ALADOP.KZ
Басты ақпарат Шолу

Аргентина Мессиді неге құрметтемейді?

«Барселона» футбол клубы демеушісінің жарнамасы үшін аяқдопшылар өздері ойнаған алғашқы жасыл алаңды естеріне түсірді. Пике Ла Масиядағы тұрақтын суретін ұстаса, Ракитич Мелиндағы керемет швейцариялық алаң суретін, Тер Штеген немістің екі қабатты үйлерімен қоршалған әдемі алаңдағы суретін көрсетті. Ал атақты Мессидің қолындағы суретте Аргентина туы мен жасыл шөбі жоқ алаң бейнеленген.

«Мен алғаш осы алаңға үш жасымда келдім, — Лео «Грандоли» балалар комадасында бес жасынан ойнаған, оған дейін үлкен ағаларының дайындық жаттығуларын тамашалауға келген. — Өздеріңіз көріп тұрғандай, алаң лас, тастары бар және ешқандай шөбі жоқ. Ақыл айтқым келмейді. Бірақ, мен сіздерге футболдан рақат алуды, жеңісті де, жеңілуді де мойындай білуді тілеймін».

2018 жылдың қараша айында журналист Гильем Балаге Месси туралы жазады: «Англиядағы жанкүйерлер Лео Стоктың суық жаңбырлы кешінде осылай(Ла Лигадағыдай) жақсы ойнай алмас еді» деген сөзіне: «Мен Росариода ойнаған алаңды олар көрмеген. Мен тіпті сол жерде де жақсы ойнағам», — деп жауап береді.

Росарио — көлемі бойынша Аргентинадағы үшінші қала, елдің аграрлы орталығы. Осы қалада тарихқа әсер еткен екі адам дүниеге келген — Че Гевара мен Месси. Қалаға кірген кезде «Росарио Сентраль» деген  сары-көк түспен боялған граффити көргенмен, «Осы жерде Месси туылды, біз оны жақсы көреміз» деген сынды жазуларды байқамайсыз.

«Росарионың әр бұрышынан футболдың исі аңқығанмен, Мессидің суретін немесе ол түскен жарнамаларды көру қиынға соғады», -дейді Балаге Мессидің өмірбаянында. Роналдудың Мадейрада әуежайы, Пеленің Сантоста мұражайы бар. Мессидің туған қаласында не мұражайы, не көрмесі жоқ. Тек, граффити. Аргентиналықтар өз қаласында Мессиге табынушылықтың жоқтығына төрт себеп бар дейді: біріншіден, олар бразилиялықтар секілді эмоцияның адамы емес, сезімдерін іштерінде ұстайды. Екіншіден, қаладағы ең басты ұран — «Росарио Сентраль» мен «Ньюэллс Олд Бойз». Үшіншіден, Месси әлем кубогына ие бола алмады және Аргентина чемпионатында ешқашан ойнамады. Төртіншіден, Лео өте қарапайым адам. Футболдағы мансабы аяқталғаннан кейін ғана мадақтауға болады.

Ырысты Қадірбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*