ALADOP.KZ
Қазақстан Ұлттар Лигасы Ұлттық құрама

«Ұлттар лигасы»: Қазақстан жеңіліспен бастады

Қазақстан құрамасы «Астана Аренада» өткен «Ұлттар лигасының» D девизионындағы бірінші  ойында Грузия футболшыларынан  0-2 есебімен  ұтылып қалды.

Төреші ысқырығы шалынысымен Қазақстан құрамасы шабуылға лап қойған-ды. Алайда, Владимир Вайсс шәкірттері сауатты қорғанып, басымдықты өз қолдарына ала бастады. Бірінші таймда екі командада да есеп ашатын тамаша мүмкіндік болды. Матчтың 26 минутында Дмитрий Шомко допты қақпа сызығынан алып шықса, 32 минутта Георгий Наваловский  де қақпаға еніп бара жатқан допқа тосқауыл болып, есеп өзгеріссіз қалған.

Екінші таймды да біздің жігіттер қарқынды бастады. Екпінді шабуылдардың бірінде Алексей Щеткин есеп ашатын мүмкіндікті пайдалана алған жоқ. Ал Ұлттар Лигасының тарихындағы алғашқы голды 69 минутта грузиялық шабуылшы Георги Чакветадзе соқты. Бельгияның «Гент» клубында тер төгетін шабуылшының тепкен жойқын соққысы қақпа торында тулады. Осылайша, Георги ұлттық құрамасы сапындағы екінші ойында екінші голын соғып отыр. Осындан кейін Грузия құрамасына ойынның тағдырын түбегейлі шешу үшін көп уақыт та кеткен жоқ. Ойынның 74 минутында қарымта шабуыл ұйымдастырған грузиндер Сергей Малыйдың автоголының арқасында матчқа нүкте қойды. Қазақстан құрамасы ойынның соңына дейін шабуылдап баққанымен Гиорги Лория қорғаған қақпадан саңылау таба алмады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл Станимир Стойловтың Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде өткізген алғашқы ресми матчы болатын.

Одан бөлек, «Астана Аренаға» бүгінгі ойынды тамашалауға 28 736 жанкүйер келді.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*