (бәрі – «Бавария»);

• жартылай қорғаушылар: Сами Хедира («Ювентус»), Юлиан Дракслер (ПСЖ), Тони Кроос («Реал»), Месут Озил («Арсенал»), Марко Ройс («Боруссия Д»), Леон Горецка, Сабастьян Руди (екеуі де – «Бавария»), Юлиан Брандт («Байер-04»), Илкай Гюндоган («Манчестер Сити»);

• шабуылшылар: Марио Гомес («Штутгарт»), Тимо Вернер («РБ Лейпциг»), Томас Мюллер («Бавария»).

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.