ALADOP.KZ
3-тайм

Бүгін — Қазақстан футболы күні!

5

Футбол — Қазақстанда ең танымал спорт түрлерінің бірі. 1994 жылы Қазақстан FIFA-ның толыққанды мүшесі атанды. 2002 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан UEFA-ның 52-ші мүшесі болып қабылданды. Қазақстан футбол федерациясын Еуропа футбол қауымдастықтары одағы құрамына қабылдау туралы шешім Стокгольмде өткен УЕФА конгресінде бекітілген. Содан бері бұл күн Қазақстан футболы күні ретінде аталып өтіледі.

Қазақстан футбол Отаны – Семей өңірі. Бұл қалада 1913 ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» және «Ярыш» атты алғашқы қазақстандық командалар пайда болған.  Кейбір деректерде футбол ойынын Орталық Азия мен Сібір бойынша ірі сауда орталықтарының бірі саналған Семей қаласына ағылшын саудагерлері алып келгені айтылады.

Кезінде «Ярыш» футбол клубының сапында қазақ атын әлемге «Абай жолы» роман-эпопеясымен танытқан әдебиет алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезов өнер көрсеткен. Жас Мұхтармен бірге жасыл алаңға шыққан отандық футболдың қарлығаштары Ахметсәлім Кәрімов (капитан), Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин секілді жеткіншектер біздің елде бұл спорт түрінің кең таралуына жол ашты. Семейлік футбол жылнамашысы Евгений Один тапқан деректерге сүйенер болсақ «Ярыш» халықаралық бәсекеге қатысқан алғашқы команда болып есептеледі. Әңгіме «Ярыштың» Семей қаласындағы Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарынан жасақталған командаға қарсы өткізген кездесулеріне қатысты. Әскери тұтқындар арасында біздің командаға қарсы 1912 жылғы Олимпиада ойындарының екі қатысушысы өнер көрсеткен. Қазақстандық футболдың қарлығаштары алғашқы ойындарын Қазан төңкерісіне дейін күз сайын өткізілетін атақты Семей жәрмеңкесі өтетін алаңқайда өткізіп келді.

Aladop.kz сайты Қазақстан футбол федерациясын, футбол ардагерлерін және де еліміздің барлық футбол жанкүйерлерді құттықтайды! 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*