ALADOP.KZ
Қазақстан Үздіктер

«Қайраттың» бұрынғы футболшысы «Барса Ласса» сапында гол соқты

 Жо-жо-жоқ! Үлкен футболмен шатастырмаңыздар! Алматының «Қайрат» футзал клубы сапында 3 маусым өнер көрсетіп, УЕФА кубогінің жеңімпазы атанған Лео Сантана «Барса Лассаның» маңызды ойындағы жеңісіне елеулі үлес қосты.

  Футзалдан Испания премьер-лигасының 29 турында «Барса Ласса» сырт алаңда «Интер Мовистарды» 1-2 етіп ұтып, біріншілік аяқталар тұста маңызды жеңіске қол жеткізген-ді. Қызу тартысқа толы өткен ойында қазақстандық футзал жанкүйерлеріне жақсы таныс Лео Сантана 17 минутта «Барсаны» есепте алға шығарды. Сыралғы қорғаушы сол қапталда қақпашыдан пас алып, қарсылас қақпашысымен қоса 4 ойыншыдан айласын асырып, допты бос қақпаға сүңгіте салды. Одан бөлек, 31 жастағы қорғаушы сәт сайын қарсылас қақпасына тепкен қауіпті соққыларымен есте қалды.

Айта кетейік;

  • Лео «Қайрат» сапында 2010-2013 жылдары тер төгіп, 2017 жылды Ресейдің «Сибиряк» командасы сапында өткізген. Қорғаушы болғанына қарамастан 2016-17 жылғы маусымда «Сибиряк» жейдесінде өткізген 36 ойында 33 доп соққан.
  • «Қайрат» 2012-2013 жылғы маусымда УЕФА кубогінде топ жарғанда финалда қазір өзі тер төгіп жүрген «Барса Лассадан» басым түскен. Бұл турнир биылдан бастап футзалдан «Чемпиондар лигасы» деп аталады.
  • Енді маусымның 26 күні Лео өзінің экс-командасына қарсы ойнамақ.

Естеріңізге сала кетейік, маусымның 26-28 күндері футзалдан Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі Алматыда өтеді. Ақтық кездесу үшін «Қайрат» — «Барса Лаасамен», «Спортинг» — «Интер Мовистармен» күш сынасады.

Шамкен БАЙЫРБЕК. 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*