темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

Бапкерлердің «генералы»

Осыдан 55 жыл бұрын Киевтің «Динамосының» жастар командасының сапына он бес жастағы, мығым денелі, ақжарқын бозбала алынды. Азғана уақыттың ішінде алаңдағы еркін де шапшаң, ең бастысы, ойлы қимылымен мамандардың оң бағасына ие болған бұл ойыншы — Валерий Лобановский болатын. Екі жыл өтісімен ол «Динамоның» қосалқы, сәл кейінірек негізгі құрамына алынып, ұжымның мақтанышына айналды.


Киевтік клубтың қатарында доп тебу кез келген футболшы үшін үлкен сынақ, үлкен жауапкершілік саналды. Украин футболының көшбасшы командасы тек жеңіс үшін бәсекеге түсетін. Қызуқанды, талғампаз жанкүйерлері сүйікті ұжымынан тек қана жоғары деңгейлі өнер мен жағымды нәтиже күтетін. Сондықтан да оның сапында ойнау бақытына ие болғандар барын сала қимылдайтын. Валерий де осынау ауыр сынақты қабылдады. Бірақ ол өзгелерге қарағанда жанкүйерлер жүрегін тез жаулап алды. «Динамоның» қатысуымен өтетін матчқа бет алатын халық Лобановскийдің кезекті кереметтерін көруге асығатын еді. Оның әдемі дриблингтері мен қарсылас ойыншыларды бір-бірімен сапырылыстыра шатастыратын әдіс-тәсілі және ең кереметі — бұрыштама добын беру мәнері жұртты таңдай қаққызатын. Лобановский бұрыштама добын тебуге дайындала бастағанда-ақ жанкүйерлер ғажап көріністің куәсі болатындарына кәміл сенетін. Иә, расында да Валераның орындауындағы бұрыштама добы матчты тамашалаған елді желпінтіп, ризашылық сезімге бөлесе, қақпа қорғаған қарсыластарының үрейін ұшыратын. Әуелеп көтерілген доп қақпаға жақындағанда кенеттен бағытын өзгеріп, қонуға бекінген бүркітше төмен құлдырап, нысананың не бергі бұрышынан, не арғы бұрышынан табылатын. Көбінесе әріптесінің әдемі пасын Олег Базилевич ұтымды пайдалана білетін. 1961 жылы КСРО футболының тарихында алғаш рет киевтік «Динамо» ел чемпионы атанды. Бұған дейінгі біріншіліктердің бәрінде мәскеулік клубтар топ жарып жүретін. Осылайша Лобановский әріптестерімен бірге сең боп қатқан дәстүрді бұзды.
Лобановский футболшы ретінде КСРО чемпионатында 253 матч өткізіп, 71 гол соққан. Ол әрбір кездері Киевтің «Динамо», Одессаның «Черноморец» және Донецкінің «Шахтер» клубтарының намысын қорғады. Екі рет үздік 33 футболшының қатарына енді. Ұлттық құраманың сапында доп тепті.
Әйтсе де Лобановский төрткүл әлемге футболшыдан гөрі, бапкер ретінде кең танылды. 29 жасынан бастап ұстаздық жолын таңдаған ол ең алғаш бірінші лигадағы «Днепрдің» тізгінін ұстады. Оның жаттықтыруындағы днепропетровскілік ұжым келесі маусымда-ақ жоғары топқа өтті және баршаны таңғалдырып, алтыншы орынға қол жеткізді. Жас бапкердің аяқ алысына тәнті болған Киев «Динамосының» басшылығы оны өздеріне шақырды. Отыздан жаңа асқан жігітке Украинаның, тіпті Одақтың маңдайалды командасын жаттықтыру міндеті жүктелді. Оның аса жауапты іс екенін жете түсінген Лобановский бұл кезде Донецкінің «Шахтерінде» қызмет етіп жүрген ескі досы Базилевичті бірлесе жұмыс істеуге келістірді. Табыс көп күттірмей келді. Осы жылдары Лобановский-Базилевич жұбының арқасында тұтас кеңес футболы жаңаша бағытта дамыды деуге де болатын еді.
1975 жылы Киевтің «Динамосы» КСРО клубтарының арасында бірінші болып, аса беделді еуропалық турнир — Кубок иегерлерінің кубогын жеңіп алды. Іле-шала қос кездесуде де мюнхендік «Бавариядан» басым түсіп, суперкубокқа да ие болды. Сол жылы Спорттық БАҚ-тардың халықаралық ассоциациясы «Динамоны» әлемнің үздік командасы деп таныды.
Тасы өрге домалаған бапкерге бірнеше жылдар өткесін КСРО құрамасын жаттықтыру міндеті сеніп тапсырылды. Лобановский тағы да биіктен көрініп, жаңаша дайындық тәсілімен әлем назарын өзіне аудартты. Кезінде мектепті күміс медальмен тәмамдап, Политехникалық институтты да жақсы көрсеткіштермен аяқтаған ол білімге сүйенгенді сүйетін. Әрбір ойынға жеке-жеке әдіс-айламен келетін бапкердің дәптері кез келген маман түсіне бермейтін жазу-сызуға толы болатын. Әрбір ойыншының орналасу тәртібі мен қозғалыс аймағын бүге-шігесіне дейін есептеп, кестелейтін. Тіпті кейбір шәкірттері жаттығуға өз қалаулары бойынша дәптер әкеліп, конспект жазып та жүргендігі бүгінде күлкілі көрінері сөзсіз.
Футболда да көре алмайтын күншілдер мен «тырнақ астынан кір іздейтін» міншілдер жетіп-артылады. Лобановскийге де күйе жағушылар табылды. Олардың пікірінше, Лобановский өзінің жалғыз аяқ сүрлеуімен жүре бермей, өзге бапкерлер сияқты бұрыннан қалыптасқан жүйемен жұмыс істеуі керек немесе өз еркімен ұлттық құраманы жаттықтырудан бас тартуы қажет. Кейінірек Лобановский осындай арызқойлардың кесірінен қызметінен шеттетілді де. Бірақ көп уақыт өтпей жатып-ақ ол құрама тізгінін қайта қолына алды. Өйткені оның көмегінсіз КСРО құрамасы тіптен тұралап қалған еді. Білікті бапкердің жұмысы өзге отандастарына қарағанда әлдеқайда жемісті екендігін жақсы түсінген футбол басшылары өздері жіберіп алған қателікті дер кезінде түзеген еді.
Лобановскийді әлем жұртшылығы таныды деп айттық. Италияда оны «полковник» деп әспеттесе, Германияда ол тіпті «генерал» деген теңеуге ие болды. Лобановский жаттықтыратын КСРО құрамасы 1988 жылы Голландияда өткен Еуропа біріншілігінің жартылай финалында Италияны айқын жеңгені белгілі. Осы кездесуден кейін италиялық Энцо Беарзот, кеңестік команданың ойын тактикасына қатты таңғалғанын жасырмады. «Қарсыластарымыз сағатына жүз шақырымды еңсеретін жылдамдықпен ойнағандай әсер қалдырды. Біз бұрын-соңды дәл мұндай прессингті кездестірмеген едік» деп ағынан жарылды. Бұл да әйгілі футболшының бапкер Лобановскийге деген жылы пікірі екені анық.

