ALADOP.KZ
Басты ақпарат Сараптама

«АҚТӨБЕ» ФК САМАТ СМАҚОВТЫҢ ҚОЛЫНА ӨТТІ

Танымал футболшы Самат Смақов «Ақтөбе» футбол клубын 7 жылға сенімгерлік басқаруға алды. Бұған дейін команданың бас директоры қызметін атқарған ол бәссаудаға қатысып, жеңіске жетті. Самат «Ақтөбе» сапында 3 мәрте Қазақстан чемпионатында топ жарып, ел кубогының иегері атанды. Осы клубта алты жыл тер төккен футболшыны жергілікті жанкүйерлер де ерекше құрмет тұтады. «Ақтөбенің» құны 108 миллион теңге. Смақов бәссаудада алғашқы 15 миллионын төлегенін айтады. «Футболдағы 21 жылға созылған спорттық ғұмырымда табыс та таптым. Енді алдағы жеті жылда клубтың құнын толық төлеу керекпін» дейді Самат.

Самат Смақов, «Ақтөбе» ФК бас директоры

 Бұл клуб мен үшін ыстық. Сондықтан, жабылуына жол бере алмаймын. Бұл клубтың тарихы тереңде жатыр. Біздің маркетинг қызметіміз демеушілермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Көптеген компаниялар өз көмегін көрсетуге әзір.

Смақовтың бұл ісі қалтасы қалың талай жұртқа үлгі. Себебі ойыншы ретінде бағын ашқан, бағалаған командасын қиын жағдайда иелігіне алды. Еліміздің бес дүркін чемпионы атанған клубтың бұрынғы футболшыларға қарызы да бар. «Ақтөбе» ойыншылардың жалақысын уақытында қайтармағандықтан биылғы премьер-лиганы минут алты ұпаймен бастады. Егер ол ұпайлар болғанда «Ақтөбе» келер жылғы Еуропа лигасына жолдама алар еді. Смақов кезінде өзімімен бірге доп тепкен футболшылардың қарызын екі жыл ішінде төлеуге келісіпті.

Роналдо

Әлемде Самат Смақов секілді кәсіби клубтың қожайыны атанған футболшылар көп. Мысалы, атақты Бразилиялық футболшы Роналдо Испанияның «Вальядолид» клубын сатып алды. Жасыл алаңда «қасқа тіс» лақап атымен танылған теңдессіз ойыншы басқарушы қызметте жүр. Роналдо команданың 51 пайыз акциясын 30 миллион еуроға алғаны белгілі. Ол клубтың директорлар кеңесінің төрағасы атанды. «Вальядолид» Испанияның Ли лигасына биыл шықты. 90 жылдық тарихында клуб ешқандай жетістікке жеткен емес.

Бекхэм

Жасыл алаңдағы қарым-қабілетін басқарушы қызметке бұрғандардың бірі – Дэвид Бекхэм. Атақты ағылшын футболшысы АҚШ-та «Интер Майами» клубын құрды. Бекхэм жаңа команданы жасақтауға 300 миллион доллар жұмсады. «Интер Майами» АҚШ-тың басты лигасында 2020-шы жылы ойнауға рұқсат алды.

«Миланның» атақты ойыншылары Паоло Мальдини мен Кларенс Зеедорф та жасыл алаңдағы мансаптары аяқталған соң кәсіби командаларға иелік етті. Мальдини Италиялық кәсіпкермен «Майами» клубын құрып, АҚШ-тың екінші лигасына қосты. Ал, Зеедорф Италияның үшінші лигасында ойнайтын «Монца» клубын сатып алды. Бірақ 2013-ші жылы команданы қайтадан басқа біреуге сатып жіберді. Болгариялық Христо Стоичков Софиялық ЦСКА клубының 20 пайыз акциясына иелік етеді. Қазіргі футболшылардан қақпашы Джанлуиджи Буффонда да жеке клуб бар. Ол Италияның үшінші лигасындағы «Каррарезе» командасын сатып алған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*