темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

«Тобыл» Еуропа лигасында ұзақ сапар шегуге қауқарлы

Еурокубоктардың алғашқы аптасы қазақстандық клубтар үшін сәтті өтті. Төрт командамыз да жеңілмей, қарымта ойын алдында жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Рас, қазақстандық футболдың жаңа сатыға көтерілгенін осыдан-ақ білуге болады. Бұрын еурокубоктардың 1-ші іріктеу кезеңінен өтудің өзі үлкен жетістік еді. Қазір өтуге міндетті саналады.

«Тобыл» Грузияға барып ерлеп қайтты. Владимир Никитенко ешқандай тосынсый жасамай, әдеттегі құрамын алаңға шығарды – үш орталық қорғаушы, екі латераль. «Самтредиа» да жүйесін өзгертіп, алаңға бес қорғаушысын шығарған. Бұл ойында қостанайлықтар толығымен басым болған. Қарсыласқа қарағанда төрт есе көп соққы жасауы да осыған дәлел. Бір өкініштісі, сол басымдықты «Тобыл» айқын жеңіске айналдыра алмады. Тіпті, жеңіске жетуі де мұңға айналған. Тек, 94-минутта Максим Федин соққан әдемі гол қонақтардың жағдайын жақсартып берді.

Енді 19 шілдеде өтетін қарымта ойыннан не күтуге болады? Никитенко – нәтижеге ойнайтын бапкер, ол сырт алаңдағы минималды жеңістен оңай айырыла қоймайтыны анық. Қарымта кездесуде де Грузиядағы ойынның көрінісін қайталауы ықтимал. Тағы да минималды жеңіс тіркелуі мүмкін. Маңыздысы, екінші кезеңге өтсе болғаны. Ал 2-ші кезеңде «Тобылды» армениялық «Пюник» пен македониялық «Вардар» жұбының жеңімпазы күтеді. Бұл жұптан алғашқы ойында армениялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Қарымта кездесуге дейін «Тобылды» тағы бір ойын күтіп тұр. Сенбіде қостанайлық клуб «Қайсарға» қонаққа барады. «Тобыл» үшін маңыздысы – еурокубоктағы қарымта ойындардың арасы бір апта емес, тоғыз күн. «Самтредиа» мен «Тобыл» алғашқы матчты сейсенбіде ойнап тастаған болатын.

«Самтредиаға» қарымта ойынға дайындалуға уақыт жеткілікті. Себебі команда осы демалыста матч өткізбейді. Демек, грузиялық клубқа Қостанайда өтетін маңызды матчқа дайындалуға толық тоғыз күн бар. Соңғы 19 матчының біреуінде ғана жеңіске жеткен «Самтредияның» жағдайы қиын. «Тобылға» қарсыластың сәтсіз кезеңін пайдаланып кету қажет. Оның үстіне, 2-ші іріктеу кезеңінде команданы өзінен әлсіздеу қарсыластар күтіп тұр. «Тобыл» «Пюникті» де, «Вардарды» жеңуге қауқарлы. Оның үстіне бұл екі клубтың да құрамы 5.83 миллион еуроны құрайды. «Тобылдың» құрамы олардан, шамамен, екі есеге қымбат.

Сонымен қатар, бас бапкер Никитенконың соңғы рет еурокубокта қашан өнер көрсеткені есімізде. 2013/14 жылғы маусымда «Ақтөбе» ФК Никитенконың жаттықтыруымен Еуропа лигасында армениялық «Гандзасар», норвегиялық «Хедд», исландиялық «Брэйдабликті» жарыс жолынан шығарып, тек украиналық «Динамо Киевтен» ұтылған болатын. Тәжірибелі бапкер қажетті нәтижеге қол жеткізе алады.

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.