ALADOP.KZ
Еурокубок Әлем футболы

Александр Хацкевич: «Бірінші кезекте мақсат топтан шығу»

Бүгін Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Динамо» (Киев) пен«Астана» кездеседі. Кеше осы ойынның алдында бас бапкерлердің қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті. Украина командасының бас бапкері Александр Хацкевич өз кезегінде бірінші кезекте топтан шығуды мақсат етіп отырғанын айтты.

– «Астана» – Қазақстан футболының флагманы, ойыншылардың көбісі бірнеше фронтта ойнайды. Клубтан бөлек, құрама бар. «Астана» футболшыларының шаршаңқы болуы сіз үшін қаншалықты көмек?

– «Астана» –  тәжірибелі команда. Футболшылардың әр түрлі турнирде ойнауы, олардың кәсіби міндеті. Жоғары деңгейлі ойыншы аптасына 2 матчқа қатысуды үйренуі тиіс. Сондықтан бұл жағы шешуші фактор болады деп ойламаймын. Чемпионаттағы соңғы ойында клуб сапында өзгерістер орын алды. Олардың Еуропа лигасына тыңғылықты дайындалып жатқаны бірден білінді. «Астана» соңғы 4 жыл бойы еурокубоктың топтық кезеңінде ойнап жүр. Жыл сайын өз біріншіліктерінде бірінші орынды ешкімге бермей жүр.

– Сіз Иван Маевскийді жақсы білесіз. Оның ойынына баға берсеңіз. Сосын қарсылас команда тарапынан кімдерді атап өте аласыз?

– Иван Маевскийді Беларусь құрамасында бас бапкер болған кезден білемін, ол өз еңбегімен негізгі құрамда ойнауға лайықты футболшы. Клубта да, құрамада да өз орны бар. Ал кім қауіп тудыруы мүмкін дегенге келсек, «Астананы» шабуыл шебіндегі үш ойыншысын айтар едім. Бірақ барлығы өзімізге байланысты.

– «Астананы» негізінен украиналық бапкер Роман Григорчук жаттықтырады. Қазіргі кезде бұл команданы Григорчуктің футболын ойнап жүр деп айта аласыз ба?

– Григорчук бірінші кезекте команда шабуылдаушы футболға үйреткен. Қазіргі кезде «Астана» ұйымдасқан әрі қарымта шабуылға жылдам шығатын ойын көрсетіп жүр. Бұл еурокубок оның жөні бөлек. Ал чемпионатта «Астана» допқа көбірек иелік етіп, жиі шабуылдайды.

– Соңғы жылдары «Динамо» еурокубокта жарқырап көзге түсе алмай жүр. Енді, Еуропа лигасының биылғы маусымында қандай мақсат қойып отырсыздар?

– Бірінші кезекте тапсырма – топтан шығу. «Динамо» секілді клубта басқа мақсат болмайды. Бәлкім, Еуропа лигасы – біз үшін ең тиімді турнир болуы мүмкін. Бізде қайтақұрылым жүріп жатыр. Академияда жас түлектер өте көп. Сондықтан соңғы жылдары Еуропада көзге түсе алмай жүрміз. Бірақ соған қарамастан бірінші кезекте тапсырма топтан шығу.

– Гармаш пен Бесединнің жағдайы не болып жатыр. Олар алаңға шығуы мүмкін бе?

– Гармаш өзінің тәжірибесінің арқасында жастарға үлгі болуы тиіс. Ол оны жақсы түсінеді. Бастысы, бапкерлер штабының тапсырмасын алаңда жүзеге асыруы тиіс. Бізде ешқандай конфликт жоқ, алайда қойылатын міндет бар. Егер кімде-кім біздің тапсырманы жүзеге асырмаса, алаңға шықпайды. Ал ертеңгі ойынға келетін болсақ, Денис басқалары секілді матчқа дайындалып жатыр. Алаңға шығу шықпау жағын біз шешеміз. Артем Бесединге келетін болсақ, оның жарақаттан айығуы ұзаққа созылып жатыр. Алаңда ойнауына әлі кемі бір апта керек. Сосын дәрігер жалпы топпен бірге жаттығуға бола ма жоқ па айтады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*