Біраз жыл Валерий Лобановский Таяу Шығыста жұмыс жасады. Ол алдымен Біріккен Араб Әмірліктері, кейіннен Кувейт құрамаларын жаттықтырды. Оның тәлімін алған Кувейт құрамасы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды. Бұған дейін бұл елдің футболшылары соншама биік асуды бағындырып көрмеген болатын.

1996 жылы ол Таяу Шығыстан елге оралды және өзінің сүйікті командасы «Динамоны» қайта жаттықтырды. Ұлы бапкер өмірінің соңғы жылдарын Отанына арнап, украин халқының абыройын асқақтата білді. Киевтің «Динамосы» әлемнің үздік командаларының қатарына қосылды. 1999-2000 жылғы футбол маусымының қарсаңында еуропалық рейтингтің екінші жүздігінен орын тепкен оның динамошылары маусымды бесінші орынмен қорытындылады. Олардың алдына тек италиялық «Лацио», германиялық «Бавария», ағылшындық «Манчестер Юнайтед» және испаниялық «Барселона» сынды алпауыттар ғана шықты.
Лобановскийдің жаттықтыруымен киевтік «Динамо» сегіз рет КСРО чемпионы атаныпты. Бұл — сөз жоқ, үлкен, адам сенгісіз жетістік. Сондай-ақ динамошылар оның көмегімен Одақ чемпионатының төрт дүркін күміс, екі дүркін қола жүлдегерлері болып танылды. Ол КСРО құрамасымен Еуропа чемпионатының (1988) күміс жүлдесін және 1976 жылғы Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды. 2002 жылы КСРО және Украина футболының дамуына өлшеусіз үлес қосқан даңқты бапкер дүниеден озды.

«Айқын»

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.